Жазда ауылға бармаса

Жазда ауылға бармаса

Бұрын жаз келсе қазақ ауылдарының сәні кіретін. Қалада оқитын балалар ата-әжесінің үйіне ағылып, ауыл бірден бала күлкісіне толып, балалардың ойын алаңына айналатын. Бірі тайға мініп, бірі өзенге шомылып, енді бірі доп қуып еркін өмірде ойынның қызығына батса, ересектері үлкендерге көмектесіп, шөп жинауға, мал бағуға қолғабыс ететін. Осы тұрғыдан алғанда жазғы демалыс – баланың тек тынығатын емес, өмір мектебінен өтетін маңызды кезеңі еді.

Бірақ бүгінгі көрініс мүлде басқаша бағытқа бет алып барады. Елімізде мектеп оқушыларының жазғы демалысы үш айға жуық уақытқа созылады. Қаладағы балалардың бір бөлігі түрлі лагерьлерге барса, енді бір бөлігі қосымша үйірмелерге қатысады. Бірақ олардың басым бөлігі қазір жазды үйде, смартфон мен компьютердің алдында өткізетіні қалыпты жағдайға айналды. Бұрынғыдай таңнан кешке дейін далада ойнайтын, асық атып, доп қуатын балалар жоқтың қасы. Яғни цифрлық технология балалардың өмірін жеңілдеткенімен, олардың табиғатпен, еңбекпен және ұлттық ортамен байланысын әлсіретіп отырғаны да анық. Әрине, технологиядан күнде толық бас тарту мүмкін емес. Смартфон баланың өмір мектебінің орынын алмастыра алмайтыны да айқын. Енді не істеу керек? Осындайда «баланы бұрынғыдай ауылға жіберу керек пе?» деген салмақты сұрақ туындайды. Бір қарағанда жауап оңай сияқты. Алайда қазіргі ауыл да бұрынғы ауыл емес. Көптеген елді мекендерде халық саны азайған, мал ұстайтын отбасы сиреген. Кейбір ауылдарда бұрынғыдай тай үйрететін, қозы бағатын немесе егін басында еңбекке араластыратын мүмкіндік те қалмаған. Демек, бүгінгі ауылдың өзі үлкен өзгеріс үстінде.

Ауылдың артықшылығы көп

Дей тұрғанмен, ауыл – ең алдымен табиғи орта. Қаладағы көпқабатты үйдің төрт қабырғасына қамалған бала үшін таза ауада жүрудің, өзенге барудың, бақшадағы жемісті өз қолымен терудің өзі үлкен тәжірибе. Өйткені ол табиғатты кітаптан емес, өмірден таниды. Тым құрыса, ағаштың қалай өсетінін, малдың қалай бағылатынын, картоптың қалай түптелетінін, нанның дастарқанға қалай келетінін көзімен көреді. Үйдің ауласын сыпыру, бақша суару, отын жаруға көмектесу немесе мал суару – мұның бәрі баланың жауапкершілік сезімін қалыптастырып, өмірге бейімдейді.

Екінші тұрғыдан, қазақтың тілі, салт-дәстүрі, үлкенді сыйлау мәдениеті ең алдымен ауылда табиғи түрде сақталған. Әжесінің ертегісін тыңдап, атасының әңгімесін естіген бала өз тегін, тарихын тереңірек түсінеді. Ал ауылдан мүлде алыстап өскен ұрпақ үшін қазақы дүниетаным кітаптағы ақпарат күйінде ғана қалуы мүмкін. Осы тұрғыдан алғанда, ауылдың бала тәрбие­сіндегі рөлі әлі әлсіреген жоқ.

Әрине, барлық отбасының ауылда туысы бола бермейді. Кейбірінің ата-анасы әлдеқашан қалаға қоныс аударған. Кейбір ата-аналар ауылдан әлдеқашан қол үзген. Енді не істеу керек?!

Әлемнің дамыған елдерінде де балаларды табиғатпен қайта қауыштыруға ерекше көңіл бөлінеді. Мәселен, Жапонияда мектеп оқушылары жазғы демалыста табиғат лагерьлеріне барып, орманда өмір сүрудің қарапайым дағдыларын меңгереді. Финляндияда балалардың ашық ауада уақыт өткізуі білім беру жүйесінің маңызды бөлігі саналады. Германия мен Францияда фермерлік лагерьлер кең таралған. Онда балалар жануарларды күтіп, егіншілікпен танысып, еңбектің қадірін үйренеді.

Ал Қытайдың кейбір өңірлерінде соңғы жылдары бала­ларды өмірге бейімдеуге бағытталған ерекше тәжірибе қолға алынған. Оның мәні – қалада өскен бала мен ауылда өскен баланың бір айға орын алмас­тырып, екі түрлі ортада өмір сүруіне мүмкіндік беру. Осы уақыт ішінде қала баласы ауылдың тіршілігін көріп, табиғат аясындағы еңбек пен тұрмыстың қыр-сырын меңгерсе, ауыл баласы қалалық өмір салтымен, заманауи білім беру және мәдени ортамен танысады.

Бастапқыда телевизиялық әлеуметтік жоба ретінде бас­талған бұл бастама бүгінде кең қолдау тауып, әсіресе балаларын төрт қабырға мен гаджеттердің ортасында өсіріп отырған қала ата-аналарының қызығушылығын арттырды. Мамандар мұндай тәжірибе баланың өз бетінше өмір сүру дағдысын қалыптастырып қана қоймай, еңбекке құрметін, жауапкершілігін және ортаға бейімделу қабілетін де күшейтетінін айтады.

Демек, дамыған мемлекеттердің өзі технология қанша өркендесе де, баланы табиғаттан алыстатпауға күш салып отыр. Ал қазақ халқы осы тәрбиенің негізін бұған дейін ауыл арқылы беріп келді.Бала жазда ауылға барып қайтса, ол тек демалып келмейді. Ол өмірді таниды, еңбекпен танысады, туған жердің иісін сезінеді. Ертең есейгенде қай жерде жүрсе де, оның жүрегінде ауылға деген сағыныш, елге деген құрмет сақталады. Балағын шаңға малып, күнге күйіп жүрген ауыл балаларының иммунитеттік қуаты да күшті болатыны медициналық тұрғыдан әлдеқашан дәлелденген. Өкінішке қарай, бүгінгі жас ата-аналардың бір бөлігі осыны ескере бермейді. Кейбірі балаларын ата-әжесінің тәрбиесіне беруге де құлықсыз. Бұл да балаларды ауылдан алыстатып барады. Егер бүгінгі ұрпақ ауылдан мүлде қол үзсе, ертең ауыл ғана емес, сол ауылмен бірге қалыптасқан ұлттық мінез, еңбекқорлық пен қарапайымдық та әлсіреуі мүмкін. Сондықтан жазғы демалысты тек уақыт өткізу емес, ұрпақ тәрбиесінің маңызды кезеңі ретінде қарастыратын уақыт әлдеқашан жетті.

Пиғыл да өзгерді

Биыл көршім 13 жастағы ұлын жазғы каникул басталысымен Тарбағатайдың түкпіріндегі ауылда тұратын ата-әжесіне апарып тастады. Ол жақта интернет желісі де әлсіз екен. Ұйқысынан ояна сала теле­­фонға үңілуге үйренген бала алғашқы аптада ауыл тір­­ші­лігіне бейімделе алмай, кәдімгідей қиналған көрінеді. Алайда арада бір апта өткен соң бәрі өзгерген.

Тайға мініп, ат құлағында ойнауды үйренген ол қаладағы ерке-шолжаңдығын да ұмытқан. Бұрын сиырға жақындауға қорқатын бала қазір таңертең табынға мал қосып, кешке өріс­тен қайтқанда малды шып-шыр­ғасын шығармай бөліп алып келетін деңгейге жеткен. Шөп шабуға қолғабыс етіп, кешкісін қатарластарымен асық атып, доп қуып ойнауға да уақыт табатын болған.

Бұрын қолынан түспейтін телефонын да күні бойы іздемейді екен. Жақында қалаға қайтарда ауылдан кеткісі келмей, «Келесі жазда да осында келемін», – деп ата-әжесіне уәде беріп аттанды дейді әкесі. Міне, осы бір қарапайым оқиғаның өзі баланың табиғатқа, еңбекке және ұлттық ортаға жақындауына кейде бір айлық ауыл өмірінің өзі жеткілікті екенін аңғартады.

«Әйелім қалада өскен қыз еді, ауыл өмірі оған мүлде ұнамайды. Ал мен жатсам-тұрсам ауылды аңсаймын» деп әңгімесін бастады өзі ауылда өскен танысым. Оның айтуынша, бүгінде баласы екі түрлі көзқарастың, екі оттың ортасында өсіп келеді. «Мен баламыз жазда ауылға барып, өмірдің дәмін татып, еңбекке араласып қайтсын деймін. Ал әйелім: «Қазіргі заманда қазақ баласына ауыл өмірі не үшін керек?» деп қарсы шығады. Ол ауылда өскен баланың денесі шымыр, қиындыққа төзімді, табиғатпен етене болып өсетінін түсінбейді де, спортзалға барғанының өзі жеткілікті деп ойлайды. Бірақ спортзал баланы еңбекке үйретпейді, жауапкершілікке баулымайды, табиғатпен тілдестірмейді. Ал ауыл осының бәрін ешқандай теориясыз-ақ күнделікті тіршіліктің өзімен үйретеді десем түсінбей-ақ қойды. Ыстық өтеді, маса шағады, интернет жоқ, жағдай жоқ деп түрлі сылтау айтады» дейді ол кейістік танытып. «Бұрын өзіміз 7-8 бала, жазда келген туыс-туғанның баласымен қосылғанда оншақты бала улап-шулап жүруші едік, Оған бола ешкім бөлек қазан асып, бөлек жағдай жасап әуре болмайтын. Барлығымыз бір дастарқаннан ас ішіп, бір үйдің баласындай өсетінбіз. Қазіргі келіндердің көбі оған шыдамайды, балаң ауылға жылына бір рет барғанда 3-4 күннен кейін келіннің қабағы түсіп, қыржиып қалатын жайы да жоқ емес» деп тағы бір сырдың ұшын шығарды. Осыған қарап ауылдың да мінезі өзгеріп бара жатқан жоқ па деген ойға қаласың. Бұрын туыс-туғанның баласын өз баласындай көріп, бір үйге сыйғызып жіберетін қазақы кеңдік те біртіндеп тарылып бара жатқандай. Демек, қала баласының ауылдан алыстауына тек ата-ананың көзқарасы ғана емес, ауылдағы тұрмыс пен адамдардың психологиясының өзгеруі де әсер етіп отырғандай. Сондықтан бүгінгі мәселе – баланы ауылға жіберу ғана емес, ауыл мен қаланың арасындағы рухани байланысты үзіп алмайық деген мәселемен де сабақтасып жатыр.

Ел болып ескерсе

Бұл мәселенің шешімін тек ата-ананың мойнына артып қою жеткіліксіз. Ең алдымен мемлекет, мектеп және қоғам бірігіп, жазғы демалыстың мазмұнын қайта қарастыруы қажет. Мәселен, ауылдық жерлерде балаларға арналған этно-­­лагерьлерді, еңбек және табиғат лагерьлерін көбейтуге болады. Онда балалар ұлттық ойындарды ойнап қана қоймай, атқа мінуді, ағаш отырғызуды, бақша егуді, мал күтудің қарапайым дағдыларын меңгерер еді. Мұндай бағдарламалар ауыл экономикасына да серпін беріп, жергілікті тұрғындарға қосымша табыс көзіне айналуы мүмкін.

Сонымен қатар, ауылда туысы жоқ қала балалары үшін арнайы «Ауылдағы жаз» немесе «Туған жерге саяхат» секілді республикалық бағдарлама әзірлегені жөн. Сол арқылы балалар сенімді қабылдаушы отбасыларда немесе арнайы ұйымдастырылған ауылдық демалыс орталықтарында бірнеше апта өмір сүріп, қазақы ортаны жақыннан тануға мүмкіндік алар еді. Мұндай тәжірибе бүгінде бірқатар елдерде өз тиімділігін дәлелдеп отыр. Мектептердің де бұл бағыттағы жұмысы жазғы каникулмен бірге тоқтап қалмауы керек. Оқу жылы аяқталмай тұрып, ата-аналарға ауылдағы демалыстың бала денсаулығы мен тәрбиесіне тигізетін пайдасы жөнінде түсіндіру жұмыс­тарын күшейткен дұрыс. Ал жергілікті әкімдіктер ауылдық лагерьлердің инфрақұрылымын жақсартып, балалардың қауіпсіздігі мен медициналық қызметпен қамтамасыз етілуіне көңіл бөлсе, ата-аналардың да алаңдаушылығы азаяр еді.

Ең бастысы – бұл мәселені «баланы ауылға жіберу» деген тар ұғыммен шектеуге болмайды. Негізгі мақсат – баланы табиғатқа, еңбекке және ұлттық құндылықтарға қайта жақындату. Егер мұны ауыл арқылы жүзеге асыру мүмкін болмаса, қала маңындағы экологиялық лагерьлер, фермерлік шаруашылықтардағы тәжірибелік бағдарламалар, ұлттық қолөнер мен дәстүрге негізделген жазғы мектептер де осы міндетті атқара алады. Ең бастысы – баланың үш айлық демалысы экран алдында емес, өмірдің өз ортасында өтуі.