«Сити Палас» Jusan Bank-ке өтті
Астанадағы «Сити Палас» сауда-ойын-сауық орталығы Jusan Bank-ке өтті, деп хабарлайды www.astana-akshamy.kz/
Астана қаласының оң жағалауында 10 жылдан астам уақыт бойы салынып келе жатқан «Сити Палас» сауда-ойын-сауық орталығының меншік иесі ауысты. Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрындағы ашық мәліметке қарап осындай қорытындығы келуге болады.
Республика даңғылы мен А. Иманов көшесінің қиылысында орналасқан нысан осыдан 10 жыл бұрын Respublica Plaza дейтін сауда-ойын-сауық орталығы ретінде салына бастаған. Содан бері құрылыс әлі бітпей келеді. Соңғы рет биылғы 17 шілдеде БАҚ-та «сақалды» құрылыс 2026 жылы аяқталатыны, инвестор ретінде «Investment & Innovation Group» ЖШС, мердігер ретінде «Элхон» ЖШС кіріскені хабарланған еді.
Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрындағы ашық мәліметке сүйенсек, ауданы 1.6645 гектар болатын нысанның кадастрлық құны 205 млн 791 мың 296 теңге екені айтылған. Ал құқық иесі «First Heartland Jusan Bank» акционерлік қоғамы деп көрсетілген.
Jusan Bank-ке ашық деректегі мәлімет туралы банктің ресми ұстанымы, «сақалды» құрылыстың алдағы тағдыры қалай болатынын сұрап хабарластық. Банктің баспасөз қызметі қандайда бір пікір білдіруден бас тартты.
2023 жылдың күзінде «Сити Паластың» құрылысы Jusan Bank инвестициясының ауыртпалықтарына байланысты тоқтатылғаны мәлім болған еді.
Астана қаласы әкімдігі құрылысқа тапсырыс беруші ұйым «Merey real estate managment» ЖШС екенін айтқан.
Jusan Bank-тің баспасөз қызметі «Нысан Jusan Bank-ке борыш кепілдігінің шарты бойынша өтті ме?» — деген сұраққа да жауап беруден бас тартты.