«Соңғы аялдама» әлеуметтік трагедиясының премьерасы өтті

Астана қаласы әкімдігінің Жастар театрында «Заң және тәртіп» қағидатын нығайту аясында жазушы Рақымжан Отарбаевтың «Соңғы аялдама» әлеуметтік трагедиясының премьерасы өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Қойылымда бүгінгі қоғамды алаңдатқан өзекті мәселе – есірткіге тәуелділік тақырыбы қозғалады. Әлеуметтік трагедияда көрерменге есірткі зұлматының адамзат баласына төндіретін қауіп-қатері, оның жеке тағдырларға әкелер қайғы-қасіреті көрсетілген.
Спектакльдің қоюшы режиссері Нұрфат Вахитовтың айтуынша, «Соңғы аялдама» – өскелең ұрпақтың бойында әлеуметтік жауапкершілікті қалыптастыруға, адами құндылықтарды дәріптеуге және нашақорлықтың алдын алуға бағытталған қойылым.
«Полиция департаментінен нашақорлықпен күрес туралы қойылым жасай аласыздар ма деген ұсыныс түсті. Олар бізге нашақорлармен болған оқиғаларын айтып берді. Рақымжан Отарбаевтың новелласын жаңартып, тілін заманауи етіп, бүгін сахнаға шығардық. 2 айдан астам уақыт дайындалдық. Қойылымда былтыр ғана университет қабырғасынан ұшып келген жастар ойнайды. Шынайылықтан да алшақтамай, сахна мәдениетін де сақтап, қойылым қоюға тырыстық. Тым жасанды болып кетсе, көрермен сенбейді. Ал нашақорлар көбіне анайы сөйлейді, осының барлығын таразылап ұсыну оңайға соқпады. Біз театрда көбіне драма, комедия сияқты жанрларды қоямыз. Әлеуметтік мәселені сахнаға алып шығудың қиын тұстары көп, бірақ оның берері мол», – деді ол.