Қазақ терминжасамының негізгі мәселелері талқыланды

Қазақ терминжасамының негізгі мәселелері талқыланды
фото: Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен «Қазақ терминжасамының негізгі әдіс-тәсілдері» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Ғылыми жиынның мақсаты – тіл саясатын дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында айқындалған «Қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамыту» бағытын іске асыру, қазіргі қазақ терминжасамының өзекті мәселелерін талқылау және ұлттық терминжасамның әдіс-тәсілдерін теориялық әрі практикалық тұрғыдан қарастыру. Конференция барысында қазақ тіліндегі ұлттық терминжасам тәсілдерінің ғылыми негіздері, терминжасамдағы жаңа модельдер мен үрдістер, калька және аударма тәсілдері, кірме терминдерді қазақ тіліне бейімдеу, терминдерді стандарттау мен біріздендіру, сондай-ақ салалық терминжасамның құрылымдық-семантикалық ерекшеліктері талқыланды. Жиынға терминология, тіл білімі, аударма ісі және жоғары білім саласының белгілі ғалымдары мен мамандары қатысты. Модератор – Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының басқарма төрағасы Мақпал Жұмабай. Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов құттықтау сөз сөйледі. 

-Тіл – ұлттың рухани қазынасы, ғылыми танымының негізі және қоғам дамуының маңызды құралы. Ал терминология – тілдің ғылым, білім һәм технологиялар саласындағы мүмкіндігін айқындайтын, оның заманауи талаптарға сай дамуына жол ашатын маңызды бағыттардың бірі. Қазіргі кезеңде әлемдік ғылым мен технологияның қарқынды дамуы, халықаралық ақпарат алмасудың кеңеюі, цифрлық трансформация және жасанды интеллект құралдарының таралуы ұлттық тілдердің алдына жаңа міндеттер қойып отыр. Мұндай жағдайда терминжасамның ғылыми қағидаттарын жетілдіру,  терминдерді игерудің оңтайлы жолдарын белгілеу және ұлттық тілдің ішкі мүмкіндіктерін пайдалану айрықша маңызға ие. Қазақ терминологиясының өзіндік қалыптасу тарихы мен бай тәжірибесі бар. Алаш зиялыларының еңбектерінен бастау алған ұлттық терминжасам дәстүрі қазақ тілінің сөздік қорын ғылыми ұғымдармен байытуға, төл сөздердің терминдік әлеуетін ашуға және ғылыми ойды ана тілімізде жеткізуге мүмкіндік береді. Бүгінгі міндет – осы дәстүрді заман талабына сай жалғастырып, терминжасамның озық тәжірибелерін ғылыми тұрғыдан саралау және жаңа бағыттармен толықтыру, - деді ол. 

Ол терминдерді талқылау, сараптау, біріздендіру және қолданысқа енгізу жұмыстары тілтанушы ғалымдар мен сала мамандарының өзара ынтымақтастығына негізделуі қажеттігін атап өтті. Терминнің өміршеңдігі оның бекітілуімен ғана емес, ғылыми және қоғамдық ортада кең қолданыс табуымен де өлшенеді.

- Бұл ғылыми басқосу терминология саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға, отандық және халықаралық тәжірибені саралауға, ғалымдар мен практик мамандар арасындағы кәсіби байланысты нығайтуға мүмкіндік береді. Конференция барысында айтылатын ұсыныстар мен пікірлер қазақ терминологиясының теориялық негіздерін жетілдіруге, ғылыми ізденістер нәтижесін тәжірибеге енгізуге септігін тигізеді деп сенемін. Қазақ тілінің ғылым тілі ретіндегі әлеуетін арттыру – баршамызға ортақ міндет, - деді Е. Тілешов. 

Конференцияда Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы Шерубай Құрманбайұлы «Қазіргі түрік тілдеріндегі терминжасам үдерісінің тілдік және әлеуметтік-лингвистикалық мәселелері» тақырыбында баяндама жасады. Мақсұт Нәрікбаев университетінің профессоры, PhD Айнұр Баекеева «САТ құралдары арқылы көптілді терминологияны аударма тәжірибесінде автоматтандыру» тақырыбын таныстырды. Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Терминология бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Бақытгүл Ысқақ жаратылыстану-математикалық бағыттағы бекітілген терминдердегі терминжасам үдерісін қарастырды. Шәкәрім университеті қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі, PhD Ақжібек Ахмет жалпы тіл біліміндегі терминжасам үлгілеріне тоқталды. Қазақ-Америка университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Сара Коянбекова қазақ терминжасамындағы жаңа атаулар парадигмаларының жасалуы және цифрлық модельдері туралы сөз қозғады. Сонымен қатар Немат Келімбетов атындағы Түркітану орталығының жетекші ғылыми қызметкері, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің PhD докторы Марлен Әділов көне сөздердің термин ретінде қайта жандану үрдісі және түркі тілдері арасындағы терминалмасым мәселелерін талқылады. Ал Солтүстік Қазақстан университетінің PhD докторы Аида Аубакирова қазақ тіл біліміндегі жаңа терминдердің зерттелуі, жіктелуі және қалыптануы мәселелері жөніндегі зерттеулерін ұсынды. Конференцияның пікірталас бөлімінде қазақ терминологиясының қазіргі жай-күйі мен даму перспективалары, ұлттық терминдерді қалыптастырудың тиімді жолдары және терминологиялық қорды жетілдіру мәселелері сараланды.

Ғылыми-практикалық конференция нәтижесінде қазақ терминжасамын дамытуға, терминдерді жүйелеу мен біріздендіруге және қазақ тілінің ғылым тілі ретіндегі әлеуетін арттыруға бағытталған ғылыми ұсыныстар мен тұжырымдар талқыланды. Шерубай Құрманбайұлының баяндамасында қазіргі түрік тілдеріндегі терминжасам үдерісінің тілдік және әлеуметтік-лингвистикалық мәселелері қарастырылды. Терминқор қалыптастырудың тек ұлттық тіл аясындағы емес, түрік тілдері арасындағы терминалмасым мен өзара біріздендіру үдерісімен тығыз байланысты екені негізделеді. Түркі тілдерінің генетикалық жақындығы, ортақ тарихи-лексикалық қоры мен сөзжасамдық мүмкіндіктері жалпытүрік терминқорын қалыптастыруға қолайлы негіз ретінде сипатталады.

Айнұр Баекееваның баяндамасында көптілді терминологияны CAT құралдары арқылы аударма тәжірибесінде автоматтандыру мәселесі қарастырылды. Зерттеудің негізгі назары терминологиялық бірізділік, терминбаза, аударма жадысы және салалық аудармадағы терминдерді стандарттау мәселелеріне бағытталған. Жасанды интеллект пен машиналық аударманың дамуы жағдайында CAT құралдары аудармашының жұмысын алмастырмай, терминологиялық шешімдерді жүйелеуге, бекітілген баламаларды сақтауға және сапаны бақылауға мүмкіндік беретін кәсіби орта ретінде сипатталады.