Үлкенін сыйлаған ел едік…

Ұлт әдебі, ұлт тағылымы – үлкен ұғым. Үлкен ұғымды үкілесең, ұтылмайсың. Қазақ әлімсақтан әдепті халық еді, тағылымды халық еді, бұл бүкпесі жоқ анық еді, бүгінгіні қайдам, бұрынғылар оған қанық еді. Оны көкейлеріне түйіп, көңілдеріне қаттап қоятын болған. Ұрпағының да құлағына құйып, санасына сіңіріп отырған. Ізетіңіз бен инабатыңыз, кісілігіңіз бен кішілігіңіз, адам сыйлау қадамдары, тәйтті ұғып, бетімен кетпей, тәк тұруға табан тіреткен, сөйтіп соның ұшқын-ұшқыны бүгінге жеткен. Әдеп, тағылым сақталған жерде әдепсіздіктің шаңы құйынға ұласпаған, әділет табан астында қалмаған. Дәстүрдің ұйтқы мәйегіне айналған. Ғашықтық жыр десек те, «Әдептен озбайын» деп Абай дана әдепті екі сөзбен әспеттеген.
Өркениет жолына түсеміз, әлемдік кеңістікке енеміз, анадан үйренуіміз керек, тағы біреуден үлгі алуға тиістіміз, болсын-болмасын өзгенің қызылына жығылып, жасылына жан қалмай еліктеп жүргенде әлгі халықтық мәйегіміз: «ХХІ ғасырдың кіреберісінде беті ашылған, іркілмей айтуға болатын үлкен бір қасірет болса, ол – «Жаһандану» деп аталатын құбыжықтың» (Ә.Нұрпейісов) құрсауында қалып, ұшқын-ұшқын болып бара жатқан жоқ па деген бір ұры ой ет жүректі шабақтайтыны бар. Себебі әдеп пен тағылым, дәстүрді есті кісіден басқалар естен шығарып, дүрмекке еріп бара жатқандай. Нарық деген болжауы күңгірт тұста, ақша тайталасы біреуді есіртіп, біреуді есеңгіретіп, ұлт ұрпағын рухсыздыққа, шашыраңқылыққа ұрындырмас па екен?
Өйткені ел дегеннен гөрі өзімшілдік бой тіктеп бара жатқандай. Бұл: «Алтын анам Отаным, сенен аяр жаным жоқ, сенен іркер күшім жоқ деп, ер қайратына мін-дағы, өрге бас» (М.Әуезов) ұғымы бұлыңғырлыққа ұрынбас па екен? Отаншылдық ой-сананы екі бүйірден қысқан қымбатшылық ысырып бара жатқан жоқ па? Елдіктің алғашқы жылдарындағы қилы қиындық алқымнан алғанда да, үлкен-кіші айбынды жүріп еді.
Осы арада мына бір ой ұшқынын сабақтай кетсек дейміз. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында алдыңғы толқынның да, оларға ерген кейінгі жастардың да ойлағаны – елдік еді, еңсені тіктеу еді, сол жолда жұдырықтай жұмылу еді. «Үлкен тілек үстіндеміз… Басты мұратымыз – баянды елдік» деп еді кемеңгер Кекілбайұлы «…Қуанайық ағайын! Тәуелсіздіктің бағасын біліп, ардақтайық. Қара жерден де ауыр қасіреттерден кейін келген қасиетті Тәуелсіздігімізге қашанда тәу етейік!» деді қасқиып тұрып заң сардары Сартаев, «Кезінде бидай қуырғандай араластырып жіберген халықтар өз тегін тауып жатыр… Тәңірім табадан сақтасын» десе, сақтандыру саңлағы Мұртаза «…ең бірінші тәубе деріміз де, тәу етеріміз де – Тәуелсіздігіміз!» деді абыз ағамыз Бәйкен Әшімов, «Әрбір жауапты кезеңде дамудың дұрыс шешімін тапсаң, көштің алдында боласың, шешімін таба алмасаң соңында қаласың» деді экономист, академик Сағадиев, «Ұлттық сана-сезімге әлеуметтік, экономикалық жағдайдың жағымсыз ықпалы зор болады. Қазақтың басым көпшілігі кедейшіліктен тәуелсіздікті, еркіндікті жоғары қойды. Екіжүзділік пен жемқорлық – қоғам дерті… Табиғи байлық – байлық емес, басты байлық – рухани байлық» деді ұлт ұлы, аңғарымпаз Айталы.
Иә, ел болу жолындағы табанды тірлікте ұлттың нағыз қайраткерлері: «Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса, халықтық мақсат сонда ғана орындалады» (Ә.Бөкейхан) деп адал қызмет еткені, «көрерміз» деген ниеті қараулардың күн көзі көрінгенде жапалақтай жер соғып қалғаны, қырандай түлеу салтанат құрғаны тарихтан белгілі.
Қайыспаған қайсар қазақ зиялыларының аз-кемін алда атадық. Қызыл империя қанша қысып тұрса да, ол тұстағы жұрттың рухы мықты еді. Әсіресе, сойқан жылдардың қиянатын танып білген ұлт зиялары дараланып-ақ тұратын. Бір-бір етегі шынарлы шың секілді еді. Олардың бабалардан жалғасын тауып бұзылмаған, бүлінбеген, шұбарланбаған тілі таза еді, болмысы бүтін еді, ділі мықты еді, діні көкейінде еді, өзімшілдік түтінінен жан-дүниесі ада еді. «Қалың елім, қазағым…» деген Абай үлгісі, елдік қарсаңында ақталған, «Халыққа қызмет етемін деген кісіге бәрібір: депутат бол, газет шығар, бала оқыт… Кейінгі ұрпақ не алғыс, не қарғыс беретін алдымызда зор шарттар бар» (М.Дулатұлы) деген Алаш арыстары, «Ал қазақ, мешел болып қаламын демесең, тағылымыңды, бесігіңді түзе» (М.Әуезов) деген ұлылар ұғымы саналарында сайрап тұрды. Сол сын сағатта сүріндірмей, қысаңнан биікке алып шықты. Бүгінгідей бұлтағы көп, сылтауы көп уақытқа кезіксе, кім біледі?
Біз ұлт әдебі, ұлт тағылымы дегенде осындай салт-сана қазақты қазақ етіп келе жатқанын аңғарту еді. Әдеп, тағылым деген сөздердің астар-әдібінде, қайталап айтсақ, кісілік, кішілік, ізет, инабат, адами қасиет, үлкенге құрмет, кішіге қамқорлық жатыр. Оны үлкен-кіші деп те бөле алмайсың. Иненің жасуындайдың өзінде терең мағына, тәлім-тәрбие жатады. Несін жасырамыз, қара дүрсіндікпен соның көбінен көз жазып барамыз. Бұл түбі ұлтқа қатер болмай қоймайды.
Біраз жұрт ес жиып жатыр. Сырттан келген әлем-жәлемді електен өткізуде. Бұл арада біз оқшауланып, өркениеттен қағыс жүрейік демейміз. Халықтық қалып бұзылып, кейінгі толқын әдеп, тағылымнан адасып, дүбәра болып, соңы сорлатып жүрмесін дейміз. Алдағы Дулатұлы сөзін дұғадай есте ұстасақ, есе кетпес еді. Алдағы алыптардың сөзінен ел болудың оңай еместігін ұқсақ, ұлт үлгісін қалыпқа келтіруге талпынсақ кеткен есе қайтар еді-ау! Алда аяқты нық басып, бізде де бар дер едік. Е, есе кетіп есеңгіреген кездеріміз аз болмаған еді ғой.
Қазақпен бірге жасасқан әдеп, тағылымның үлкен-кішісі жоқ дедік. Соның кейбіріне тоқталып көрелік. Бала кезімізде, Әйтәйім деген анамыз болды. Ол анамыз жап-жас еді. Зейнехан деген шешеміздің жүзін әжім торлаған, еңсесі түсіңкі кісі еді. Бірақ бұл кісі Әйтәйім анамызды көш жерден көрсе, апа деп бүгіліп жүріп, бүгіліп сәлем береді. Бізге біртүрлі көрінеді. Сөйтсек, алдыңғы анамыздың үйіндегі әкеміздің жолы да, жасы да үлкен екен. Міне, жол сыйлау, міне әдеп, міне тағылым. Одан ол кісілер кем болған жоқ. Аналар өнегесін қазір ел-жұрты аңыз емес, ақиқат деп жаңғыртып келеді.
Сондай бір айта жүрер жайға куә болғанымыз бар. Алда айтқан ұлт зияларымен қанаттас жүрген, қайраткер қазақ, ежелгі әдебиеттен бүгінгі әдебиетке дейін зерделі зерттеу жасаған, көрнекті ғалым Мырзатай аға Жолдасбековтай көне көздің, кейінгіге қалдырған сөзіндей «Күндерімнің куәсі» деген алты кітаптан тұратын шежіре-дүниесінің таныстырылымында әдеп пен тағылым жайы, арғы-бергіні қозғап, тереңнен тамыр тартты. Ағаның алдын қиып өтпейтін салт-санамен ғалым: қаламгер Роза Мұқановаға түйін сөзінде, «Жеңгей, Әкім ағаға (жазушы Тарази) дұғай сәлем айтыңыз!» деді.
Жастар жағы тіксінгендей болды. Жол-жобаға қанықтар бұл ұлт әдебі десті. Ал біреулер анасының қадіріне жетпей жүргенде, ғалым жары Мәрия жеңгейдің анасын Дәу апа деп, алақанда ұстап, өмірден озардағы соңғы тілегін орындап, атажұртына апарып, жер бесікке бөлеуі де, абзал ағаның әдептен аттамағандығын көрсетеді. Бұл да сөз болып па деп қалатындар табылса, біздікі кейінгіге сабақ болар деген ниет қана.
Осы күндері лауазымы барларды алға оздыру әдетке айналып бара жатқандай. Орнынан, яғни қызметінен төмен жылжыса, елене бермейтінін де көріп жүрміз. Шүкір, иманға иілеміз. Бір ойлантатыны, ас беріліп, бата оқылатын жерде молданы төрге отырғызу үрдісі жалғасып келеді. Үлкен кісі болса жөн, уыздай жастардың ақ сақалды қарттардан жоғары отырғаны біртүрлі көрінеді. Әлде солай болу керектігі туралы бәтуа шығарылған ба, болмаса дін ісіне де шенеуніктік «қасиет» қона бастаған ба? Баяғы имамдар төрге үлкендерді оздырып, өздері олардан кейін отыратын. Ол кім болса да үлкенін сыйлаған халқымыздың қадірлі қасиеті еді ғой.
Д.Қонаевтың әкесі, ол кісі дүрілдеп тұрғанда өмірден өткені мәлім. Жерлеп келгеннен кейін жерге жайылған дастарқан басында құран бағыштау рәсіміне қазақтың Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин бастаған тұлғалары қатысады. Димекең келгенде «Жоғары шығыңыз?!» дейді төрде отырғандар.
«Әкеге бала төрде емес, босағада отырып қызмет еткені жөн емес пе ағалар, ыңғайсызданбаңыздар» деп ілтипат танытып, тізе бүгіпті.
Бұл есті сәтті көзімен көрген, соғыс ардагері Құлшыман Мамырұлы айтып еді.
Үлкенді ардақ тұтудың тағы бір өзіміз көрген, содан кейін аяқты тарта басатын сәт еске түсіп отыр. Тараз қаласында оқушылардың білім сайысы өтті. Шер аға, Шерхан Мұртаза да қатысты.
Қорытынды шығар сәтте дөңгеленген үстелде төңіректеп отырғанбыз. «Ұлт баласына түзу көздеріңмен қараңдар» деген Шер аға төрде. Күні кеше арамыздан кеткен абыз, абайтануда «толық адаммен» төңкеріс жасаған Мекемтас аға Мырзахметұлы сәлем бере кірді. Қозғалмадық.
«О, көке, келіңіз!» деп Шер аға орнынан ұшып тұрды. Басында үнсіз қалған біздер жік-жапар болған болдық. Бұл әдепсіздігімізге сол жерде емес, «ақылымыз» кіргенде әттеген-ай дестік.
Әдеп пен тағылымды өзіміз жөнімен атқармай тұрып, сенің мынауың жөнсіз деп кейінгі жасты жазғыру жараса қояр ма екен? «Елдің елдігін сақтайтын – әдебиеті, тарихы, жол-жорасы» деп кеткен екен жасын ақын Мағжан Жұмабаев «Қазақтың дәстүрі тек ата-ананы ғана емес, жалпы адамды сыйлауға баулиды» депті сөз ұстаған Ғабиден Мұстафин.
Сүлеймен МӘМЕТ, жазушы