Жас көрермендер театрында жаңа маусым
Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры өзінің V маусымын 5 қыркүйек күні Мұхтар Әуезовтің «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасымен ашты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Жаңа маусымның ашылуына орай театрда қызыл кілем жайылып, әртістер көрермендерге таныстырылды, өнер ошағына тілектестікпен келген елордадағы өнер ұжымдарының басшылары сөз сөйлеп, әріптестеріне сәттілік тіледі. Театр, өнер жанашырлары, студент жастар, қала тұрғындары театрдағы V маусымның ашылу салтанатына қатысып, спектакльді тамашалап, кетерде дәліздегі вокалистер салған әнге қоса тербеліп, әдемі кештің куәсі болды.
“Абай-Тоғжан” қойылымының режиссері – театрдың директоры әрі көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Асхат Маемиров, инсценировка авторы – Мирас Әбіл.
«Абай-Тоғжан» музыкалық драмасы бүгінге дейінгі ұлы ақын жайлы қойылған шығармалардан болмысы бөлек, бейнесі ерек жаңа туынды. Балалар мен жасөспірімдердің дүниетанымына, талғамына, рухани болмысының қалыптасуына әсер ететін бұл қойылым – Абай ғұмырының бозбала кезеңінен көрініс береді. Спектакльде қазақ елінің ұлы ойшылы, ақын Абай Құнанбайұлының бозаң қырда өткен балалық шағымен кіршіксіз махаббаты, сезімге толы өлең жырлары көрерменді бей-жай қалдырмайтыны анық.
Музыкалық кеңесшісі – әлем әншісі, мегажұлдыз, Қазақстанның Халық әртісі Димаш Құдайберген, суретшісі – Алма Сырбаева болса, әнмен әрлеген композитор – Бауыржан Ақтаев, балетмейстрі – Шырын Мұстафина, хормейстр – Ғалымжан Берекешев.
Жаңа маусым жаңалықтары
Жаңа маусымда да театр ұжымы сүйікті көрермендеріне дайындаған тың туындылары да жетерлік. Театр ұжымы өз көрерменімен сағына қауышатындығын қуана хабарлайды.
— Жаңа маусым шымылдығы ашылғаннан соң Жүсіпбек Аймауытовтың 135 жылдығына байланысты “Сылаң қыз” комедиясын, Роза Мұқанованың “Мәңгілік бала бейнсін”, Ермек Аманшаевтың “Шәкәрім” тарихи драмасын, Қанат Жүнісовтің “Әміре” моно спектаклін сахналаймыз. Тағы да басқа қойылымдар жалғасады, — дейді театрдың директоры әрі көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Асхат Максимұлы.
Музыкалық жас көрермендер театры ұсынатын тағы бір жаңа спектакль, музыкалық комедия – «Сылаң қыз» деп аталады. Ж.Аймауытов шығармасы желісі бойынша қойылатын спектакльдің режиссері – А.Маемиров. «Сылаң қыз» музыкалық комедиясында Бәтиманың жар таңдауы, яғни сараң әкесінің қызды өзі секілді есеппен жүргізгісі келгені сахналанады.
Театрдың жаңа маусымындағы кесек дүние, ерекше шығарма деп Р.Мұқанованың «Қызжылаған» музыкалық драмасының қойылуы деп айтуға болады. онда Семей полигонының әсерінен мәңігілік бала қалпында өспей қалған Ләйләнің аяулы тағдыры сахналанады.
Жаңа маусымдағы ең бір салмағы бар қойылым – «Шәкәрім». Тарихи-драманың авторы – Е.Аманшаев, режиссері – А.Маемиров. Шәкәрімді сахнаға қою үшін де мықты интеллект, көп дайындық керек, жастар театры осы игі қадамға барғаны қуантты. Тарихи драмалық қойылымға Шәкәрім Құдайбердіұлының өмірі мен шығармашылығы арқау болғаны өнер сахнасындағы тың қадам деп қабылдауға әбден болады.
Театрдың Әдебиет бөлімінің айтуынша, жаңа маусымдағы тағы бір қойылым – Қанат Жүнісовтің «Әміре» моноспектаклі. Онда жез таңдай әнші Әміре Қашаубаевтың шығармашылық өмірі сахналанады.
Қазір құндылықтар ауысып, жаһандану кезеңінде қазақ қоғамы бұрыннан ұстанып келе жатқан ұлттық құндылықтардан жирене бастағаны шындық. Өнер ошақтары осы ретте дәстүрлі қазақы құндылықтарды ұстанып, тарихқа бойлап, ұлы тұлғалар туралы шығармаларды сахналап, қазақ әдебиетіндегі көркем шығармаларды жұрт назарына ұсынуы – заңдылық. Ел азаматтарына, өнердегі шәкірттерге, жалпы көрерменге жаңа қырынан ұсынған шынайы дүниелер айрықша әсер ететіні сөзсіз. Ендеше, елордадағы Жас көрермендер театрының жаңа маусымдағы қойылымдарына барып, ой түйіп, рухани байып қайтуға мүмкіндік бар. Театрға келіңіздер демекпін.
Гүлшат САПАРҚЫЗЫ