Елорда жастары жеңіл атлетикадан жарысты

Жеңістің 80 жылдығына орай Астанадағы Ботаникалық бақта елордалық оқушылар мен студенттер арасында жеңіл атлетикадан эстафета өтті. Жарысқа елордадағы 19 мектеп, 9 колледж және 4 жоғары оқу орнынан 500-ге жуық жастар қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Эстафетаға тек медициналық тексеруден және спорттық жағынан дайындалған жастар ғана қатысуға мүмкіндік алды. Іс-шара мақсаты – бұқаралық спортты дамыту, жастарды дене шынықтыру және спортпен шұғылдануға ынталандыру, елорда халқы мен жастары арасында салауатты өмір салтын насихаттау.
Жарыстың бас төрешісі Дәулет Хамзин дені сау, ұйымшыл және белсенді жас ұрпақты тәрбиелеуде осындай іс-шаралардың маңызы зор екенін атап өтіп, командалардың дайындығын, эстафетаның өту деңгейін жоғары бағалады.
-Эстафета тәуелсіздік алғаннан бері өткізіліп келеді және биыл алғаш рет Ботаникалық бақтың аумағында өтіп жатыр. Өткен жылы іс-шара Триатлон саябағында болды. 2025 жылы қашықтықты 4 шақырымға дейін ұлғайттық, 2024 жылы ол 2300 метрді құраған еді. Бұл командалар үшін үлкен сынақ болды. Әр команда 14 адамнан тұрады, олар 14 кезеңнен тұратын маршрутты бағындыруы керек. Эстафета тек спорттық шара ғана емес, сонымен қатар жастарды Жеңіс күніне орай біріктіретін тәрбиелік іс-шара болатынына сенімдімін, – деді Д.Хамзин.
Жарыс нәтижесі командалардың ең аз уақытта жүгіріп келуі бойынша анықталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы атынан кубоктар, дипломдар, медальдер, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Сонымен эстафетада ЖОО арасында 1-орынды С Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің командасы иеленсе, колледждер арасында жеңімпаз Астана халықаралық университетінің Педагогикалық колледжі командасы болды. Ал мектептер арасында №27 мектеп командасы оза шауып, бірінші орынды алды.
-Бүгін оқушылар арасында жеңімпаз болғанымызға өте қуаныштымыз. Мұның артында үлкен еңбек, дайындық жатыр. Мектеп базасында көптеген спорт түрлерінен, соның ішінде осы жеңіл атлетикадан жүйелі түрде дайындық жүргізіліп тұрады. Біздің команда мектептің 8,9,10,11 сынып оқушыларынан жасақталған. Біз бұл эстафетаның жыл сайынғы қатысушысы, әрі жүлдегерлеріміз, – дейді Қ. Қайсенов атындағы №27 мектеп-лицейінің педагог шебері Руслан Матаев.
Райхан Рахметова