Ел тынысы

«Ашық аспан астындағы музей түні» өтті

Халықаралық музейлер күні қарсаңында Астана қаласы әкімдігінің Бірлескен музейлер дирекциясына қарасты Өнер музейінде «Ашық аспан астындағы музей түні» атты мәдени-танымдық шара өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Іс-шараның басты мақсаты – музей кеңістігін заманауи мәдени орта ретінде танытып, ұлттық өнерді, тарихи жадты және рухани мұраны жаңа форматта насихаттау. Қала тұрғындары мен қонақтарына музейді тек жәдігерлер сақталатын орын ретінде емес, өнер мен мәдениет тоғысатын ашық шығармашылық алаң ретінде ұсынуға бағытталған.

Бағдарлама аясында келушілер қазақ халқының дәстүрлі мәдениетімен, ұлттық өнердің көркемдік ерекшеліктерімен және музей қорындағы құнды экспозициялармен танысты. Іс-шара барысында киіз үйдің құрылымы мен жасалу ерекшеліктері таныстырылып, ұлттық аспаптар мәдениетіне арналған шеберлік сағаттары, жанды музыка, фото аймақ, балаларға арналған шығармашылық алаң, түнгі экскурсия және лекция-концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.

Өнер музейінің ашық кеңістігінде өтетін іс-шара ұлттық болмыс, мәдени сабақтастық және заманауи өнер ұғымдарын бір арнаға тоғыстырды. Ұлттық аспаптардың үні, музей экспозициялары, түнгі экскурсия және ашық аспан астындағы мәдени атмосфера кештің мазмұнын айрықша толықтыра түсті.

-Халықаралық музейлер түніне байланысты «Ашық аспан астындағы музей түні» ұйымдастырылды. Мұнда Болат Сарыбайұлы атындағы шеберхана жұмыс жасайды. Қазақ халқының соғыс, жорық уақытындағы атын білсе де, затын білмейтін құнды жәдігерлері қойылды. Белгілі этнограф ғалымдар Шоқан Уәлихановтан бастап, Ақселеу Сейдімбекке дейінгі зерттеген дүниелерін зерделеп, Joshy Qazaq National Group деген ансамблі құрылып, әндер, күйлер жазылып, халыққа танылып келеді. Бұл – өнер арқылы тарихты танып, мәдени мұрамен жаңа форматта қауышуға мүмкіндік беретін ерекше шара. Іс-шара Өнер музейінің елорданың мәдени өміріндегі маңызды шығармашылық кеңістік ретіндегі рөлін айқындайды, – дейді Өнер музейінің басшысы Баянды Сахарияұлы.

 

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button