Берлинге жетпей жараланған

Ел басына қауіп-қатер төнген қиын кезеңде Қарағанды облысы Қарсақпай ауданына қарасты Сарысу, Аралтөбе, Жетіқоңыр ауылдарынан майданға 150-ден астам ер-азамат аттанған. Олардың арасында үлкен атам Кәкман Әлменбетов те бар.
Ұлы Отан соғысында атам бірінші Украина майданының 336-дивизиясының 1130-атқыштар полкінде Отан үшін от кешіп, елін, жерін ерлікпен қорғауға атсалысты. Жеңісті жақындату жолындағы жауға қарсы кезекті бір сұрапыл шайқас кезінде Берлин қаласына 250 шақырым қалғанда, 1945 жылдың 29 наурызында ауыр жарақат алып госпитальға түседі. Содан Кисловодск қаласындағы госпитальде 7 ай емделіп, 1945 жылдың қазан айында майдандастары секілді соғыстан елге мүгедек болып оралады. Туған жерге келген соң бейбіт еңбекке араласып, еліміздің өркендеуіне өз үлесін қосады. Зейнетке шыққанша еңбек жолы Қарағанды облысының сол кездердегі Қарсақпай және Жезді аудандарында, яғни қазіргі Ұлытау ауданында өтті.
Кәкман Әлменбетұлы 1946 жылдан 1948 жылға дейін қолхоз құрылысында еңбек етті. 1948 жылдан 1955 жылға дейін ауылдық кеңестің хатшысы, 1955 жылдан 1963 жылға дейін зоотехник, ферма меңгерушісі, ал 1963 жылдан зейнетке шыққанша, яғни 1979 жылға дейін колхоз-совхозда ауыл шаруашылығының әр түрлі саласында қызмет атқарды. Еңбек еткен жылдары алты рет ауылдық кеңес депутаты болды. 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі мен бейбіт өмірдегі қажырлы еңбегі үшін 1 орден, 11 медальмен, бірнеше мақтау қағазы және алғыс хаттармен марапатталды.
Біз, артында қалған ұрпақтары, атамыздың сол бір сұрапыл соғыстың қатал жылдарында Отан қорғаушылардың қатарында болғанын мақтан тұтамыз. Ол кісі 1997 жылдың 6 қазанында 75 жасқа қараған шағында Жезқазған қаласында қайтыс болды.
Бүгінде соғысқа қатысқан атам да, басқа да майдангерлер арамызда жоқ. Ұлы Жеңістің 80 жылдығын көре алмай кеткен майдангер ата-әжелерімізге жатқан жерлеріңіз жайлы, топырақтарыңыз торқа болсын деп айта отырып, ерліктеріңіз біздей ұрпақтың есінде мәңгілік қалады дегім келеді. Ал көзі тірі, арамызда жүрген соғыс ардагерлерін, бейбіт күнді жақындатуға зор үлес қосқан тың еңбеккерлерін мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Жер бетінде ешқашан соғыс болмасын! Жеңіс туы көкте мәңгі желбіреп тұрсын!
Ұлықбек СӘБИТҰЛЫ,
майдангердің шөбересі