Жаңа Қазақстан

Өзекті мәселенің түйінін тарқатты

Жуырда ғана Астанада Салық Альянсының ұйымдастыруымен өткен дөңгелек үстелге қатысып, кәсіпкерлердің жанайқайын тыңдап едім. Парламенттік каникул кезінде өткізген кездесулерде де салық мәселесі ең көп талқыланған тақырып болды.

Орта және бизнес өкілдері Парламент қарауына күзде келуі тиіс бұл қаржылық құжаттың шикі тұстарын депутаттар түзеп, күзесе де кәсіпкерлердің жұмысына оң әсер беретін Салық Кодексі шықпасын ашына айтқан… Мемлекет басшысының биылғы Жолдауын орта және шағын бизнес өкілдері үшін үкілі үміті мен сенімін күшейтетін нақты шешімдер болды деуге толық негіз бар. Салық Кодексін қабылдау бір жылға шегеріліп, қоғам мен бизнес өкілдерімен әбден талқылап, «илеуін қандырып» асығыстық танытпай, қабылдау, бастысы – орта және шағын бизнестің дамуы үшін салық саясатындағы тың бағыттар болуына Мемлекет басшысының баса назар аудартқаны кәсіпкерлерді қуантты. Ел Президенті басты мақсат-мұратымыз әр қазақстандықтың әл-­ауқатын арттыру деді. Бюджет түсімінің төмендеуі мен халық табысының азаюының түп тамыры бір. Экономикалық саясаттағы жылдар бойы шешілмеген «сақалды» мәселелер – салық жүйесіндегі олқылықтар, нағыз өндірісті несиелендіру орнына, «қағаз» жүзіндегі мал шаруашылықтарын субсидиялау, банк, қаржылық ұйымдардың тек «ауадан» ақша жасап, қара халықты несиеге батыруы, нақты экономикаға үлес қосуға немқұрайлығы, тағысын тағыларды Мемлекет басшысы ашық айтты. Бұл – бір.

Сайлаушылармен кездесуде көтерілетін өткір мәселенің тағы бірі – медициналық сақтандыру қорының жұмысына қатысты. Басқа емес, елордамыздың өзінде өткен жылдармен салыстырғанда, медициналық қорға жеке тұлғалар жарнасы айтарлықтай төмендеген. Бұл – халықтың қор жұмысына сенімсіздігінің айқын көрінісі. Медициналық қызмет көрсету саласына цифрландыру жүйесі толыққанды енгізілмегендіктен, көзбояушылық көп, ашықтық жетіспейді. Ел Президенті бұл келеңсіздіктерге нүкте қою керектігін шегелеп айтты. Ұлт денсаулығына жауапты қор мен денсаулық саласы бюджеттен триллиондап қаражат алып отырып, көп жағдайда дұрыс қыз­метті айтпағанда, мүлде медициналық көмек көрсетпей, құрғақ есеп беруі ең жоғарғы деңгейде айтылды. Бұл – екі.

Бірден айта кетейін, ең шалғай аудандар деп, ат көлігімізді арытып жете алмай жүрген, өзіміздің «швейцариямыз» – Шығыстағы Катон-Қарағай, Зайсан, одан бері Алакөл мен Балқаштың әсем табиғат аясында туристік әлеуетті арттыратын әуежайлар салып, бірнеше адамдық , шағын ұшақ туралы бастама да көптің көңілінен шыққаны анық. Жалпы, Президент Жолдау­да 9 стратегиялық бағыттың басын ашты. Олар: ақша-несие саясаты мен фискалды саясаттың арасындағы үйлесімсіздікті жою қажеттігі, инвес­тициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту жолында үздіксіз жұмыс істеу маңыздылығы, еліміздің өнеркәсіп әлеуетін толық пайдалану үшін жан-жақты шаралар қабылдау туралы, инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелердің шешімі табылғаны, еліміздің кадрлық әлеуетін біртіндеп арттыру, ұлт саулығын нығайту үшін кешенді іс-шараларды қолға алып, халықты әлеу­меттік қолдау жүйе­сін жаңғырту керектігі, экологиялық ахуалды жақсарту, мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін барынша арттыру керектігі, қоғамда заң мен тәртіп идеологиясының терең орнығуы.

Өмірімізді, елімізді өзгерткіміз келсе, бұл кеселмен бірге күресетін, түйткілді мәселелер түйінін бірге тарқататын кез келді. Өзекжарды мәселелердің тағы бір парасына көптің бір кісідей көңіл аударып, бірлесе шешімін қажет етеді. Ол – жыл басынан бері жол көлік апатынан 1300-ден астам адам қаза тауып, 16 мыңнан астам адам зардап шегуі. Бұл мәселе жайлы өзім өткен сессияда Үкіметке арнайы депутаттық сауал да жолдаған едім. Жыл өткен сайын көлік жүргізушілерінің дайындық деңгейінің төмендеуі. Мектепте жүргізуші куәлігін арнайы оқымай-ақ алу фактілері үйреншікті жайтқа айналды. Осы тұста, Норвегиядағы отандасымыздың әңгімесі еске түседі. Алты жыл көлік жүргізуші куәлігін алуға емтихан тапсырып, ала алмағанын, керісінше, заңгер мамандығының дипломына қол жеткізуі жеңілдірек болғанын айтқан еді. Мұндай талап нәтижесінде, Скандинавия елдерінде жол көлік апаты өте төмен. Әскердегі сарбаздар қауіпсіздігіне Армия басшылығының жауапкершілігі туралы ел ­Президентінің сөзі қаншама қамкөңіл болған ата-аналарға демеу екені сөзсіз. Ендігі міндет – қоғамдық бақылауды күшейте отырып, заңнамалық тұрғыдан да бұл мәселені тарқатуды қол алу.

Қасым-Жомарт Тоқаев ­Қазақстанды жайлы және қауіпсіз елге айналдыруды өзінің басты басымдықтарының бірі деп атады. Мемлекет басшысы, «біздің қоғамымызда заң мен тәртіп үстемдік құруға тиіс. Бұл – бүкіл қоғамның және әр адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты ең басты талап. Біз сонда ғана Әділетті, Таза және Қауіпсіз Қазақстанды құра аламыз. Осы стратегия­лық мақсатымызға жету үшін еліміздің бейбіт өмір сүруіне және тұрақты дамуына қолайлы сыртқы жағдай қалыптастыруымыз қажет. Бұл – қазіргі аса күрделі геосаяси ахуал кезінде өте жоғары кәсібилікті талап ететін дипломатияның міндеті» деді. Түйсінген жанға алып-қосары жоқ, түйінді сөз осы деп ойлаймын.

Бибігүл ЖЕКСЕНБАЙ,

Сенат депутаты

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button