Қоғамдық кеңес мүшелері сенбілікке қатысты

«Таза Қазақстан» акциясы аясында елордада ұйымдастырылған сенбілікке Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшелері қатысты. Бас шаһардың еңсесі тіктеліп, жыл санап жасылдануын шараға қатысушылар сенбіліктің нәтижесі деп түсіндірді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Бұл жолғы сенбілік Күйшілер аллеясында жалғасты. Экоакция аясында осы жерде 50-ге тарта ағаш отырғызылды.

– Қаланы абаттандыру жұмыстары жиі ұйымдастырылып тұрады. «Таза Қазақстан» акциясы аясында Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшелері қатысып, арнайы 50 түп ағаш отырғызды. Мұның барлығы қаланың экологиялық жағдайына жақсы әсер етеді.

Сонымен қатар, биыл Қоғамдық кеңестің құрылғанына 10 жыл толып отыр. Қоғамдық кеңестің мүшелері ақылдаса отырып, осы Күйшілер аллеясын таңдап алдық. Былтыр Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің өзі осы аллеяда көшет отырғызуға қатысқан.

Өткен жылы қала бойынша 5 мыңдай ағаш егілгенін атай кеткен жөн. Бүгінгі таңда олар жайқалып тұр. Міне, сол үрдісті тағы да жаңғыртып жатырмыз, – деді Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Зулфухар Ғайыпов.




