Жаңа тарихи кезеңнің басты міндеті

Жаңа тарихи кезеңнің басты міндеті
фото: Астана қаласының әкімдігі

Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы ел дамуының алдағы бағыттарын айқындап, қоғам мен мемлекеттік институттардың алдына жаңа міндеттер қойды. Қазіргі құбылмалы жағдайда экономикалық өсімді қамтамасыз ету, халықтың әл-ауқатын арттыру, цифрлық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану және мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру мәселелері өзара сабақтастықта қарастырылуы қажет.

Жолдауда көтерілген міндеттерге білім беру саласының өкілі ретінде назар аударғанда, ең алдымен, адам капиталының маңызына тоқталғым келеді. Өйткені кез келген экономикалық өзгерістің нәтижесі оны жүзеге асыратын адамның біліміне, кәсіби даярлығына, жауапкершілігі мен еңбек мәдениетіне байланысты. Елдің бәсекеге қабілеті де жаңа технологияларды меңгерген, өзгерістерге бейімделе алатын, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын мамандардың қалыптасуымен тығыз байланысты.

Бүгінде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің алдында тұрған міндет – жастарға мамандық үйретумен ғана шектелмей, оларды нақты еңбек ортасына даярлау. Еңбек нарығының сұранысы өзгеріп келеді. Өндіріс пен қызмет көрсету салаларына технологиялық жаңалықтарды меңгерген, кәсіби дағдысы қалыптасқан, әріптестерімен тығыз жұмыс істей алатын мамандар қажет. Сондықтан колледждердегі оқу бағдарламалары заман талабына сай жаңарып, теориялық білім тәжірибемен ұштасуы керек. Бұл ретте жұмыс берушілермен әріптестіктің маңызы зор. Студент оқу кезінде өндірістік тәжірибеден өтіп, болашақ кәсібінің қыр-сырын меңгергенде ғана алған білімін нақты жағдайда қолдануға үйренеді. Колледж бен кәсіпорын арасындағы байланыс маман даярлау сапасын арттырып қана қоймай, жас маманның еңбек жолын сенімді бастауына мүмкіндік береді.

Тағы бір маңызды бағыт – цифрландыру мен жасанды интеллект мүмкіндігін тиімді пайдалану. Цифрлық технологиялар білім беру үдерісіне жаңа құралдар енгізіп, ақпаратпен жұмыс істеу тәсілдерін өзгертуде. Алайда технологияны меңгеру оның мүмкіндігін жауапкершілікпен пайдаланумен қатар жүруі тиіс. Жастардың цифрлық сауатын арттырумен бірге сыни ойлауын, дербес шешім қабылдау қабілетін, академиялық адалдығы мен ақпараттық мәдениетін қалыптастыруға көңіл бөлу қажет.

Техникалық колледждің жұмысы да осы ортақ мақсатпен сабақтасады. Біздің міндетіміз – заман талабына сай білім мен дағдыны меңгерген, кәсібін құрметтейтін, жауапкершілігі жоғары жас мамандар даярлау. Өйткені елдің ертеңі бүгінгі білім сапасына, жастарға жасалған мүмкіндікке және әр азаматтың өз ісіне деген адалдығына байланысты.

Жаңа тарихи кезеңнің талаптары білім беру саласынан да жүйелі жұмыс пен үздіксіз жаңаруды қажет етеді. Бұл – бір ғана мекеменің емес, тұтас қоғамның ортақ міндеті. Ал осы міндетті жүзеге асырудың негізі – сапалы білім, кәсіби еңбек және жастардың жан-жақты дамуына мүмкіндік жасау.

 

Абай ҚҰРМАНҚҰЛОВ,

Астана қаласы әкімдігінің Техникалық колледжі

директоры