«Бала Толағай» спорттық сайысы өтті

Астанада Орталық саябақта 7-мамыр Отан қорғаушылар күніне орай қалалық «Бала Толағай» спорттық жарыстары ұйымдастырылды. Бұл сайыс – жасөспірімдердерді бұқаралық спортқа баулуға негізделген, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Спорттық іс-шараға мектеп оқушылары, ата-аналар, бұқаралық спортқа қызығушы қауым қатысты. Аталған жарыста бірнеше бағдарлама қамтылған. Дәлірек айтқанда: «найзаны қашықтыққа лақтыру (ұлдар)», «8 кг қапты көтеріп қашықтыққа апару (1 минут)», «10 келілік серкені иыққа салып отырып-тұру», «ләңгіні уақытқа тебу (1 минут)», «арқан тарту (1 минут)».

Сондай-ақ, көрермендер, қолдаушылар, оқушылар және мұғалімдер арасында қосымша жарыстар да ұйымдастырылады. Олардың қатарында турникке тартылу, брусья, гір көтеру (8 кг, 10 кг, 16 кг), қол күрес, жатып штанга көтеру және штангамен отырып-тұру бар.

«Бұл «Бала Толағай» жарысы ұлттық спорт түрлері аясында жүзеге асырылды. Жас өрендер «садақ ату», «найза ату», «ләңгі тебу» сайыстарына бөлінді. Ал ересектер «гір тасын көтеру», «турникке тартылу» сияқты бірқатар бұқаралық спорттар бойынша бақ сынасты. 10-нан астам мектеп қатысты. Бүгінде аталмыш сайыс қала көлемінде өтсе, алдағы уақытта республикалық деңгейде жарыс өтеді деген сенімдеміз», – деді Астана қаласы әкімдігінің «Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу» дирекциясы басшысының орынбасары Өсербай Ержігіт.
Сонымен қатар, «Алып Толағай» дәстүрлі спорт федерациясының негізін қалаушы, қол күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия және Әлем чемпионы Темір Дәулетбақұлының айтуынша, мұндай спорттық шаралар балаларды патриоттық тәрбиеге үндеп, смартфонға телміруден біршама арылтып, спортпен көбірек шынығуына септеседі екен.
«Бұл спорттық сайыс – Отан қорғаушылар күнімен тоқайластырылған. Іс-шара мақсаты – жас буынды отансүйгіштікке, бұқаралық спортқа баулу. Үздік шыққандары кубок, спорттық тауар тауарлар, мақтау қағаздарымен марапатталды. 6,7,8-сынып оқушылар арасында қазақтың ұлттық спорттары дәріптеліп, осындай ауқымды сайыстардың арқасында бұқаралық спортқа машықтандыруды көздейміз. Осындай спорттық жарыстар жас ұрпақты гаджет, смартфонға үңілуден сақтайды. Қайта білімге, тәрбиеге бейімдеу жәрдемдеседі, – деді ол.



