Профилактикалық экскурсия ұйымдастырылды

Астана қаласы Байқоңыр ауданының прокуратурасы «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде пробация қызметінің есебінде тұрған сотталғандарға Аршалы ауданының №2 мекемесіне профилактикалық экскурсия ұйымдастырды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Іс-шара қайталама қылмыстың алдын алу, сотталғандардың құқықтық санасын арттыру және заңға бағынатын өмір салтын ұстануға тұрақты ынтасын қалыптастыру мақсатында өткізілді.
Іс-шара барысында қатысушылар жазаны өтеу жағдайларымен, сотталғандарды ұстау тәртібімен, сондай-ақ түзеу мекемесі режимінің ерекшеліктерімен таныстырылды. Есепте тұрған тұлғаларға құқық бұзушылықтар мен қылмыстар жасаудың құқықтық және әлеуметтік салдары, оның ішінде бас бостандығынан айыруға байланысты шектеулер көрнекі түрде көрсетілді.
Сонымен қатар, жеке жауапкершілік, заң талаптарын сақтау және қылмысты қайта жасаудың алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Осындай профилактикалық іс-шараларды өткізу қайталама қылмыс деңгейін төмендетуге, сотталғандарды әлеуметтік бейімдеуге және заңға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Астана қаласының прокуратурасы құқық бұзушылықтардың алдын алу және қайталама қылмыстың профилактикасы бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырады.



