Басты ақпаратЕлорда тынысы

Астана бюджеті 98 миллиард теңгеге ұлғайды

Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында ел астанасының дамуына қатысты бірқатар маңызды мәселе қаралды. Астананың 2025 жылға арналған бюджетіне өзгерістер енгізілді және атаусыз көшелердің біріне тарихи тұлғаның атын беру туралы ұсыныс бірауыздан мақұлданды.

Алдымен Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп Астанадағы атаусыз көшелердің біріне армян әліпбиінің негізін қалаушы, ағартушы, тарихи тұлға Месроп Маштоцтың атын беру туралы ұсыныс жасады.

«Бұл – Мемлекет басшысының былтырғы Армения Республикасына сапары аясында Ереван қаласындағы сая­баққа Абай Құнанбайұлының атын беру туралы және Астана көшелерінің біріне армян әліпбиінің негізін салушы Месроп Маштоцтың атын беру туралы уағдаластық негізінде туған бастама» деп түсіндірді ол.

Кеңес мүшелері ұсынысты бірауыз­дан қолдады. Жаңа атау «Астана ­Арена» мен «Сарыарқа» велотрегі арасындағы көшеге беріледі.

Қалалық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Айжан Түгелбаева Астана қаласының 2025-2027 жылдарға арналған бюджетіне енгізілетін өзгерістер бойынша баяндама жасады. Оның айтуынша, бюджет шығындарының көбеюіне экономиканың өсуі мен салық түсімдерінің артуы себеп болған. Соның нәтижесінде елорда бюджеті 98 миллиард теңгеге көбейіп, оның 80 миллиарды салықтан түсетін табыстар арқылы қамтамасыз етілмек.

Бюджеттегі қосымша қаражаттың басым бөлігі инфрақұрылымға бағытталады. Атап айтқанда, 67 миллиард теңге (немесе барлық қаржының 68 пайызы) жылу және электр желілерін жаңарту, су тарту, кәріз жүйелерін салу, жол және көлік жобаларын іске асыруға жұмсалады. Мәселен, Н.Тілендиев пен Ш.Бейсекова көшелерінің қиылысында көлік айырығы салынады, қала шетіндегі жаңа тұрғын үй алаптарында жолдар мен инженерлік желілер тартылады, жаңа мектептер мен олардың қосымша ғимараттары салынып, 7200 оқушыға арналған орын пайда болады және оқушылар сарайының құрылысы қолға алынады.

Өндіріс тұрғын алабында су және кәріз жүйелері жүргізіледі, Үркер ауданында инфрақұрылым жаңартылады. Электрмен жабдықтау бойынша «Арай» қосалқы станциясы іске қосылып, Тұран даңғылының оңтүстігіндегі жаңа құрылыстар тұрақты жарықпен қамтылады.

Айта кетейік, әлеуметтік сала да назардан тыс қалмайды. Әлеуметтік бағыттарға қосымша 21 миллиард теңге бөлінеді. Бұл қаржы әлеуметтік көмектерді төлеуге, ауруханаларға заманауи диагностикалық құрал-жабдықтар алуға, мұғалімдердің жалақысын төлеуге, білім нысандарын жөндеуге және спорт мектептерін қаржыландыруға жұмсалады.

Денсаулық сақтау саласына келсек, биыл 3 денсаулық сақтау мекемесі, 6 мектеп және 5 балабақша күрделі жөндеуден өтеді. Аулалар мен қоғамдық кеңістіктер жаңарады. Ал абаттандыру жұмыстарына қосымша 11 ­миллиард теңге бөлінді.

Мемлекеттік қаржымен қатар, жеке инвесторлар да елорданың ­дамуына үлес қосуда. Тек 2025 жылдың алғашқы төрт айында ғана кәсіпкерлер 508 миллиард теңге инвестиция құйған. Бұл өткен жылдың осы ­кезеңімен салыстырғанда 35 пайыз­ға көп.

Қорыта айтқанда, Астана бюджетінің ұлғаюы – қаланың дамуына серпін беретін маңызды қадам. Қаржының нақты жобаларға бағытталуы қала тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға әсер ететіні сөзсіз.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button