Елордалық жұмысшының ерлігі

Ол ешқашан құтқарушы формасын кимеген, ант та берген емес. Оның күндері қарапайым әрі бірқалыпты: құрал-саймандар мен сымдармен жұмыс істеп, жаңа тұрғын үйлерге электр қуатын тартады. Бірақ бір сәтте, бір ғана батыл әрекет оның өмірін өзгертіп, батырға айналдырды. Есімі — Айдарәлі Тұрғанбек. Жасы 32-де. Ол «Столичная безопасность» компаниясында электр монтері болып жұмыс істейді.
Бұл күні бәрі әдеттегідей болды. Айдарәлі көлігімен келе жатып, көше бойындағы көпқабатты үйдің 14-қабатынан шығатын қою түтінді көріп қалды. Бұл түтін қандай да бір апаттың белгісі еді. Жүрегі секем алып, бірден сол жаққа бұрылды. Үй алдына келгенде, адамдардың жиналып тұрғанын байқады. Барлығы үрейленіп, тек жоғарыға қарап тұрды. Кенет біреулердің айтуымен пәтер ішінде балалар бар екені белгілі болды. Сол сәтте Айдарәлі жұртқа қарап:
— Өрт шыққан пәтерге менімен бірге кім барады? — деп сұрады.
Тек бір жігіт қана «Мен барамын!» деп жауап берді. Осылайша екеуі бірге баспалдақпен 8-қабатқа көтерілді. Қою түтін көз аштырмайды, ауа жетпейді, дем алу қиын. Бірақ бұл да Айдарәліні тоқтатпады — балалар бар, оларды құтқару керек! Үйдің ішіне кіріп, бір баланы ұйықтайтын бөлмеде төсек астынан тапты. Екінші баланы телевизордың жанында, көздерін уқалап, жылап отырған жерінен кезіктірді. Айдарәлі мен бейтаныс жігіт балаларды өз курткаларына орап, түтін арасынан алып шықты. Сыртқа шыққанда, жедел жәрдем мен полиция қызметкерлері келіп үлгерді. Балаларды фельдшерге тапсырған соң, Айдарәлі қайтадан ішке жүгіріп кірді. Пәтер ішінде балалардың әкесі мен атасы қалып кеткен еді. Екеуі де шарасыз кейіпте, естері кіресілі-шығасылы. Айдарәлі оларды сабырға шақырып, сүйемелдей отыра қауіпсіз жерге шығарды.
Қою түтін бойын жайлап алғандай көрінді: кеңсірігі ашыды, тамағы құрғап, өзін жайсыз сезінді…
Ертеңінде Айдарәлі жұмысына қайта оралып, жаңа тұрғын үйлерге электр қуатын тартуды жалғастырды. Бірақ оның ерлігі екі бала мен олардың отбасылары үшін мәңгілік есте қаларлық оқиға болып қалды.
Айдарәлі еңбек ететін құрылыс компаниясының аумағы да қауіп-қатерге толы. Оның батыл әрекетінен хабардар болған әріптестері: «Қиын жағдайда шұғыл әрі батыл шешім қабылдай алатын сендей адамның арамызда жүргені қуантады», — дейді разылықпен.
Оқиға болған күннен соң төрт күн өткенде, 15 қаңтар күні Төтенше жағдайлар басқармасының өкілдері жұмыс басына келіп, Айдарәлі Тұрғанбекке Алғыс хат табыстады. «Сәл кешіккенде балаларды аман алып қалу мүмкін болмас еді», — деді төтеншеліктер.
— Мен батыр емеспін, — дейді Айдарәлі салмақты үнмен. — Қысылтаяң сәтте басқа жол жоқ екенін сездім. Менде тек бір ғана мақсат болды — балаларды тілсіз жаудан құтқару!
Биылғы Жұмысшы мамандықтар жылы осындай елеусіз жүрген, өз мамандығына адал қаһармандарды елге танытуға зор мүмкіндік туғызды Айдарәлі Тұрғанбек сияқты адамдарды жоғары бағалау, олардың батылдығы мен адамгершілігін дәріптеу — біздің міндетіміз. Өйткені көзге көрінбейтін батырлар тек еңбекте ғана емес, төтенше жағдайда шұғыл шешім қабылдап, басқалардың өміріне араша түсіп жатыр.
Дария Ерғазина-Жұмаділова