Күшейтілген қызмет атқару тәртібіне көшірілді

«Астана» халықаралық экономикалық форумы мен мемлекет басшыларының қатысуымен өтетін «Орталық Азия — Италия» саммиті қарсаңында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқықтық тәртіпті сақтау мақсатында Астана қаласы Полиция департаментінің жеке құрамы күшейтілген қызмет атқару тәртібіне көшірілді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Осы кезеңде қалада полиция жасағының саны арттырылып, Жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары арқылы бақылау күшейтілді.
Қаланың құқықтық тәртібін сақтау үшін қосымша күштер, соның ішінде басқа өңірлерден келген қызметкерлер мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері жұмылдырылды.
Осыған байланысты Астана қаласы Полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаевтың қатысуымен жалпы гарнизондық таратылым өткізілді. Іс-шара барысында жеке құрамның қызметке дайындығы тексерілді.
Барлық қызметкерлерге тәртіп пен талапты қатаң сақтау, азаматтармен сыпайы әрі мұқият қарым-қатынас жасау міндеттелді. Сондай-ақ, құқықбұзушылықтардың алдын алу және болдырмау мақсатында жүргізіліп жатқан профилактикалық іс-шараларға ерекше назар аударылды.
Бұдан бөлек, департамент бастығы қауіпсіздікті күшейту шаралары қала тұрғындары мен қонақтары үшін қолайлы және қауіпсіз жағдай жасауға мүмкіндік беретінін айтып, қызметтік міндеттерге жауапкершілікпен және адал қараудың маңыздылығын атап өтті.