«ZEREN photo fest»: әріптесіміз Сұлтан Сейітов топ жарды

«ZEREN photo fest»: әріптесіміз Сұлтан Сейітов топ жарды
фото: ЕҰУ баспасөз қызметі

Қазанның 17–18 күндері Зерендіде дәстүрлі «ZEREN photo fest» фотофестивалі өтті. Биыл төртінші рет ұйымдастырылған шығармашылық басқосу аясында «Астана ақшамы» газетінің фототілшісі Сұлтан Сейітов пен оның шәкірті Елдана Сәкенқызы бірінші орынды иеленіп, «Үздік ракурс» номинациясы бойынша да жеңімпаз атанды. Қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының фототілшілері бас қосқан фестиваль Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 30 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылып, болашақ журналистердің кәсіби шеберлігін шыңдауға арналды.

Фестивальді ЕҰУ Ақпарат орталығы мен Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебі бірлесіп өткізді. Фотоөнер мен журналистика өкілдерін тоғыстырған шарада тәжірибе алмасуға, шығармашылық ізденістерді дамытуға және жас мамандардың кәсіби әлеуетін арттыруға басымдық берілді. Фестивальдің ашылуында сөз сөйлеген ЕҰУ-дың әлеуметтік және инфрақұрылымдық даму жөніндегі проректоры Ләззат Төлегенқызы жобаның жыл сайын мазмұндық тұрғыдан толығып, ауқымы кеңейіп келе жатқанын атап өтті.

«Дәстүрлі «ZEREN photo fest» – студенттер үшін жаңа білім мен тәжірибе жинақтауға, ал кәсіби фототілшілер үшін өзара тәжірибе алмасып, шығармашылық байланыстарын нығайтуға мүмкіндік беретін маңызды алаң. Бүгінде фестиваль фотография мен журналистика саласының өкілдерін бір арнаға тоғыстырып қана қоймай, Зеренді өңірінің табиғи сұлулығын, туған жердің қадір-қасиетін, еліміздің бай мәдениеті мен ұлттық рухын фотоөнер мен көркемсөз арқылы кеңінен насихаттайтын маңызды мәдени бастамаға айналып келеді. Биыл төртінші рет ұйымдастырылып отырған фестивальдің жыл сайын мазмұндық тұрғыдан толығып, ауқымы кеңейіп келе жатқаны – жобаның өзіндік дәстүрі қалыптасып, жас мамандардың кәсіби шеберлігін шыңдайтын шығармашылық мектепке айналғанының айқын дәлелі», – деді проректор.

Ал, жалпы байқау қорытындысына келсек, Бас жүлдені ҚР Құрылтайының фототілшісі Талғат Таныбаев пен оның шәкірті Ақнұр Ербатыр иеленді. Бірнеше аталым бойынша бағаланған байқауда екінші орын «Егемен Қазақстан» газетінің фототілшісі Ерлан Омаров пен шәкірті Әдемай Текебасоваға берілді. Үшінші орынды Ұлттық ұланның фототілшісі Бақытжан Батырханұлы мен Нұрай Тілек иеленді. Бұдан бөлек, «Үздік пейзаж» номинациясында Талғат Таныбаев пен Ақнұр Ербатыр, «Үздік фотопортрет» аталымында Бақытжан Батырханұлы мен Нұрай Тілек, «Үздік фоторепортаж» номинациясында Ерлан Омаров пен оның шәкірттері Шапағат Батырғали және Әдемай Текебасова жеңімпаз атанды. «Үздік фототілші» аталымында ҚР Қорғаныс министрлігінің фототілшісі Ермек Сарыбасов пен шәкірті Сезім Ұланқызы, «Үздік композиция» номинациясында «National Geographic Kazakhstan» журналының фототілшісі Ерболат Шадрахов пен шәкірті Қания Жәнәбіл, «Үздік естелік фото» аталымында «Kazinform» халықаралық ақпарат агенттігінің фототілшісі Ағыбай Аяпбергенов пен шәкірті Мадина Ізекенова марапатталды.

Бұдан бөлек жүлде алған кәсіби фототілшілер фестиваль аясында студенттерге арнаған шеберлік сабақтарын да өткізді. Тәжірибелі мамандар болашақ журналистерге кадр таңдаудың, сәтті ракурс табудың, композиция құрудың және оқиғаның мәнін бір сурет арқылы жеткізудің қыр-сырын үйретті. Студенттер тәлімгерлерімен бірге Зеренді өңірінің табиғатын, таңғы шықты, орман көріністері мен қоршаған ортаның әсем сәттерін суретке түсіріп, алған білімдерін тәжірибеде қолданды. «Астана ақшамы» газетінің фототілшісі Сұлтан Сейітов үшін де бұл фестиваль кәсіби тәжірибе бөлісіп, жас буынның шығармашылық қабілетін ашуға мүмкіндік берген тағылымды алаң болды. Оның пікірінше, фотожурналистикада техникалық шеберлікпен қатар, айналадағы құбылысты байқай білу, маңызды сәтті дер кезінде аңғару және оны көрерменге әсерлі жеткізу қабілеті қажет.

«Мұндай фестивальдердің жас журналистер үшін маңызы зор. Себебі фотографияны үйрену тек камераны дұрыс қолданумен шектелмейді. Ең бастысы – кадрдың ішінен оқиғаны көре білу, сәттің мәнін түсіну және оны өз көзқарасыңмен жеткізу. Студенттермен бірге жұмыс істеп, тәжірибемізбен бөлісу біз үшін де пайдалы. Жастардың ізденісі мен қызығушылығы шығармашылыққа жаңа серпін береді. Осындай ортақ жобалар болашақ фототілшілердің кәсіби қалыптасуына ықпал етеді деп ойлаймын», – деді Сұлтан Сейітов.

Фестиваль жеңімпаздары дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.