Елордалық театр гастрольдік сапармен Алматыға барады

Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры 2025 жылдың 19-22 маусым күндері аралығында гастрольдік сапармен Алматы қаласында болады. Осы күндері елордалық театр ұжымы алматылық көрермен назарына өз репертуарындағы таңдаулы спектакльдерін ұсынады. Қала тұрғындары М.Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясын, Т.Әбдіктің «Парасат майданы» психологиялық драмасын, П.Бомаршенің «Фигароның үйленуі» музыкалық комедиясын, Г.Бюхнердің «Войцек» драмасын, «Ертегі түннің әуені» классикалық ертегілер жиынтығын, «Кешкі 7» спектакль-концертін тамашалай алады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Қойылымдар Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөсіпіремдер театры мен Мемлекеттік Қуыршақ театры сахналарында өтеді.
Гастрольдік сапар барысында көрермендер театр және кино өнерінің майталмандары – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Бақыт Исабекова, Гүлбаршын Қылышбай, Боранбай Молдабаев, Мейрам Қайсанов, Нұркен Өтеуіл, Қуандық Қыстықбай, Нартай Сауданбекұлы, сондай-ақ «Құрмет» орденінің иегері Майра Омар сынды аға буын өнер иелерімен қатар, Нұрсұлтан Есен, Әнуар Бектас, Ситора Анварова, Сағыныш Нұрхайдарова, Ақжол Мамыр, Аяужан Малғаждарова, Бекарыс Шалқар, Марғұлан Наменов бастаған жас әрі талантты әртістердің де өнерін тамашалай алады.
Гастрольдік сапар — елордалық Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры мен Алматы көрермені арасындағы шығармашылық байланысты одан әрі тереңдететін маңызды мәдени оқиға. Бұл өнер сапары арқылы театр ұлттық сахна өнерінің көркемдік деңгейін, мазмұндық байлығын, актерлік құрамының шеберлігі мен жан-жақтылығын көрсетуге ұмтылады.