Мәдениет

Күміс кісе мұражайға қойылды

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі қазақ халқының тарихында ерекше орын алатын тұлғалардың мұрасын жинақтап, сақтауды жалғастырып келеді. Осы жұмыстар аясында музей қорына Ақмола өңірінің тумасы, көрнекті қоғам қайраткері, бай-меценат, асыл тұқымды жылқы шаруашылығының негізін қалаушы, саятшылық пен этнография өнерін жаңғыртушы тұлға – Нұрмағамбет Сағынайұлына (Паң Нұрмағамбет) тиесілі көне кісе белдік ресми түрде қабылданды.

Құнды бұйымды музейге Паң Нұрмағамбеттің ұрпағы, Сағынай бидің жиені Марат Нәби тапсырды. Оның айтуынша, музейге тапсырылған бұл тарихи жәдігер Арқа өңірінің биі Сағынайдың ұлына арналып арнайы жасалған. 1976 жылы атасы Нәби белдіктің күміс әшекейлерін сақтап, былғары бөлігін жаңартып, қайта қалпына келтірген.

«Бұл белдік – біздің отбасымыз үшін жай ғана мұра емес, ата-бабамыздың рухани аманаты. Паң Нұрмағамбет – өз дәуірінің ғана емес, бүгінгі ұрпаққа да үлгі болатын тарихи тұлға. Оның мұрасын халықпен бөлісу – біздің азаматтық борышымыз» деді Марат Әскенұлы.

Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген тарих ғылымдарының докторы, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Марат Әбсеметов С.Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» романындағы Паң Нұрмағамбет бейнесіне тоқталып, оның тарихи рөліне жан-жақты талдау жасаса, музей директоры Берік Әбдіғалиұлы Паң Нұрмағамбеттің асыл мұрасы еліміздің тарихы мен мәдениетін зерттеуге үлкен үлес қосатынын атап өтіп, белдік алдағы уақытта ғылыми айналымға енгізілетінін және арнайы тақырыптық экспозициялар арқылы көрсетілетінін жеткізді.

Қазақ тарихында Паң Нұрмағамбет атымен қалған Нұрмағамбет Сағынайұлы өмір бойы халқына қызмет етіп, төрт мәрте қажылық сапарға барған. 1908 жылы Шам қаласынан қазақ қажылары үшін арнайы үй сатып алып, ауылында ағаш мешіт салдырған адам. Ол 1891 жылы Омбыға ІІ Николай келгенде, ол үшін сән-салтанатпен ақ киіз үй тіккізіп, 1000 жылқы сыйлаған. Аталған киіз үй қазіргі таңда Санкт-Петербургтегі Эрмитажда сақтаулы. Сонымен қатар, Паң Нұрмағамбет 1896 жылы ІІ Николайдың таққа отыру рәсіміне қатысқан. Паң Нұрмағамбет – Алаш қозғалысы жетекшілері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатовты қолдап, ұлт мүддесіне қаржылай көмек көрсеткен тұлға.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button