SPK ASTANA және қоғам игілігі

SPK ASTANA және қоғам игілігі

Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу және даму кезеңінде өңірлік экономиканы нығайту, инвестиция тарту, отандық кәсіпкерлікті қолдау және халықтың әлеу­меттік жағдайын жақсарту мәселелері мемлекеттік саясаттың стратегия­лық басымдықтары ретінде айқындалды. Осы ауқымды міндеттердің елорда деңгейінде жүйелі және тиімді жүзеге асуын қамтамасыз етіп отыр­ған маңыз­ды институттардың бірі – «АО «SPK» Astana» әлеу­меттік-кәсіпкерлік
корпорациясы.

Тарихқа көз жүгіртсек, әлемдегі кез келген дамыған мемлекеттің табысының артында экономикалық өсімді қамтамасыз ететін және әлеуметтік тұрақтылыққа қызмет ететін тұрақты даму институттары тұрғанын көреміз. Біздің еліміз үшін осындай институттардың бірі – әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар. Ал солардың ішінде Астана қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей ықпал етіп, елорданың инвестициялық тартымдылығын арттырып келе жатқан құрылым – «АО «SPK» Astana».

 Астана – тек әкім­шілік орталық қана емес, ол – бүкіл ел дамуының айнасы, жаңа бас­тамалар мен тың идеялардың ордасы, ұлттық экономиканың негізгі драйверлерінің бірі. Сондықтан елорданың тұрақты және орнықты дамуы бүкіл мемлекеттің дамуына тікелей әсер етеді. Осы жауапты миссияны орындау жолында «АО «SPK» Astana» көп жылдан бері нәтижелі еңбек етіп келеді. Корпорация Астана қаласы әкімдігінің жалғыз акционері болып табылатын өңірлік даму институты ретінде қалыптасқан және оның қызметі тек қаржы айналымын ұйымдастырумен немесе активтерді басқарумен шектелмейді. Бұл – мемлекет пен бизнестің күшін біріктіретін, жеке бастамаларға мемлекеттік қолдау көрсететін және қоғам мүддесіне жұмыс істейтін көпсалалы ұйым.

Ауқымы кең SPK ASTANA

Қазіргі таңда «АО «SPK» Astana» қызметінің ауқымы өте кең. Оның негізгі бағыттарының қатарында инвестиция­лық жобаларды жүзеге асыру, қаланың коммуналдық және корпоративтік активтерін тиімді басқару, азық-түлік қауіпсіздігін сақтау, шағын және орта бизнесті қолдау және әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру бар. Яғни, корпорация тек экономикалық жобалармен ғана шектеліп қалмай, қаланың тыныс-тіршілігіне тікелей әсер ететін барлық саланы қамтып отыр.

Қарапайым тілмен айтқанда, корпорация жұмысының нәтижесі әрбір астаналықтың күнделікті өмірінен көрініс табады. Тұрғындар күнде баратын сауда павильондарынан бастап, дүкен сөрелеріндегі бағасы тұрақталған әлеуметтік нан мен көкөніске дейін, кәсіпкерлерге берілетін дайын бизнес орындарынан бастап, қалаға тартылған ірі инвесторлардың жаңа нысандарына дейін – барлығы «АО «SPK» Astana»-ның жүйелі жұмысының жемісі.

Атап айтқанда, Активтерді басқару департаменті қаланың коммуналдық меншігіндегі және корпоративтік активтердің тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етеді. Бұл – сырт көзге бірден байқалмайтын, бірақ қаланың экономикалық тұрақтылығына тікелей әсер ететін аса маңызды сала.

Департаменттің қарауында тұрғындар күнде көріп жүрген жүздеген нысан бар: бос жатқан жер учаскелері, аяқталмаған құрылыс нысандары, сауда павильондары, коммуналдық ғимараттар мен басқа да мүліктер. Осы активтердің әрқайсысына жеке талдау жасалып, оны қалай тиімді іске қосуға болатыны зерделенеді. Нәтижесінде қараусыз жатқан мүлік кәсіпкерге табыс әкелетін бизнеске, ал қала үшін бюджетке түсетін тұрақты табыс көзіне айналады.

Өйткені тиімді басқарылған әрбір актив – бұл жай ғана ғимарат емес, ол қала бюджетіне түсетін қосымша табыс, жаңа инвестиция тартуға мүмкіндік және жүздеген жаңа жұмыс орындарын ашу деген сөз.

Ал Азық-түлік қауіпсіздігі департаментінің жұмысы әрбір отбасы үшін ерекше маңызға ие. Қазіргі жаһандық экономикалық құбылмалылық пен азық-түлік нарығындағы бағаның күрт құбылуы жағдайында бұл бағыт стратегиялық сипатқа ие болып отыр.

Департаменттің басты міндеті – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру, тұрақтандыру қорын қалыптастыру және нарықтағы тепе-теңдікті сақтау. Бұл үшін жыл сайын күзде арзан бағамен көкөніс, картоп, сәбіз, пияз сынды өнімдер қорға жиналып, қыс-көктем мезгілінде нарық бағасынан төмен бағамен сатылымға шығарылады.

Бұдан бөлек, наубайханалармен меморандум жасалып, әлеуметтік нанның бағасы бір қалыпта ұсталып келеді. Осы бағыттағы жүйелі және күнделікті атқарылып жатқан жұмыс – мыңдаған отбасының әлеуметтік қорғалуына, дастарқанының берекелі болуына және сапалы азық-түлікке қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған нақты қадам.

Кәсіпкерлік көкжиегі

Кәсіпкерлік саласындағы жұмыстар ерекше атап өтуге тұрарлық. Корпорация құрамындағы Шағын және орта бизнесті дамыту департаменті мен «Астана кәсіпкерлерін қаржылай қолдау орталығы» бүгінде елордалық кәсіпкерлердің сенімді серіктесіне айналды. Мұнда бизнесті жеңілдетілген шарттармен қаржыландыру, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, тегін кеңес беру және кәсіпкерлік ортаны дамыту бағытында кешенді қолдау көрсетіледі.

Ал осы жұмыстың жалғасы ретінде Көше саудасы департаменті жүзеге асырып отырған «1000 орын – көше саудасы» бағдарламасы көптеген азаматтың кәсіпкерлікке алғашқы қадамын жасауына нақты жол ашты. Бұл – қала көшелеріндегі заманауи, бірыңғай үлгідегі сауда павильондарын кәсіпкерлерге қолжетімді бағамен жалға беру жобасы.

Аталған жоба арқылы жүздеген адам алғаш рет өз ісін бастап, тұрақты табыс көзіне қол жеткізді. Бүгінде сол павильондарда астаналықтар күнделікті қажетті ыстық бәлішінен бастап, гүл, кофе, жеміс-жидек сатып алып жүр. Яғни, бұл бағдарлама бір жағынан шағын бизнесті қолдаса, екінші жағынан, қала тұрғындарына қолайлы қызмет көрсету сапасын арттырып отыр.

Сонымен қатар, Заң департаменті, Стратегия және корпоративтік даму басқармасы мен Әкімшілік қамтамасыз ету бөлімдері корпорация жұмысының құқықтық, қаржылық және ұйымдастырушылық тұрғыдан сапалы әрі ашық жүзеге асуын қамтамасыз ететін негізгі тіректер болып табылады.

Яғни, әрбір инвестициялық жоба, әрбір жасалған шарт Заң департаментінің егжей-тегжейлі сараптамасынан өтеді. Ал Стратегия және корпоративтік даму басқармасы корпорацияның алдағы жылдарға арналған даму бағытын айқындап, қаржылық тұрақтылығын қадағалайды. Ал Әкімшілік қамтамасыз ету бөлімі барлық департаменттердің үйлесімді әрі үздіксіз жұмыс істеуіне жағдай жасайды.

Корпорацияның табысты қызметінің негізінде кәсіби басқару жүйесі жатыр. 2023 жылдан бері «АО «SPK» Astana» Басқарма төрағасы қызметін Баймұқаш Бауыржан Серікұлы атқарып келеді. Қаржы және құқық салаларында жоғары білімі бар маман ретінде ол корпорация жұмысына жүйелі көзқарас алып келді. Бауыржан Серікұлының басшылығымен корпоративтік басқарудың ашықтығы мен жауапкершілігін арттыруға, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу тетіктерін жетілдіруге және әлеуметтік бағыттағы бастамалардың практикалық нәтижесін күшейтуге басымдық берілуде. Осы кезеңде корпорацияның бизнес қауымдастықпен өзара іс-қимылы реттеліп, инвесторлармен жұмыс істеу мәдениеті жаңа деңгейге көтерілді және қабылданатын шешімдердің тиімділігі мен жеделдігі артты. Бұл жетістіктер елорданың дамуына бағытталған әрбір жобаның кездейсоқ емес, ұзақ мерзімді жоспар мен жүйелі еңбектің нәтижесі екенін айқын көрсетеді.

Елорданың дамуына бағытталған әрбір жоба – ұзақ мерзімді жоспар мен жүйелі еңбектің нәтижесі.

Бүгінде «АО «SPK» Astana» дәл осы жүйелі жұмыстың маңызды буынына айналды. Корпорация мемлекет пен қоғам, инвестор мен кәсіпкер арасындағы өзара сенімді нығайтып, өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып келеді. Инвестиция тарту, қала активтерін тиімді басқару және кәсіпкерлікті қолдау арқылы қала экономикасының ілгерілеуіне нақты үлес қосып отырған алтын көпір десек те болады.

Елорданың ертеңгі келбеті – бүгінгі атқарылған нақты істердің жемісі. Сондықтан «АО «SPK» Astana» алдағы уақытта да қаланың орнықты дамуы мен астаналықтардың әл-ауқатын арттыру жолында нәтижелі еңбек ете бермек.

Нұрсұлтан НҰРХОЖАЕВ