
«Тұлпарда да тұлпар бар, қазанаты бір бөлек, жігітте де жігіт бар азаматы бір бөлек» депті бұрынғылар. Иә, ел ішінде мұндай азаматтар болған, қазір де бар. Солардың бірі де бірегейі – менің досым, Қарағандының іргесіндегі Сұрыптау бекетіндегі «Ақыт қажы» мешітінің бас имамы Жанарбек Мамбар. Жәкем үнемі жақсылыққа жаршы болып, бірлік пен ынтымақтың туын биікке желбіретіп жүреді. Кеше қымыз тойына барып, соған тағы көз жеткіздім.
Бір ай бұрын досым қымызмұрындық тойына шақыру жіберген еді. Жексенбі күні Сұрыптаудың қонақжай тұрғындарымен бірге құлын байлап, бие сауған жандардың қымызын шөліміз қанғанша ішіп, тамаша той-думанды көзбен көріп, көңілімізді серпілтіп қайттық. Ата-бабаларымыздан келе жатқан ғажайып дәстүрімізді жаңғыртқан Жанарбек имам биыл екінші рет өткізген қымыз ішу тойын жоғары деңгейде өткізді.
Әлихан Бөкейхан ауданындағы Теміржолшылар мәдениет сарайының саябағында еңселі киіз үй тігіліпті. Әсем әуен саябақтың ішін кернеп тұр. Күннің салқын болғанына қарамастан тойға жиылған жұрттың қарасы қалың болды.. «Әдемі-ай» хореографиялық ансамблінің биші қыздары қазақ биімен думанның шымылдығын ашты. Ұлттық киім киген жүргізушілер қымыз тойының басталғанын хабарлап еді, кимешек киген әжелер шашу шашты. Қара домбырасын асынып келген әншілер әуелетіп ән салды. Күйшілер күйін күмбірлетті.
Жарыстың алдында алыс-жақыннан ат арытып келген ақсақалдар, игі жақсылар құттықтау сөз сөйлеп, ізгі дәстүрдің қадір-қасиеті, мәжілістің мәні туралы ой-пайымдарымен бөлісті. Жаһанды жаяу аралаған жиһанкез 75 жастағы Сәрсенбай Қотырашов қымызмұрындық тойының 5 мың жылдық тарихы қазақ жылқыны қолға үйреткен күннен басталғанын айтады. «1917 жылғы Қазақ төңкерісіне дейін тойланып келіп, одан кейін ұмытылып қалды.
Басқа ұлттың мерекесін тойлаймыз, ал өзіміздікін не екенін білмейміз. Жылқыны алғаш қолға үйреткен қазақ екенін, ол Солтүстік Қазақстан жерінде болғанын алғаш академик Зайберт дәлелдеп, дүние жүзін таң қалдырды. Қымыздың 100-ге жуық ауруларға ем-шипа болатынын да ғалымдар дәлелдеді» деді жиһанкез.
Одан әрі «Бал қымыз» сайысы басталды. Алғашқы қымыз сән-салтанатымен ұсынылды. Кімнің сүті қорланып, ашытылған қымызы дәмді екенін әділ қазылар алқасы анықтады. Той-думанға жиылған жұртқа қымыз, бауырсақ таратылды. Малта дайындаған әже ел-жұртқа керемет ұлттық дәмнен ауыз тигізді. Әділ қазылардың ұйғарымымен Мұхамедияровтар әулеті баптаған бал қымыз 1-орынды иеленді. Қымыз тойын ұйымдастырушы Жанарбек досым жүлделі орындарды жеңіп алған жандарға алғыс хаттар мен ақшалай сый-сияпат тапсырды.
Саябақтағы ұлттық ойындар да қымыз тойының көрігін қыздырды. Шымыр жігіттер мен епті балалар асық ойнап, мергендік пен ептіліктен күш сынасты. Садақ тарту сайысы да қызықты, тартысты болды. Құралайды көзге атқан мергендер суырылып алға шықты. Қол күрестіру мен арқан тартыста қай жігіттің білекті әрі жүректі екенін көрдік.
Одан әрі мешіт асханасында күллі түркі әлемінің ұйтқысы бола білген Арғын Мейрам сопы баба рухына Құран бағышталды. Қымыз тойына Көкше елінен арнайы келген белгілі тарихшы Серікбай Жәркешов Мейрам сопы туралы ғибратты да ауқымды әңгіме өрбітті.
Үлкен кісілер мен көрші-көлемдер Жанарбекті, жиылған жұртты қымызмұрындық тойымен құттықтап, жылы лебіздерін жеткізді. Осы жолдардың авторы өзінің «Цифрлық жолайрық», «Түлкілітаудың аспаны» атты кітаптарын қонақтарға мерекелік сыйлық ретінде таратты. Ата дәстүрмен астасқан, бабаларымыз ардақтаған ұлттық сусынымызға деген құрмет осылайша көрініс тапты.
Мешіт жамағатының ғана емес тұтас Сұрыптау бекетінің халқын айналасына топтастырып, берекелі бірлігін арттырған Жанарбек досыма Алланың нұры жаусын деймін! Ал бие байлап, қымыз дайындаған жандарға «Көпке бұйырсын», «Берекесін берсін», «Жылқың көбейсін», «Күбіңе қымыз толсын» деген жақсы тілектерімізді жаудырдық.
Төлен ТІЛЕУБАЙ