Сексеннің сеңгіріндегі сергектік

Астана және астаналықтар

0 184

Биыл бұйыртса, елордада аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеневтің ескерткіші бой көтереді. Ақиқатын айтқанда, бұл көптен көтерілген мәселе еді. Талай азамат кезінде осы туралы айтты да, жазды да. Соның бірі де, бірегейі деп айтсақ та қателеспеспіз – Қазақстанның құрметті журналисі, Нұр-Сұлтан қаласы Ардагерлер кеңесінің белсенді мүшесі, тәшеневтанушы Мейрам Байғазин.

 ТӘШЕНЕВТАНУШЫ

Мейрам ағамен таныс­тығымыз да Тәшенев тұлғасына қатысты ұсыныстардан басталды. Алдыңғы жылы «Тәшенев тұғыры» атты мақала жазғанбыз. Бұл материал қарт журналистің көңілінен шығып, өзі хабарласып, ризашылығын жеткізді. Артынша «Тәшенев тұғыры: тарихи сабақтастықты ескерейік» мақаласымен үн қосты. Содан бері аға-інідей болып араласып келе жатыр­мыз.
Міне, енді өзіміз аса құрметтейтін қаламгер ағамыз сексеннің сеңгіріне шығып жатыр. Тәшенев бергі жағы екен, талай тұлғаларға қатысты ұсыныстары өз мерзімінде қолдау тапты. Мәселен, елордадан мемлекет және қоғам қайраткерлері Жұмабай Шаяхметов, Сұлтанбек Қожанов, академик Қаныш Сәтбаев, атақты тарихшы Ермұхан Бекмаханов аттарына көше берілуіне Мейрам Жолтайұлының үлесі бар. Бірақ басты зерттеу нысаны – Жұмабек Тәшенев.
Қазақ жерінің тұтастығын сақтап қалған тұлғаның 100 жылдық мерейтойы тұсында астанада ғылыми-тәжірибелік конференцияның ұйымдастырылуына ұйтқы болып, қайраткер туралы кітап шығарды. Астанада тұғырлы тұлға атына №10 мектеп-гимназияның берілуіне атсалысты. Тәшенев сияқты «қазақ» деп өткен ұлтшыл азаматтардың өмірін зерттеуге де жайдан-жай келген жоқ. Бұған бала кезінде ұяда көрген тәрбиесі, оқушы және студенттік жылдар өнегесі мол әсерін тигізді.

ТЫҢ ИГЕРУДІҢ ЗАРДАБЫ НЕМЕСЕ ТҰЛҒАЛАР ӨНЕГЕСІ

Елге құт болған Ертіс өңірінде дүниеге келді. Мейрам деген есімі де бекерден-бекер қойылған жоқ. Тура Халықаралық әйелдер мерекесі күні шыр еткен дауысы естілді. Арада үш айдан астам уақыт өткенде Ұлы Отан соғысы оты бұрқ ете қалды. Елдегі бас көтерер азаматтардың көбі майданға аттанғандықтан, шаруашылық басқаратын адам қалмады. Әкесі Жолтайды Семейдегі шаруашылық басқаратын және бухгалтерлер даярлайтын оқудан шақыртып алып, колхоз төрағасы етіп тағайындады. Бұл тұрғыдан алғанда, Мейрам әкелері соғысқа кетіп, шейіт болған балаларға қарағанда бақытты еді.
Бірақ анадан ерте айырылды. Шешесі Шәпен Мейрам алты жасқа толғанда ауыр науқастан өмірден озып кетті. Шаңырақта екі ұл мен екі қыз қалды. Әкелері Жолтай күні бойы шапқылап, жұмыстан қолы босамайтын. Сондықтан Мейрам бауырларымен бірге әкесінің апасы Бөбектің қолында тәрбиеленді. Жары майданда қаза болған мұңлық жан інісінің перзенттерін өзінің екі қызынан кем қылмай өсірді.
Елуінші жылдар келгенде, елдің солтүстік өңірлерінде жаппай тың игеру науқаны басталды. «Тың игеруге келгендер арасында қылмыс жасаған, түрмеде отырып шыққан адамдар аз болмайтын. Жер-су аттары ешкіммен келіспей жөнсіз өзгертіліп, ұлттық болмысқа астыртын шабуыл жасалғандай болды.
Шаруашылық басшысы қызметін атқарып жүрген әкем тың игеру кезіндегі жаппай орыстану үрдісіне төзе алмай, сегізінші сыныпта мені Алматыдағы апамның қолына жіберіп, №12 қазақ мектебінде оқуымды жалғастыруға жағдай тудырды. Бұл сол кездегі Қазақстан астанасында жалғыз қазақ мектебі болатын. Осы мысал Кеңес өкіметінің басқа ұлттарға жасап отырған солақай саясатының көрінісі еді. Осында оқып жүргенде ұстаздарымыз оқушылардың ой-өрісін дамыту үшін елімізге есімдері белгілі қоғам және мәдени қайраткерлермен түрлі кездесулер ұйымдастырып отырды. Атап айтқанда, біздің мектепте ұлы жазушы Мұхтар Әуезов, Кеңес Одағының батыры, академик Мәлік Ғабдуллин, КСРО халық әртісі Күләш Байсейтова, атақты кинорежиссер, КСРО халық әртісі Шәкен Айманов, даңқты әскери қолбасшы Бауыржан Момышұлы, Қазақ КСР халық әртісі Шара Жиенқұлова және тағы басқа да қайраткерлер өз өмірлерінен тамаша мысалдар келтіріп, мамандық таңдауда білім мен біліктіліктің өте қажет екенін түсіндіріп кетті» деп еске алады сол жылдарды Мейрам аға.

ҚАЗАҚ РАДИОСЫНДАҒЫ ҚЫЗМЕТ

Онжылдықты бітірісімен екі жылдық жұмыс атқару үшін туған ауылына оралып, еңбек жолын Киров атындағы совхозда қарапайым жұмысшыдан бастады. Екі жылдан кейін Кеңес армиясының қатарына шақырылды. Әскери міндетті абыроймен атқарғаннан кейін Алматыдағы С.М.Киров атындағы университетке журналис­тика факультетіне түсіп, оны 1969 жылы тәмамдап шықты.
«Мектеп табалдырығын мен «Қызыл еңбек» колхозында аттаған едім. Сонда тұрғанымызда осы шаруашылықты басқарған әкем колхоз кеңсесі алдындағы алаңға радио орнаттырды. Күнде берілетін соңғы хабарлар мен концерттерді бүкіл колхоз тұрғындары жиналып тыңдайтын. Бұл шаруашылық өміріндегі керемет рухани және мәдени жаңалық еді. Өзімнің радиожурналистика мамандығын таңдаудағы себебім сол колхоз орталығы алаңында орналасқан радионың әсері шығар» дейді қазір Мейрам аға.
Иә, университетті аяқтағаннан кейін Қазақ радиосында Бас дирекцияның құрамында аға редактор, «Ауыл өмірі» бас редакциясында бөлім меңгеруші, «Ақпарат» бас редакциясында бас редактордың орынбасары болып, 1986 жылы республикалық радио директорының орынбасары лауазымына дейін көтерілді. Павлодар-Екібастұз энергетикалық кешен жұмысын баспасөзде көрсету барысында жарияланған байқауда КСРО журналистер Одағының лау­реаты атанып, КСРО көмір өндіру министрінің Құрмет грамотасымен, тәуелсіздік жылдары көптеген медальдармен марапатталды.

ЖУРНАЛИСТИКАДАҒЫ ЖҰЛДЫЗДЫ ШАҒЫ

Журналистикадағы жұлдыз­ды шағы 1989-1991 жылдарға сәйкес келді. Сол кезеңде КСРО Жоғарғы Кеңесіне Қаз­КСР-дың Парламенттегі тілшісі қызметін атқару үшін Мәскеуге жіберілді. 1990 жылы Мәскеуде өткен СОКП соңғы ХХVIII съезі жұмысын жан-жақты көрсетті. Алқалы жиын кезінде сол кездегі Қаз­КСР басшысы, Қазақстанның Тұңғыш ­Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты 50 жасымен құттықтап, көлемді сұхбат алды. Мәскеуде жүргенде КСРО халық депутаты, ҚазКСР Ғылым академиясының президенті, академик Өмірзақ Сұлтанғазин, Қырғыз Республикасының президенті Асқар Ақаев, академик Андрей Сахаров, мемлекет қайраткерлері Мақтай Сағдиев, Еркін Әуелбеков тағы басқа белгілі тұлғалармен сұхбаттары Қазақ радиосынан берілді.

ЖЕЛТОҚСАННЫҢ ҚҰПИЯ ДЕРЕКТЕРІН ЖИНАҚТАДЫ

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Алматыға қайтып келіп, Қазақ радиосының шетелдерге хабар тарататын редакциясы бас редакторының орынбасары болып тағайындалды. 1993 жылы Конституциялық соттың баспасөз орталығы жетекшілігіне қызметке шақырылды. Осында істеген жылдары 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысты небір құпия деректерді жинақтап, республикалық газеттерде мақалалар жазды, арнайы кітап шығарды. Конституциялық соттың дәрежесі өзгергеннен кейін Ақпарат министрлігінің талдау және сараптау бөлімінің жетекшілігіне тағайындалды.
1997 жылы Тілдер саясаты жөніндегі мемлекеттік комитетке ауысып, онда диаспора және келісімшарттар жасау бөлімін басқарды. Осы қызметте жүріп, шетелдердегі қазақ диаспорасының орналасуы мен олардың саны жөнінде кітап шығарды. Кейіннен бұл комитет Көші-қон және демография агенттігі болып өзгерді. 1999 жылы қызметіне байланысты Астанаға қоныс аударды.
Осында зейнетке шықты. Бірақ бос отырмады. Бес жыл Ұлттық академиялық кітапханада консультант болып қызмет істеді. Қазір де қайраты қайтып тұрған жоқ. Әртүрлі жиындарда өзінің азаматтық көзқарасын ашық айтып, қоғамдық маңызы бар мәселелерді талқылауға белсене қатысады. Кезінде көтерген мәселелері әлі де өзекті. Әсіресе, биыл өткеніне 35 жыл болатын Желтоқсан көтерілісінің шындығы, шетелдегі қандастар жайы ұлтшыл азаматтарды толғандырмай қоймайды. Осы тұрғыдан ­Мейрам ағаның мол журналистік қоржынын жаңғыр­ту керек. Бұйыртса, мұны қолға аламыз. Мына мақаланы мерейтойыңызға орай білдірген жылы лебізіміз деп қабылдаңыз. Алда бірігіп, материалдар әзірлейміз деп ойлаймын. Құдай соған жеткізсін! Шыққан сеңгіріңіз құтты болсын, Мейрам аға!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

6 + fifteen =