Семсер сөзді Сафуан

Семсер сөзді Сафуан
фото: Шүкір Шахай

Сафуан ағаның өзінің болмыс-бітімі туралы жазбаларының бірінде мынадай жолдар кездеседі: «Несін жасырайын, мен, тегі, қапияда тауып сөйлейтіндердің қатарына жатпайтын болсам керек. Менің қайтарар жауабым көбінесе келесі күні барып ойыма оралады. Содан ба, бір кезде «Берілмей қалған жауаптар» атты кітап жазуды да жоспарлағаным бар».

Әрине, адамның табиғатын сол пенденің өзінен артық ешкім біле қоймас. Бірақ біздіңше, суреткер Сафуанның ойына оралған семсер сөзді дер кезінде қолдана білген кездері жеткілікті. Мәселен, ол – әйгілі Желтоқсан оқиғасынан кейін Жазушылар одағына келген Колбинге қаймықпай қарсы тұрып, сескенбей сөйлеп, жастарға араша түскен санаулы қаламгердің бірі. Өзі айтқандай, нағыз көзсіз ерліктің – «алды-артына қарамайтын ерен батырлықтың» үлгісін көрсеткен айбарлы азамат.

Сафуан Шаймерденов – қазақ топырағында өгей шешеге көркем шығарма арнаған жазушының бірі. Бәлкім, жалғыз қаламгер болар. Сол Бейіс атты өгей шеше мұның туған анасын жоқтатпаған. Ересек балалардан таяқ жесе, арнайы барып ара түскен. Өзіне тиесілі тағамды үнемі бала Сафуанның аузына тосқан. Адалдықтан аттамаған, ұят деген ұғымды ұлы қасиет ретінде қастерлеген.

Бірде ол Бейісті төлқұжат алу үшін суретке түсуге ертіп барады. Талап бойынша, жалаңбас отыруы керек. Бірақ Бейіс бұған өлсе көне ме?! Жазушы осы күрделі сәтті былайша бейнелейді: «Ательеде фотограф үшеу­міз болсақ та, шешем жаулығын алғысы келмеді. Үгіттеуге тура келді. Ұялатындай қайын ата, қайын аға дегендердің жоқтығы айтылды. Шешем жаулығын шешті. Дайын тұрған аппарат сырт етті. Осы бір қабақ қағыс­та шешемнің қара терге шомылып жүре бергенін байқадым». Міне, осындай арынан ұяла білетін асыл адам қалам ұстаған баланың өмірлік көзқарасын қалыптастыр­ды. Өгей шешенің өнегесі ұят пен ұлағат ұғымдарын ертерек санасына сіңірді.

Ол – мейлінше ұзақтау ғұмыр кешсе де, аз жазған, бірақ саз жазған жазушы. Бірінен соң бірін топырлатып, бірнеше роман туғызуды әдетке айналдырмады. Дилогия, трилогия деп айдар тағып, прозалық жинақтарын егіздетіп, үшемдетіп ұсынатын үрдістерге де онша қызықпады. Роман түгілі әңгімелері мен повес­тері де, пьесалары да салыс­тырмалы түрде алсақ, соншалықты көп емес. Бірақ жазғанының бәрі оқылды. Сол баяғыда май шамның жарығымен миына сіңірген жұрттың зердесінен бүгін де өше қойған жоқ. Себебі сапаға жете көңіл бөлді. Сая­саттың салқыны тимеген, уақыттың кез келген сынына төтеп беретін шығармалар туындатуға тырыс­ты. Ол «шығармашылық шеберлік» пен «шығармадағы шынайылық» деген ұғымдардың арасын ешқашан алшақтатқан емес.

Сондықтан «Сафуан сөзі» және «Шаймерденов шындығы» деген түсініктер әлі күнге дейін үнемі қатар қолданылып келеді. Тұлғалық тағылым мен шығармашылық шеберліктің нағыз үлгісі де осы шығар...

Бауыржан ОМАРҰЛЫ