Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында елорданың инфрақұрылымы бағытында орындалып жатқан жұмыстар туралы жазды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
«Елорданың жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Биыл жалпы ұзындығы шамамен 60 шақырымды құрайтын 50-ге жуық көшеге орташа жөндеу жүргізуді жоспарлап отырмыз.
Қолданыстағы жолдарды жөндеумен қатар, қаланың түрлі аудандары арасындағы көлік байланысын күшейтіп, көлік қатынасының қолайлылығын арттыруға және көлік ағыны көп учаскелердегі қозғалысты жылдамдатуға бағытталған жаңа көшелер мен жолайрықтар салынып жатыр.

Қаланы аралау барысында бірқатар маңызды нысанды аралап шықтым. Абайдың 150 жылдығы көшесінің Сейфуллин көшесінен Тілендиев даңғылына дейінгі аралығында инженерлік желілерді орнату жұмысы толық аяқталды.
Қазіргі уақытта жол жабынының негізгі құрылымдық қабаттарын төсеу жұмысы жүріп жатыр. 2026 жылдың соңына дейін сыртқы жарықтандыру жүйесін орнатуды, тротуарлар салуды, бағдаршам нысандарын монтаждауды, жол таңбаларын сызуды және т.б. абаттандыру жұмысын аяқтау жоспарланып отыр.
Бейсекова көшесі мен Тілендиев даңғылының қиылысындағы екі деңгейлі жолайрықта қазіргі уақытта инженерлік желілерді орнату жұмысы 90%-ға аяқталды. Су құбыры, тұрмыстық және нөсер кәрізі, байланыс желілері, кабельдік кәріз, жылу желілері салынып, жаяу жүргіншілерге арналған төрт тоннельдің үшеуі орнатылды, сол сияқты көпір құрылысының бетон тіректері тұрғызылды. Металл аралық құрылымын монтаждау жұмысы толық аяқталды.

Монтаж жұмысының барлық 8 кезеңі орындалды. 2026 жылдың соңына дейін негізгі жол бөлігі мен съездерге асфальтбетон жабындысын төсеуді аяқтау жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, Нұрмағамбетов көшесінің Қалдаяқов көшесінен Райымбек батыр көшесіне дейінгі бөлігін салу жобасы іске асырыла бастады. Қазіргі уақытта нөсер кәрізін салу және электрмен жабдықтау желілерін қайта орнату жұмысы аяқталды.
Жол жұмысы елорданың барлық ауданында жүргізіледі. Мердігер ұйымдарға жұмыстардың жоғары сапада орындалуын қамтамасыз ету және бекітілген құрылыс кестесін қатаң сақтау міндеті жүктелді», - деп жазды Жеңіс Қасымбек.