Елорда кәсіпкерлері өз құқықтарын қорғау мәселелері бойынша кеңесті енді тікелей сот ғимараттарынан ала алады. Бұл Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасы мен Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің Астана қаласы бойынша департаменті арасында жасалған ынтымақтастық туралы меморандумда көзделген, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
«Атамекен» кабинеттерін Астананың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік және мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттарында ашу жоспарланып отыр.
Кабинеттерде Палата мамандары кәсіпкерлерді қабылдап, құқықтарын қорғау мәселелері бойынша кеңес береді және дауларды шешудің қолданыстағы тетіктерін түсіндіреді.
«Кәсіпкер үшін қажетті кеңесті дер кезінде алып, даулы жағдайды шешудің қандай мүмкіндіктері бар екенін білу маңызды. «Атамекен» кабинеттері бизнеске жақын болуға және қажетті қолдауды тікелей сот ғимаратында көрсетуге мүмкіндік береді», - деді Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасының директоры Қанат Әлин.
Кабинеттердің жұмысы тек туындаған даулар бойынша кеңес берумен шектелмейді. Кәсіпкерлер дауды сотқа дейін реттеу, медиация, бітімгершілік келісім жасау және басқа да татуластыру рәсімдері туралы ақпарат ала алады.
Ынтымақтастық аясында бизнес өкілдерінің қатысуымен қаралатын дауларға талдау жүргізіледі. Бұл кәсіпкерлер жиі кездесетін мәселелер мен жүйелі әкімшілік кедергілерді анықтап, оларды шешу бойынша ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар коммерциялық дауларды шешудің баламалы тәсілі ретінде төрелікті дамытуға басымдық беріледі.
ҚР ҰКП «Атамекен» Арбитраждық орталығымен бірлесіп кәсіпкерлерге арналған ақпараттық іс-шаралар ұйымдастырылады. Кездесулерде бизнес өкілдеріне төреліктің мүмкіндіктері мен коммерциялық дауларды шешу тәртібі түсіндіріледі.
Бұдан бөлек, сот ғимараттарында Палатаның ақпараттық ресурстарына сілтеме жасайтын QR-кодтар орналастырылады. Олар арқылы кәсіпкерлер бизнестің құқықтарын қорғау тетіктері, дауларды сотқа дейін реттеу және Арбитраждық орталықтың қызметі туралы ақпарат ала алады.
Алдағы уақытта тараптар әкімшілік сот ісін жүргізу, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және татуластыру рәсімдерін қолдану мәселелері бойынша семинарлар, дөңгелек үстелдер және басқа да ақпараттық іс-шаралар өткізуді жоспарлап отыр.
Осылайша, «Атамекен» кабинеттері кәсіпкерлер мен Палата мамандарының өзара байланысын күшейтетін қосымша алаңға айналады. Кәсіпкерлер мұнда кеңес алып, дауды шешудің қолжетімді тетіктері туралы ақпаратқа қол жеткізіп, өз құқықтарын қорғау бойынша одан әрі әрекетін айқындай алады.