Астана архивімен танысты

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет және өнер қызметкерлері күні мерекесі аясында Астана қаласында еліміздің мәдениет қызметкерлері мен шығармашылық тұлғаларына арналған республикалық форумы өтті.
Форум аясында Ұлттық музейде III қазақстандық музей конгресінің ашылуы болды. Оның негізгі тақырыбы – тарихи-мәдени мұраны сақтау. Жиында сарапшылар теориямен қатар практикалық мәселелерге де назар аударды. Қатысушылар экспонаттарды консервациялау мен реставрациялаудағы басты жетістіктермен танысып, археологиялық артефактілерді сақтау бойынша шеберлік сабағына қатысса, еліміздің әр өңірінен келген облыстық, қалалық және аудандық архив директорлары Астана қаласының мемлекеттік архивінің жұмысымен және тыныс-тіршілігімен де танысты.
Қонақтар архив саласындағы заманауи цифрлық жүйелермен, құжаттарды сақтау мен қалпына келтіру әдістерімен, сондай-ақ архив қызметкерлерінің күнделікті еңбегімен жақынырақ танысу мүмкіндігіне ие болды. Бұл кездесу мәдени мұрамызды сақтаудағы тәжірибе алмасуға, кәсіби байланысты нығайтуға және архив ісін дамытудағы өзекті мәселелерді талқылауға бағытталды.
Ал концерттік және мәдени-демалыс ұйымдарының өкілдері сахна шеберлігі, режиссурадағы инновацияларға, продюсерлікке және костюмографияға арналған дөңгелек үстелдерге, шығармашылық зертханалар мен мастер-кластарға қатысты. Өңірлік кітапханалардың басшылары мен мамандары болса, дамудың заманауи стратегияларын, цифрлық технологияларды қолдану тәжірибесін талқылады.
Іс-шара барысында жасанды интеллектті пайдалану және құжаттық мұраны сақтау секілді мәселелер де кеңінен талқыланды.
Соңында «Рухани қазына – 2025» мәдениет және өнер ұйымдары мен қызметкерлерінің республикалық фестивалі өтті. Оған 85 кітапхана, 50 мәдени-демалыс ұйымы және 30 музей өтінім берген. Соның ішінен кәсіби мамандар бар қазылар алқасы 19 номинация бойынша жеңімпаздарды анықтап марапаттады.