Бала тәрбиесі – ұлт тәрбиесі

Қазақта «Ана сүтімен, ана әлдиімен» деген мақал бар. Түріктер оны «Сүті қандай болса, қаймағы сондай» дейді.
Егер «Бір жылдықты ойласаң, егін ек, жүзжылдықты ойласаң, ағаш отырғыз, мәңгілікті ойласаң, бала тәрбиеле».
Өмірді күрес десек, күрестің бір ғана жеңімпазы бар, ол – бала тағдыры, тәрбиесі, денсаулығы мен бақыты. Егер балаңа дұрыс тәрбие берем десең, мына төрт нәрсеге көңіл бөлу көптік етпес. Көз – көзбен түйіс, түйсік – түйсікпен түсіне біл.
Көңіл – баланың әр ісіне, әрекетіне көңіл бөл. Тәртіп – әке-ана сөзі бір жерден шығу, әкені жоғары қою керек.
Баланы жеті жасқа дейін ханыңдай, ешнәрседен бетін қайтармай еркелетіп тәрбиелейсің.
Келесі жетіде ол сенің оқушың: үйретесің, оқытасың, кейде дауыс та көтересің.
Келесі жетіде ол сенің досың: ақыл бересің, келешегі жайында ақылдасасың (жоғары оқу орны, жар таңдау т.б).
Ал келесі жетіде (28-де) балаң осы өмір жолының баршасының бағыт-бағдарын өзі қайталайды. Сөйтіп өмір кезегінен өте береді ғой.
Тәрбиенің нәтижесі алдыңнан шықса, қандай бақыт.
Қытайда бала тәрбиесіне аса зор көңіл бөлген әке баласы 7 жасқа келісімен 80 жерге қоныс аударған екен. Неге?
Қай жерде бала тәрбиесі жақсы жолға қойылған, оқу орындарынан халқынан, көше тәрбиесінен қандай үлгі аларлық жай бар. Соны іздеген орта әсері деген осы емес пе?
«Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген нақыл сөз отбасы тәрбиесінің маңызын айқындап тұрған жоқ па? Қазақ баласын үш сөзбен тәрбиелеген: Ұят болады, жаман болады, обал болады.
Өлімнен ұят күшті, жақсы сөз – жан азығы, әр нәрсенің сұрауы бар деп айтады ғой.
Бұл күнде қалталы отбасының бала тәрбиесі өзгеріп кеткен бе деп қаласың, әлде бәсеке ме деп те ойлайсың.
Баласын шектен тыс үйірмелерге беріп, атын шығаруға тырысады, жүктеме өте көп болып баласын ауруханадан бір-ақ шығарады, әсіресе бірнеше сынып үшін. Бұл қандай тәрбиенің нәтижесі екенін өздері де түсінбейтіндер баршылық.
Немереге атасының тізесі – алтын тағы деген де сөз бар. Жастайынан Ұлы Абайды тәрбиелеген Зере әжесі болса, Димашты әлемге танытқан әншілігімен, әртістігімен қоса, бойындағы тұнып тұрған рухани байлығы, мәдениеті, әдептілігі, кішіпейілділігі әжесінің берген қазынасы емес пе?
Алыстан қозғайық, жақыннан айтайық, тәрбиенің нәтижесін көріп, болашағымызға сеніммен қарайық.
Бұл күнде еліктеушілік, неше түрлі техникалық құралдар, теледидардан көрсетілетін небір жексұрын фильмдер көбейді. Балаларымыз керегін ғана алса екен дейміз.
Кімнің баласысың дегенде, «Еее… асылдың сынығы екенсің» деген сөзді естіген адамның қандай сезімде болатынын айтпай-ақ түсінікті емес пе? Балауса балғын шыбықты, тәрбиелеп, түзу де, зәулім бәйтерек етіп өсіруге болатын сияқты жас баланың да кейбір мінездерін түзетіп, азамат тәрбиелеп шығару – ата-ананың да, ортаның да, оқу орындарының да міндеті дер едім.
Тек қана қолдан шығып кеткен соң, «өкіндім» демесек болғаны.
Әрине, жастардың бәрін бір жіпке тізуден аулақпын.
Абай атамыз айтқандай, бес нәрседен қашық, бес нәрсеге асық болсын жастарымыз демекпін.
Сөзімді түйіндей келе айтарым: Президентіміз 2022 жылды – «Балалар жылы» деп жариялады ғой. Бүгін балаға мән бермеу – еліңнің ертеңіне теріс қараумен бірдей деді. Бұл сөзге көп мағына сыйып тұр.
Мемлекет тарапынан балалар үшін медициналық көмек, оқу орындары тегін болу керек, үйірмелер қолжетімді болып, балаларды бөліп-жармау керек. Ананың баласы, мынаның баласы дегендей.
Келешекті алға апарушы жастар десек, бір жылды ғана балалар жылы демей, тәрбиені жан-жақты жүйелі түрде берейік. Сонда ғана ұрпағымызға сеніммен қараймыз.
Өзім болсам, барлық саналы ғұмырымды бала тәрбиелеумен өткізген ұстазбын. Бұл күнде шөберелерімнің қандай да болсын жетістіктеріне қуанып, мәз болып, Құдайға шүкір, тәуба деп отырамын.
Қазиза НАУРЫЗБАЕВА,
ардагер-ұстаз