Астана өнерпаздары – Степногорскіде

Ұлы ойшыл, дана ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай бір топ елордалық өнерпаздар мен БАҚ өкілдері Степногорск қаласына рухани іс-сапармен барды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Ел руханиятына серпін берген бұл іс-шараны Степногорск қалалық әкімдігі мен қаланың мәдениет, тілдерді дамыту, дене тәрбиесі және спорт бөлімі бірлесе ұйымдастырды. Іс-сапар мақсаты – аталған мерейтойға байланысты шетте туып елге оралған мәдениет-өнер тұлғаларының басын қосып еліміздің шағын қала, аудандарында халыққа Абай әндерінен тегін концерт беру, Абай шығармаларын жұршылыққа таныту, насихаттау, жастардың сөз өнеріне, ұлттық руханиятқа ықыласын арттыру.
Рухани сапарда түске дейін қала кітапханасында әкімдік өкілдері, ардагерлер ұйымының зейнеткерлері, жастармен «Артық білім кітапта…» атты кездесу өтті. Келген қонақтар тарапынан кітапхана қорына ғұлама ойшылға арналған жаңа ғылыми-танымдық еңбектер мен т.б. кітаптар сыйға тартылды. Сонымен қатар академик-дәрігер Толқын Ақанұлының «Қазақтың шипалы емдері», «Қазақ емшілігіндегі тамыр ұстау», «Емшілердің атасы Лұқман Хакім» сынды дәстүрлі медицина саласына арналған еңбектері мен «Алтай жырлары», «Толқын» атты әдеби жинақтарының таныстырылымы өтті. Рухани кеште қаланың дарынды жас ақындары өлең оқып, әншілері ән шашуын арнады. Қаланың ақсақалдары мен ақ жаулықты аналары батасын беріп, келген қонақтардың қадамына сәттілік тіледі.
Түстен кейін Астанадан келген өнер иелерінің қатысуымен «Құлақтан кіріп, бойды алар» атты ерекше музыкалық кеш ұйымдастырылды. Сахна төрінде ҚР Еңбек сіңірген қайраткерлері мен халықаралық байқаулардың жүлдегерлері Абайдың жүрекке жетер әндерін әуелете шырқап, көрермендерге рухани ләззат сыйлады. Атап айтқанда, ҚР Еңбек сіңірген қайраткерлері, «Құрмет» орденінің иегері, белгілі әншілер – Құрманбек Әлімғазы мен оның жары Риза Қайырбайқызы, халықаралық ән байқауларының жеңімпазы, әнші Айнұр Қажымоллақызы, Қытай мемлекетінің ең үздік теле-жүргізуші байқауының жеңімпазы, әнші, қазіргі таңда астаналық өнерпаз Жұлдыз Тайманқызы, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі, Мәдениет салсасының үздігі, суретші, қазақ музыкалық аспаптарын жасау шебері, Қазақ ұлттық өнер университетінің ұстазы әрі дәстүрлі әнші Серікжан Ысқақбек, дәстүрлі әнші, Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен өткен өнер фестивалінің бас жүлдегері, «Ақмола жұлдыздары», «Зеренді даусы» облыстық және аудандық байқауларының лауреаты Берікбол Дүйсенбайұлы және жас әнші Нұржаз Толқынқызы кәсіби орындаушылық шеберлігімен тамсандырып, тыңдармандарын бір сәт Абай әлеміне жетеледі және дана ақынның сырлы әуендері арқылы терең ойға батырды.
Кеш соңында қала әкімінің орынбасары Жанасыл Сабырұлы сөз сөйлеп, өнер иелеріне Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыстады.
-Абай мұрасы – қазақтың ең қасиетті, теңдесі жоқ алтын қазынасы. Жылдар өткен сайын халқымыз ғұлама ақынның рухани дүниесіне терең бойлап, оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түсуде. Абайдың 180 жылдық мерейтойы – тек бір ақынның ғана емес, бүкіл қазақ халқының рухани мұрасын қайта бағалауға берілген мүмкіндік. Бұл – болашаққа бағдар жасап, ұлт ретінде өзімізді тануға бағытталған маңызды уақыт. Осы танымдық іс-сапарға арнайы келген барша елордалық қонақтарға қала жұртшылығы атынан мың алғыс айтамыз, – деді ол.
Абай шығармашылығына арналған рухани кеш пен қатарласа өткен мәдени іс-шаралар қаланың тыныс-тіршілігіне ерекше серпін беріп, көрермен мен қатысушылардың көңілінен орын алды. Іс-сапар барысында қонақтар Степногорск қалалық музейіне барып, өлкенің тарихи-мәдени мұрасымен де танысты.
Райхан Рахметова