Білім

Сынып сағатында жаңа Конституция негізінде «Адал Азамат» құндылықтарын қалыптастыру жайы түсіндірілді

Астанадағы Әлихан Бөкейхан атындағы №76 мектеп-лицейінде «Жаңа Конституция – «Адал Азамат» бағдарламасын қалыптастырудың негізі» тақырыбында сынып сағаты өтті. Мақсаты — оқушыларға ҚР жаңа Конституциясының мазмұнын түсіндіру, оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, азаматтық жауапкершілік пен «Адал Азамат» құндылықтарын қалыптастыру, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Сынып жетекшісі Аида Ләзатова сабақтың оқушылар бойында адалдық, әділдік, жауапкершілік, патриотизм, заңға құрмет, тәртіп сақтау, білімге ұмтылу және экологиялық мәдениет қасиеттерін қалыптастырудағы маңызына тоқталды.

-Конституцияны құрметтеу арқылы оқушылар өз құқықтары мен міндеттерін түсініп, қоғамға пайдалы, саналы, жауапты азамат болуға тәрбиеленеді. Біз өз құқығымызды, міндетімізді, заңды құрметтеуді және нағыз адал азамат қандай болу керек екенін білуіміз керек, — деп ол сабақты «Шаттық шеңбері» тапсырмасымен бастады. Барлық оқушылар шеңберге тұрып, «Адал азаматтың бойында қандай құндылықтар болуы керек?» деген сұраққа жауап берді. Олар бұл сауалға жауапта «адалдық, әділдік, жауапкершілік, патриотизм, заңға бағыну, тәртіп, еңбекқорлық, білімге ұмтылу, табиғатты қорғау, үлкенге құрмет керектігін» жеткізді.

-Бұл қасиеттердің барлығы әр азаматтың бойында болуы тиіс. Ал осындай азаматты қалыптастырудың негізі не деп ойлайсыңдар? Әрине, оның негізі — Конституция, яғни еліміздің басты Заңы, — дей келе мұғалім сынып сағатын бастады.

Сабақ барысында оқушыларға «Жаңа Конституция – Әділетті Қазақстанның негізі» тақырыбында қысқаша бейнеролик көрсетілді. Балалар видеоны талқылап, Конституция не үшін қажеттігі туралы ойларын айтты. Слайдпен жұмыста «Адал азамат» бағдарламасы, оның негізгі құндылықтары түсіндірілді. Одан әрі «Парламент отырысы» әдісі бойынша сынып 3 топқа бөлінді. 1-топ: 30-бап — Білім алу құқығы, 2-топ: 34-бап — Заң мен тәртіп, 3-топ: 38-бап — Табиғатты қорғау туралы айтты. Барлық бапты түсіндіріп, оларды өмірмен байланыстырды, мысал келтірді, ұсыныстар білдірді.

Сонымен қатар «Конституция ағашы» әдісі бойынша балалар «Мен адал азамат болу үшін не істеймін?» деген сұраққа жауап берді. Ол үшін заңды құрметтеу, тәртіп сақтау, жақсы білім алу, табиғатты қорғау қажеттігіне тоқталды. Үй тапсырмасы бойынша «Менің құқықтарым мен міндеттерім» тақырыбында 5–7 сөйлемнен тұратын шағын эссе жазу тапсырылды. Мұғалім сынып сағатының негізгі ойын қорытындылап, Конституция — мемлекеттің негізгі заңы екенін, ал «Адал азамат» — сол заңды құрметтейтін, елге пайдасын тигізетін тұлға екенін түсіндірді. Соңында «Заңды құрметтеу — Отанды құрметтеу» деген қорытынды жасалды. Мұндай құқықтық тәрбие сағаттары оқушылардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға және Әділетті Қазақстанның іргетасын қалайтын саналы ұрпақ тәрбиелеуге септігін тигізеді.

Райхан Рахметова

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button