Дәстүрлер үндестігі: қазақ музыкасының сан қырлы әуені

Дәстүрлер үндестігі: қазақ музыкасының сан қырлы әуені
фото: Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры

Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында жаңа театр маусымының алғашқы концерті өтті. Бір сахнада театрдың екі музыкалық ұжымы – симфониялық оркестр мен халық аспаптар ансамблі өнер көрсетті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Кеш бағдарламасы қазақтың халық музыкасын, Қазақстанның белгілі композиторларының шығармаларын және заманауи авторлардың туындыларын тоғыстырды. Оркестрлік шығармалармен қатар халық әндері, дәстүрлі күйлер және ансамбль музыканттарының авторлық туындылары орындалды.

Концертті театрдың бас дирижері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Бейсембаев Латиф Хамидидің әйгілі «Қазақ вальсі» әнінің тақырыбына жазылған, Ренат Салаватов өңдеген симфониялық фантазиямен ашты. Бағдарлама көне Тараз қаласының тарихынан шабыт алған Марат Бердіғұловтың «Шахристан» шығармасымен жалғасты. Симфониялық оркестр мен халық аспаптар ансамблінің бірлескен орындауында тарихи қаланың келбеті мен мәдени мұрасы музыка тілімен бейнеленді.

Бағдарламада композитор Елена Әбдіхалықованың Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Есіңе мені алғайсың» әні ерекше орын алды. Халықаралық байқаулардың лауреаты Айнұр Еңбекованың орындауында шырқалған туынды өмірден өткен өнер қайраткерлерінің рухына арналды. Ән орындалып жатқан сәтте экраннан бүгінде арамызда жоқ Қазақстанның көрнекті мәдениет және өнер қайраткерлерінің фотосуреттері көрсетілді.

Симфониялық оркестр Айнұр Бақытнұрдың «Шествие» және Еркеш Шакеевтің «Муқали» оркестрлік шығармаларын, сондай-ақ Жұбаныш Жексенұлының «Жолдар» әнін орындады. Берік Сарыбайдың жетекшілігіндегі халық аспаптар ансамблі бағдарламаны Қазанғаптың Темірлан Шөкенов өңдеген «Құс қайтару» күйімен және Ж. Нұрмағамбетовтің «Мұзтау» шығармасымен жалғастырды. «Нақ-нақ» халық әнін театр актері Бибарыс Орман орындады. Ал домбырашылар ансамблі «Күй шашу» шығармасын ұсынып, виртуоздық шеберлігімен тыңдармандарды тәнті етті.

Кештің ең әсерлі сәттерінің бірі – Тоғжан Жахиннің «Күзгі сезім» шығармасының орындалуы болды. Бұл орындау театрдың халық аспаптар ансамблінің негізін қалаушы, дирижер әрі педагог Маралжан Мырзақұлованың және оның ұстазы, композитор әрі дирижер Мұхаметқали Тінәлиннің рухына арналды. Шығарма авторы, композитор Тоғжан Жахиннің көрермендер қатарында болуы бұл сәтке айрықша мән берді. 2021 жылы Маралжан Мырзақұлованың жетекшілігімен ансамбльдің шығармашылық жолы басталды. Ол ұжымды жасақтап, оның кәсіби дамуының негізін қалады және музыканттардың қалыптасуына зор үлес қосты.

Театрдың бас дирижері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Бейсембаев өз әсерімен бөлісті:

«Біз үшін бұл жай ғана концерт емес, көрермендерімізбен көптен күткен кездесу болды. Бағдарламаны құрастыру барысында Қазақстан композиторларының әр буынына тән шығармаларды қамтуға, көрермендерге бұрыннан таныс әуендермен қатар жаңа туындыларды да ұсынуға тырыстық.

Ал мен үшін Тоғжан Жахиннің «Күзгі сезім» шығармасының орындалуы ерекше толғанысты сәт болды. Композитор бұл туындыны халық аспаптар ансамбліміздің негізін қалаған Маралжан Қазбекқызы мен оның ұстазы Мұхаметқали Тінәлиннің рухына арнады. Мен үшін олар музыка тарихында қалған есімдер ғана емес, жүрегіме жақын, аяулы жандар. Олардың жарқын бейнесі мен естелігі менің жүрегімде және біздің шығармашылығымызда мәңгі сақталады».

          Халық аспаптар ансамблі музыканттарының шығармашылығына да ерекше көңіл бөлінді. Концерт бағдарламасына Темірлан Шөкеновтің досы әрі әріптесі Нұрболат Сахыға арнаған «Нұр Ақжелең» және ұрпақтар сабақтастығын арқау еткен Данияр Таңатаровтың «Қандағы қасиет» атты авторлық туындылары енді. Сонымен қатар Темірлан Шөкеновтің «Самғау» шығармасы екі ұжымның бірлескен орындауында ұсынылды.

           Халық аспаптар ансамблінің дирижері, халықаралық байқаулардың лауреаты Берік Сарыбай атап өтті:

«Бұл концерт біз үшін көрерменмен өткен ерекше кездесу болды. Біз қазақ музыкасының қаншалықты сан қырлы екенін көрсеткіміз келді. Дәстүрлі күйден бастап халық аспаптары симфониялық оркестрмен үндесетін шығармаларға дейінгі музыкалық туындыларды ұсындық. Әсіресе өз музыканттарымыздың шығармаларының бағдарламаға енуі қуантады. Темірлан Шөкенов пен Данияр Таңатаров ансамбль құрамында өнер көрсетіп қана қоймай, ұжымымызға арнап шығармалар да жазады. Музыканттардың дайын репертуарды орындаумен шектелмей, оны қалыптастыруға өздері де атсалысуы – біз үшін аса құнды».

         Кештің тағы бір әсерлі сәті Нұрғиса Тілендиевтің әйгілі «Құстар әнінің» орындалуы болды. Бірнеше буын тыңдарманға жақсы таныс әуен бұл жолы сөзсіз, халықаралық байқаулардың лауреаты Аида Канапинаның фортепианоға арналған өңдеуінде шырқалды. Мұндай музыкалық шешім көпшілікке таныс туындыны жаңаша қабылдауға және оның лирикалық тереңдігін сезінуге мүмкіндік берді.

Концерт Нұрғиса Тілендиевтің ерлік, қайсарлық пен азаттыққа ұмтылу идеяларын бейнелейтін ауқымды туындысы – «Махамбет» симфониялық поэмасымен аяқталды. Бұл шығарма симфониялық оркестр мен халық аспаптар ансамблінің бірлескен орындауында шырқалды.

Концерт үлкен табыспен өтіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Әрбір шығарма дерлік зор қошеметпен қабылданып, кеш бойы ерекше әсерлі атмосфера орнады. Бағдарлама аяқталғаннан кейін де көрермендер музыканттарды ұзақ уақыт сахнадан жібермей, ду қол шапалақпен құрмет көрсетті. Көпшіліктің толассыз қошеметіне жауап ретінде өнерпаздар «Махамбет» симфониялық поэмасының бір үзіндісін биске қайта орындап, музыкалық кешке жарқын қорытынды жасады