Құқық

Алаяқтық асқынып тұр

Қазақстанда цифрлық технологиялардың қарқынды дамуына байланысты көптеген сала онлайн жүйеге көшуде. Сауда жасау, қызмет ақысын төлеу, мемлекеттік қызметтерді алу мен қаржы операцияларын жүргізу бүгінде қалыпты жағдайға айналды. Алайда цифрланудың артуымен қатар киберқауіп те күшейіп келеді. Астанада интернет-алаяқтық оқиғалары көбейді. Полиция басқармасы, осыған орай, дабыл қағады. Бұл туралы Астана қаласы Полиция департаменті Киберқылмыспен күрес басқармасының бастығы Талғат Бөлегенов мәлімдеді.

Басқарма басшысының айтуынша, 2024 жылдың тамыз айынан бастап бүгінге дейін елордада интернет-­алаяқтыққа қатысты 4000-нан астам қылмыстық дерек тіркелген.

– Алаяқтар заманауи технологиялар мен цифрлық платформаларды пайдалана отырып, алдаудың түрлі күрделі тәсілін қолдануда. Қазіргі таңда әрбір желі қолданушысы алаяқтардың құрбанына айналуы мүмкін. Бұл қатерден ешкім де сақтандырылмаған, – дейді Талғат Бөлегенов.

Спикер қылмыскерлер алдауды мессенджерлер арқылы да, интернет-дүкендер мен жалған сайттар арқылы да, тіпті инвестиция платформалары арқылы жүзеге асыруда екенін алға тартты.

Алаяқтықтың кең та­раған 5 тәсілі:

  1. Банк қызметкері ретінде хабарласу: алаяқтар өздерін банк маманы ретінде таныстырып, күмәнді транзакцияларға сілтеме жасап, жеке деректерді сұрайды.
  2. Онлайн-сатып алудағы алдау: жалған тауар жарнамасын жариялап, алдын ала төлем алған соң, хабарсыз кетеді.
  3. Фишинг сайттары: рес­ми сайттарға ұқсайтын жалған ресурстар арқылы қолданушылардың логин, құпиясөзін иемденеді.
  4. Инвестициялық алаяқ­тық: қолайлы инвестиция­лық мүмкіндік ретінде ұсынылған алаяқтық платформалар салым салдыртып, қаражатты шешуге келгенде жоқ болады.
  5. Мессенджерлерді бұзу: парақшаларды бұзып, таныс адамыңыздың атынан ақша сұрап, хабарлама жібереді.

Киберқауіпсіздіктің кепілі қандай?

Талғат Бөлегенов кибер­гигиена қағидаларын сақ­тау киберқауіпсіздіктің негізгі шарты екенін атап өтті. Оның айтуынша, қолданушылардың алдын ала сақтық шараларын жасауы көптеген қылмысты бол­дырмауға мүмкіндік береді.

– Егер күмәнді сілтемелерді байқасаңыз, сілтемеге өтпеңіз, тіпті олар таныстарыңыздан келсе де. Себебі парақша немесе сайт бұзылған болуы мүмкін. Сондай-ақ ешкімге SMS арқылы келген кодты, банк құпия­сөзін немесе жеке деректі беруге болмайды, әсіресе өзін банк немесе мемлекеттік орган өкілі ретінде таныстырған адамдарға, – деп ескертті басқарма басшысы.

Ол онлайн-сатып алу кезінде алдын ала төлем жасауға асықпауға шақырды. Ал жеке деректі қорғаудың тиімді тәсілдері ретінде күрделі құпиясөздер мен екі факторлы аутентификацияны пайдалануға кеңес берді.

Ақпараттық-түсіндіру жұмысы жалғасуда

Полиция департамен­тінің қызметкерлері қаладағы білім беру мекемелерінде, мемлекеттік және жекеменшік ұйымдарда тұрақты түрде дәрістер мен кездесулер өткізіп ­келеді. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде ақпараттандыру белсенді жүргізіліп жатыр. Пайдаланушыларға арналған көрнекі материал­дар, бейнероликтер мен кеңестер жариялануда.

– Қылмыстың алдын алу оны ашқаннан әлдеқайда тиімді. Сондықтан біз халықты ақпараттандыруды, цифрлық сауаттылықты арт­тыруды және киберқауіпсіздікті бірге қамтамасыз етуді жалғастырамыз, – дейді Талғат Бөлегенов.

Киберқылмысқа тап бол­ған немесе күдікті оқиға байқалған жағдайда, 102 нөміріне хабарласу немесе жақын маңдағы полиция бөлімшесіне барып көмекке жүгінсеңіз болады. Сонымен қатар eGov электрондық үкімет порталы арқылы да өтініш қалдыруға ­болады.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button