Құқық

Сәулет саласындағы сот

Сәулет және қала құрылысы қызметі – бұл әкімшілік органның кез келген шешімі құрылыс салушылардың, инвесторлардың, жер учаскелері меншік иелерінің құқығына және түптеп келгенде қалалық ортаның дамуына тікелей әсер ететін сала.

Осы санаттағы істер бойынша даудың нысанасы ретінде эскиз жобасын келісуден бас тарту немесе келісу туралы бұйрықтарды даулау, құрылыс жүргізуге арналған мақсаты бар жер учаскелеріне егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын әзірлеу мен бекіту шараларын қабылдауға міндеттеу, құрылысқа арналған сәулет-жоспарлау тапсырмасын беруге міндеттеу, сондай-ақ мемлекеттік органдардың өзге де әрекеттеріне дау айту мәселелері жатады. Мұндай даулардың құқықтық негіздері «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңда бекітілген, ал оларды сотта қарау тәртібі ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексімен реттеледі. Оның шеңберінде сот әкімшілік актінің заңдылығын негізгі критерийлер бойынша тексереді. Мәселен, орган мен лауазымды тұлғаның құзыреті, актіні шығару рәсімінің сақталуы, қорытындылардың нақтылығы зерделенеді. Бұл ретте сәулет және қала құрылысы саласында әкімшілік актілерді қабылдау кезінде тыңдалу рәсімінің сақталмауы мәселесіне ерекше назар аударғым келеді. Сот тәжірибесінде талдау көрсеткендей, дәл осы әкімшілік рәсім кезеңі әкімшілік органдар тарапынан, соның ішінде мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы органдары тарапынан жиі ескерілмей жатады. Ал қолайсыз әкімшілік акт қабылданған кезде тыңдалу рәсімін өткізу – міндетті.

Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексте тұлғаның әкімшілік рәсімге қатысу қағидаты және оның құқығы мен заңды мүддесіне әсер ететін шешім қабылданғанға дейін тыңдалу құқығы бекітілген. Яғни 73-баптың талаптарына сәйкес, әкімшілік орган немесе лауазымды тұлға әкімшілік рәсімге қатысушыға әкімшілік іс бойынша алдын ала қабылданатын шешімге қатысты өз ұстанымын білдіруге мүмкіндік беруге міндетті. Бұл туралы қатысушыға алдын ала, бірақ әкімшілік акт қабылданғанға дейін кемінде үш жұмыс күні бұрын хабарлануы тиіс.

Тыңдалым әкімшілік рәсімге қатысушыны әкімшілік іс бойынша шақыру, соның ішінде бейнеконференцбайланыс немесе өзге де байланыс құралдары арқылы, ақпарат жүйелерін пайдалану және қатысушыға өз ұстанымын білдіруге мүмкіндік беретін өзге де байланыс тәсілдері арқылы жүргізіледі. Ал 73-баптың екінші бөлігінде тыңдалым өткізілмеуі мүмкін жағдайлар көзделген. Мысалы, азаматтар мен заңды тұлғалардың құқығын, бостандығын, қоғамдық немесе мемлекеттік мүдделерді қорғау мақсатында әкімшілік актіні шұғыл қабылдау қажет болған кезде әкімшілік орган немесе лауазымды тұлға не себепті өткізілмегенін көрсетуге міндетті.

Әкімшілік рәсімге қатысушы алдын ала шешімге қатысты қарсылығын оны алған күннен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірмей ұсынуға немесе ауызша білдіруге құқылы. Егер қарсылық ауызша айтылса, әкімшілік орган немесе лауазымды тұлға тыңдалу хаттамасын жүргізеді. Сондықтан тыңдалым жай ғана хабарлама емес. Бұл – тұлғаға қатысты әкімшілік актінің мазмұнына әсер етуі мүмкін түсініктемелер, құжаттар мен қарсылықтарды ұсынуға нақты мүмкіндік беру. Бұл ретте жай ғана хабарлау жеткіліксіз. Әкімшілік орган тұлғаның тиісті түрде хабардар етілгенін, оған қарсылық білдіруге уақыт берілгенін және оның уәждерінің қаралып, актіде көрсетілгенін дәлелдеуге міндетті.

Сәулет және қала құрылысы саласындағы әкімшілік істер бойынша дәл тыңдалым рәсімінің болмауы – көбіне талап қоюшының негізгі уәжі әрі әкімшілік актіні заңсыз деп танудың дербес негізі. Бұл рәсімнің сақталмауы соттар тарапынан әкімшілік әділеттің негізгі қағидаттарына нұқсан келтіретін елеулі процессуалдық бұзушылық ретінде бағаланады.

Әлия НАЗАРОВА,

Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соттың судьясы

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button