Кәсіптік білім ынтымақтастығы

Астана қаласындағы Техникалық колледж қабырғасында «Қазақстандағы техникалық және кәсіптік білім: стандарттардан инновацияларға қарай» атты дөңгелек үстел өтті. Жиын Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ұйымдастырылып, техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы тың бастамалар мен өзекті мәселелерді көтеруге арналды.
Іс-шараға Қазақстан мен Беларусь елдерінің колледж директорлары, білім беру саласының сарапшылары мен мамандары қатысты. Олар қазіргі заман талабына сай кәсіби кадрларды даярлаудағы тәжірибелерімен бөлісіп, халықаралық әріптестікті нығайтудың жолдарын талқылады.
– Биыл Техникалық колледждің ашылғанына 85 жыл толып отыр. Бұл колледж уақыт көшінен қалмай, заманауи талаптарға сай дамып келеді. Қазірде өндірістің бірқатар салаларына қажет лифт және эскалатор электр механигі, кең бейінді станокшы, электр газбен дәнекерлеуші, электр монтері, локоматив машинисінің көмекшісі мамандықтарында студенттерді оқытады. Нарықта сұранысы бар мамандықтардың болуына байланысты жыл сайын мемлекеттік білім беру тапсырысы ұлғайтылып келеді, – деді жиынға қатысқан Астана қаласы Білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Ақмарал Хон.
Дөңгелек үстелдің негізгі тақырыптары техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіру, дуалды оқыту моделін дамыту, WorldSkills чемпионаты стандарттарын оқу процесіне енгізу сынды бағыттарды қамтыды. Жиын соңында елордалық Техникалық колледжі мен Минск мемлекеттік техника және құрылыс технологиялары колледжі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.