Басты ақпаратҚала мен сала

Ескерткіштер – естелігі ерліктің

Екінші дүниежүзілік соғыста жанқиярлықтың үлгісін көрсеткен жауынгерлердің есімдері бүгінде ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, қаһармандық істері әлі күнге дейін ұлықталып келеді. Еліміздің әр өңірінде ержүрек батырларға арнап ерлік пен отансүйгіштіктің естелігіндей ескерткіштер орнатылды. Елордада осындай 8 өнер туындысы бар. Жеңіс мерекесі қарсаңында солар туралы қысқаша мәлімет ұсынбақпыз.

АҚМОЛАЛЫҚ АЙБЫНДЫ ЖАУЫНГЕРЛЕР

1995 жылы Ұлы Жеңістің 50 жылдығына орай Ұлы Отан соғысы жылдарындағы шайқастарда қаза болған отандастарға арналған монументалды кешен бой көтерді. Ол Жеңіс даңғылының бойында, қазіргі Қазақ ұлттық өнер университетінің ғимараты жанында орналасқан. Қоладан жасалған екі сарбаз мүсіндерінің артындағы гранит қабырғада «Айбынды жауынгер жерлестеріміздің ерлігіне арналады. 1941-1945 ж.ж. Мужеству и доблести воинов-земляков посвящается», ал ортада «Майданға аттанған 9783 әскерилердің 7414-і Отан үшін жан қиды» деп жазылған. Соғыс кезінде бұл өңірде 310-шы, 387-шы және 29-шы, кейіннен 72-гвардиялық атқыш дивизиялары құрылған болатын. 2015 жылы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында ескерткіш қайта жөнделіп, оның айналасы абаттандырылды. Бүгінде Бөгенбай батыр және Жеңіс даңғылдары қиылысындағы  гүлзар қала тұрғындары мен елорда қонақтарының күнделікті қарбаластан бір сәт сергіп, тынығатын демалыс орнына айналды. Ақмолалық жауынгерлердің бейнесін сомдайтын мүсіндік композицияның авторлары – мүсінші Валерий Пирожков және сәулетші Василий Тоскин.

«ОТАН-АНА» МОНУМЕНТІ

2001 жылы 9 мамырда Тәуелсіздік даңғылы мен Қажымұқан Мұңайтпасов көшесінің қиылысындағы алаңда «Отан қорғаушылар» мемориалы, «Отан Ана» монументі тұрғызылды. Мемориалдық кешеннің монументалды композициясы елімізде тұратын барлық этнос өкілдерінің бірлігін білдіретін масақ бау түріндегі қола стела мен бірлікке, келісімге шақыратын Отан-Ана бейнесінен тұрады.

«Отан қорғаушылар» мемориалының өзегі – биіктігі 37,5 метр, салмағы 63 тонналық алып монументте ақ кимешекті әйел-ана алтындатылған зерлі кесесіне ақ құйып, оны қазақы дәстүрімізбен келе жатқандарға қос қолдап ұсынуда. Сондай-ақ соғысқа аттанған жарын, алысқа кеткен ұл-қыздарын алаңдай күтіп тұрған ана бейнесінен бүкіл қазақ әйеліне тән ұлттық болмыс-бітім аңғарылады. Мемориалдық кешен – қаһарлы соғыс жылдары майданда елінің бостандығы үшін мерт болған жауынгерлер мен арамызда жүрген соғыс ардагерлеріне деген ерекше кұрмет ескерткіші. Оның символикалық мазмұны кешегі мен бүгінгі, ертеңгі ұрпақтар жалғастығын білдіреді. Үш бөліктен тұратын кешеннің авторлары – М.Әлиақпаров, мүсінші Ю.Баймұқашев пен архитектор, сәулетші, суретшілер Б.Тайталиев, Т.Баймырза, Е.Шахиев, Е.Ержанов, А.Бексұлтанов, Н.Конапольев, А.Курицын.

ДАҢҚТЫ ЖАУЫНГЕР, ӘСКЕРИ ҚОЛБАСШЫ

2008 жылдың 2 шілдесінде Астанада Кеңес Одағының батыры, жазушы, Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, әскери қолбасшы Бауыржан Момышұлына арнап ескерткіш ашылды. Ол бас қаланың 10 жылдығына орай батырдың туған жері Жамбыл облысынан тарту етілді.

Ұлы Отан соғысына 1941 жылдың қыркүйегінен бастап генерал-майор Панфиловтың басшылығымен 316-атқыштар дивизиясының құрамында қатысқан Бауыржан Момышұлы Мәскеу шайқасында көрсеткен батылдығы үшін 1942 жылы Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылды. Алайда 1990 жылы 11 желтоқсанда қайтыс болғаннан кейін ғана марапатталды. Бір қолымен тізесіне сүйеніп, екіншісімен қылыш ұстап тұрған әйгілі қолбасшының мүсіні алғашында Асқар Тоқпанов көшесінде саябақтың жанында орналасқан. 2015 жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын мерекелеуге дайындық барысында Бауыржан Момышұлы ескерткіші сквер аумағына көшірілді. Осы жерде жастардың Отанға деген патриоттық сезімін арттыруға бағытталған іс-шаралар жиі ұйымдастырылады. Қоладан жасалған ескерткіштің авторлары – мүсінші Темірхан Қолжігіт пен сәулетші Бақытжан Сыздықов.

АТЫ АҢЫЗҒА АЙНАЛҒАН МЕРГЕН

2008 жылы Астананың 10 жылдық мерейтойы қарсаңында С.Сейфуллин атындағы Агротехникалық университет жанында аты аңызға айналған мерген Әлия Молдағұлованың мемориалдық кешені ашылды. Бұл Ақтөбе облысының елордаға жасаған тартуы болды.

Әлия Молдағұлова көшесі мен Жеңіс даңғылы қиылысында орнатылған мүсін қоладан жасалған және гранит тұғырға қойылған, биіктігі – 3,8 метр. Екі жағынан барельеф орнатылған (30,66 х 2,4 метр): сол жақ жартысында ұлы дала бейнесі, көшпенділер рухы бейнеленген, Құрманғазы мен Абылай хан көрсетілген; оң жағында 1916 жылғы отаршылдыққа қарсы көтерілістен бастап көптеген қайғы-қасірет әкелген Ұлы Отан соғысын, халқымызды жан-жаққа шашыратқан көріністер ашық бейнеленген. Мемориалдық кешенінің авторлары – мүсіншілер Б.Әбішев, Е.Сергебаев, сәулетшілер В.Кацев, Ж.Айнабеков.

ПАНФИЛОВШЫЛАР ЕСТЕЛІК ТАҚТАСЫ

2015 жылы Астана қаласындағы «Жерұйық» саябағында Кеңес Одағының батыры, генерал-майор Иван Васильевич Панфиловқа арналған ескерткіш ашылды. Қола мен граниттен жасалған ескерткіштің биіктігі – 2,5 метр. Ескерткіш ортасында гүл шоқтарын қоюға арналған тақта бар. Шығыс бетінде Мәскеуді қорғауда ерлікпен қаза тапқан 28 жауынгер-панфиловшылардың естелік тақтасы орнатылған. Сондай-ақ батырдың Алтын Жұлдыз медалі бекітілген 28 стелла жасалған.

Бұл тақта тек Иван Панфиловқа ғана қойылған ескерткіш емес, ол – фашизмге қарсы шайқасқа қатысқан қазақстандықтарға және сол шайқас алаңында қаза болғандар мен сұрапыл соғыстан қайтып келіп, еліміздің дамуына өлшеусіз үлес қосқандарға деген мәңгілік құрмет белгісі. Себебі генерал-майор Иван Панфилов басшылық еткен 316-атқыштар дивизиясы 1941 жылы жазда Алматыда құрылған. Оның құрамы Қазақстан мен Қырғызстаннан әскерге шақырылған азаматтардан жасақталған. Естелік тақтаның авторы – мүсінші Ренат Әбенов.

ЖЕҢІС ТУЫН ЖЕЛБІРЕТКЕН

2016 жылды қазан айында Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Астана қаласында Рейхстагқа Жеңіс туын тіккен қазақ батыры Рақымжан Қошқарбаевтың ескерткіші ашылды. Ол өзінің атындағы және Бауыржан Момышұлы даңғылдарының қиылысында орналасқан.

1924-1988 жылдары өмір сүрген батыр екінші дүниежүзілік соғыс майданына 1944 жылы аттанған. 1945 жылы Григорий Булатовпен бірге алғаш Рейхстагқа Жеңіс туын тіккен. Осы ерлікті жасаған кезде ержүрек қазақ жауынгер небәрі 21 жаста болған.Жобаға сәйкес, мүсіндік композицияның биіктігі – 6 метр, ал гранит тұғырдың биіктігі – 4,5 метр. Қоладан құйылған 11 метрлік туындының авторы – «Қазақ емонументін жасауға қатысқан белгілі мүсінші Асқар Нартов.

ШИНЕЛЬ КИГЕН ҚЫЗ

2018 жылы Батыс Қазақстан облысы Астананың 20 жылдығына орай «Өңірлерден Астанаға сыйлық» жобасының аясында елордаға Кеңес Одағының батыры, әйгілі жауынгер Мәншүк Мәметованың ескерткіші мен «Ақжайық» алаңын тарту етті. Жеңіс даңғылының бойындағы «Ақжайық» саябағында орналасқан шинельдегі қыздың мүсіні қоладан, ал тұғыры граниттен соғылған. Мүсіннің биіктігі – 6,1 метр.

Мәншүктің бұдан бұрын орнатылған ескерткіштерінде Максим пулеметі қоса бейнеленсе, бұл жолы батыр қыз желбегей жамылған шинелін қос қолымен қымтап, оң аяғын сәл алға басып ойланып тұр. Батыс Қазақстан облысының Орда ауданында дүниеге келген Мәншүк Мәметова 1942 жылы өз еркімен Қызыл Армия қатарына алынып, 21-атқыштар дивизиясының құрамында ұрысқа қатысты. Невель қаласы үшін болған кескілескен шешуші соғыста ол ақтық демі біткенше пулеметтен оқ боратып, қаһармандықпен қаза тапты. Батыр қыздың есімі 2022 жылы Орал халықаралық әуежайына берілді. Астанадағы Мәншүк ескерткішінің авторы – мүсінші Мұрат Мансұров.

АСПАНДА ЖАСЫН ОЙНАТҚАН

2021 жылы Сарыарқа даңғылы бойында Кеңес Одағының екі мәрте батыры, әйгілі ұшқыш Талғат Бигелдиновтің ескерткіші қойылды. Екінші дүниежүзілік соғыста ерен ерлік пен батылдықтың, кәсіби шеберлік пен Отанға адалдықтың үлгісін көрсеткен Талғат Бигелдинов ИЛ-2 шабуылдаушы ұшағымен 305 рет ұшып, сол 500 сағаттық ұшу кезінде жауапты тапсырмаларды бұлжытпай орындады. Сарыарқа даңғылының батыр атындағы көшемен қиылысқан жерінде орнатылған ескерткіш алапат майданда ерлікпен айқасып, тылда жеңісті жақындатқан ардагерлерге құрмет пен олардың ерлік жолын мәңгі есте сақтайтын ұрпақ сабақтастығын көрсетеді. Қола, граниттен жасалған ескерткіштің мүсіншісі – Нұрлан Далбай, сәулетшісі – Расул Сатыбалдиев.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button