Республика күні – тәуелсіздіктің қадірін тереңірек сезінетін ерекше күн!

Республика күні – тәуелсіздіктің қадірін тереңірек сезінетін ерекше күн!
фото: жеке мұрағатынан

Республика күні – күнтізбедегі жай ғана мереке емес. Бұл – елдің, жердің, тәуелсіздіктің қадірін тереңірек сезінетін ерекше күн. Мен үшін Қазақстан картадағы шекарадан басталмайды. Қазақстан – отбасыдан, туған үйден, ата-анамыз сөйлеген тілден, тарихымыз бен дәстүрімізге деген құрметтен басталады. Бұл – сенің тамырың осы жерде, тарихың осы елмен байланысты, ал балаларыңның болашағы осы мемлекетпен сабақтас екенін сезіну.

1990 жылғы 25 қазанда Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданды. Бұл – еліміздің дербес мемлекет ретінде қалыптасуына жол ашқан тарихи шешімдердің бірі.
Бүгінде біз бейбітшілік пен тұрақтылықтың, тәуелсіздіктің бағасын бұрынғыдан да терең түсініп келеміз. Әлемдегі түрлі қақтығыстар мен тұрақсыздықты көрген сайын, бейбіт аспан астында өмір сүріп, бала өсіріп, еңбек етіп, ертеңгі күнге жоспар құрудың өзі үлкен құндылық екенін сезінесің.

Мен үшін патриотизм – тек Ту мен Әнұранға құрмет немесе Отан туралы әдемі сөз айту ғана емес. Патриотизм – жауапкершіліктен басталады. Өз отбасыңа, бала тәрбиесіне, ата-анаңа, туған қалаң мен ауылыңа, атқарып жүрген ісіңе, қоғамға деген жауапкершіліктен. Сондықтан мен үшін отбасы тақырыбының орны ерекше. Өйткені бала Отан деген ұғымды алғаш рет отбасында сезінеді. Ана тілін үйде естиді. Үлкенге құрмет пен кішіге қамқорлықты отбасынан көреді. Өзінің кім екенін, қайдан шыққанын, қандай халықтың ұрпағы екенін де ең алдымен ата-анасынан біледі.

Осы ойдан менің «Отбасы өнегесі» жобам да дүниеге келді. Жоба аясында біз ата-аналармен, психологтармен, түрлі буын өкілдерімен отбасы құндылықтары, бала тәрбиесі, әке мен ананың рөлі, ұрпақтар сабақтастығы, дәстүр мен жауапкершілік туралы ашық әңгімелесеміз. Осындай жобалар арқылы мен патриотизм ұғымын тереңірек түсіндіруге өз үлесімді қосқым келеді. Себебі Отанға деген сүйіспеншілікті бір күнде немесе бір ұранмен қалыптастыру мүмкін емес. Ол туған үйге деген сүйіспеншіліктен, ата-анаға құрметтен, ана тіліне, ұлттық мәдениет пен дәстүрге деген ықыластан басталады.

Меніңше, қуатты мемлекеттің негізі – берік отбасы. Ал берік отбасының негізі – ұрпаққа сөзбен емес, өз ісімізбен жеткізетін құндылықтар. Балаларымыздың «Мен Қазақстанды жақсы көремін» деп қана айтқанын емес, сол сөздің жауапкершілігін сезінгенін қалаймын. Елді сүю – оның тарихын құрметтеу, тілін қадірлеу, жерін қорғау, адал еңбек ету, қоғамға пайдаңды тигізу және келер ұрпаққа мықты мемлекет қалдыру. Республика – ол бәріміз. Ал ертеңгі Қазақстанның қандай болатыны – бүгін балаларымыздың бойына қандай құндылық сіңіретінімізге тікелей байланысты. Республика күні құтты болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Қазақстанымыз қуатты, әділетті, бірлігі бекем мемлекет болсын. Әр шаңырақта береке, әр отбасында татулық, әр баланың жүрегінде еліне деген мақтаныш болсын! 

Назгүл Мақжан,

қоғам қайраткері, Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі,

Астана қаласы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық

саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары,

«Отбасы өнегесі» жобасының жетекшісі