Жұмысшы мамандықтар форумы

Астанада «Жұмысшы мамандықтар: сын-қатерлер мен даму жолдары» форумы өтті. Аталған форумды Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасы Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ұйымдастырды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Іс-шара кәсіби-техникалық кадрларды даярлау мәселелері бойынша бизнес, мемлекеттік органдар және білім беру ұйымдары арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтуға бағытталды.
Форумға 60-тан астам кәсіпкер, 20 колледждің өкілдері, салалық мемлекеттік құрылымдар мен білім беру саласының сарапшылары қатысты. Басқосудың басты мақсаты – жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру, дуалды оқытуды дамыту және оқу орындары мен жұмыс берушілер арасындағы тиімді әріптестікті қалыптастыру.
Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы Жеңіс Тайшытаев форумның ашылуында сөйлеген сөзінде елордада жұмысшы кәсіптерді насихаттау бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.
«Атамекен» ҰКП Адами капиталды дамыту департаменті директорының орынбасары Ляззат Шонаева дуалды оқыту жүйесінің маңыздылығын атап өтіп, қазіргі таңда көптеген кәсіпорындар студенттерге өндірістік тәжірибеден өтуге мүмкіндік беріп отырғанын жеткізді. Бұл олардың нақты кәсіби дағдыларды меңгеруіне және еңбек нарығына бейімделуіне жағдай жасайды.