Тұлғалар туралы туынды

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Қазақстанның құрметті журналисі, «Құрмет» орденінің иегері Ғалия Балтабайдың «Тұлғалар – жауһар жандар» атты кітабының таныстырылымы өтті. Кітап таныстырылымына ҚР Парламенті Сенатының депутаты, академик Алтынбек Нұхұлы, академик, тарих ғылымдарының докторы, профессор Өмірзақ Озғанбай, мемлекет және қоғам қайраткері Тито Сыздықов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Ажар Сағандықова мен Жарқынбек Амантайұлы сынды белгілі зиялы қауым өкілдері қатысты.
«Тұлғалар – жауһар жандар» – автордың бұған дейін жарық көрген «Тұлғалар – ғажап жандар» еңбегінің жалғасы, үшінші томы. Кітапта тарихта өшпес із қалдырған, асыл мұраларымен Қазақ еліне ерен еңбек сіңірген, ұлт мәдениетіне зор үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткерлері мен ел мақтанышына айналған тұлғалардың өмір жолы мен еңбегі баяндалады.
Сонымен қатар бұл еңбекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық Құрылтайда атап өткен «Адал табыс. Адал еңбек. Адал адам» қағидаттары аясында кітап кейіпкерлерінің ой-толғамдары берілген.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей тапсырмасымен биыл екінші рет Ұлттық кітап күні өтіп жатыр. Бұл – өте мәні бар шаруа. Кітап, қоғамды алға жетелейтін, мәдениетімізді көтеретін үлкен фактор. Сондықтан Ғалия Құсайынқызының қолымыздағы кітабына қуанып тұрмыз. Себебі қазақтың біраз марқасқалары осы кітапқа кіріпті. Ақсақалдарды, ағаларды елдің байлығы деп есептеу керек. Мына кітапқа енген азаматтар өсіп келе жатқан ұрпаққа үлгі болады, – деді академик, тарих ғылымдарының докторы, профессор Өмірзақ Озғанбай.
Ертіс-Баян өңіріне кеңінен танымал журналист Ғалия Құсайынқызы саналы ғұмырын журналистикаға арнап, туған елінің мұңын мұңдап, жоғын жоқтауға қызмет етті. Ол – жүздеген теле-радио бағдарламалардың авторы. Оның сын материалдарының нәтижесінде Павлодар қаласында қазақ театры мен облыстық балалар ауруханасы, Екібастұзда қазақ мектептері мен балабақшалар ашылды.
– Қоғам дамуына адал қызмет етіп, ел жаңалығының жаршысы, жарғақ құлағы жастыққа тимей жақсыларды жат санамай, тұлғаларды түгендеп жүретін, ізгі істерді көгендеп жүретін, жұдырықтай жүрегіне ел азаматтарының есімін алтын әріппен тізіп жүретін, көптеген кітаптардың авторы Ғалия Құсайынқызы – білікті маман ғана емес, қарымды ұстаз. Өңір журналистикасында қанат қаққан көптеген жас мамандар – оның шәкірттері. Автордың әйгілі тұлғалармен және өнер тарландарымен жасаған 40-тан астам әдеби-музыкалық бағдарламасы Қазақ радиосы мен облыстық «Халық радиосының» алтын қорында сақтаулы. Бүгінге дейін 10-нан астам кітабы жарық көрген, – деді Парламент Сенатының депутаты Алтынбек Нұхұлы.
Асантемір ҚАРШЫҒАҰЛЫ



