Біз жылқы мінезді жұрт едік... Мінезден ажырап қалғандаймыз. Бүгінгі буынның момындығын көріп отырып, санаң санға, ойың онға бөлінеді. Неге? Бұл ұлттың бүгінгі болмысына қойылған ауыр сұрақ секілді. Сауалдан өзің шошисың... Біз кезінде елдің сөзін сөйлеген, халықтың мұңын мұңдаған, өзінен кейінгі ұрпаққа бағыт көрсеткен ірі тұлғаларды қадір тұттық. Ал бүгін ше? Тұлға санайтын кім қалды?
Қазақ тарихына қарасақ, әр дәуірдің өз алыптары болған. Бірі елдің бірлігін ойлады, бірі жердің тұтастығын қорғады, енді бірі білім мен ғылымның жолын ашты. Абай халықтың рухани кемелденуін ойлады. Әлихан, Ахмет, Міржақып елдің ертеңі үшін басын бәйгеге тікті. Шоқан ғылымға ұмтылып, Ыбырай білімнің шамын жақты. Олардың барлығын біріктіретін «өз басынан бұрын елін ойлау» қасиеті бар еді.
Олар тұлға болу үшін тұлға болған жоқ. Оларды тұлға еткен – қоғам алдындағы жауапкершілігі, ұлтқа деген адалдығы, айтқан сөзі мен істеген ісінің салмағы. Сондықтан халық олардан үлгі алды. Жастар «осындай болсам екен» деп ұмтылды. Өйткені алдында жол көрсететін адам бар еді.
Ал бүгін біз кімге қарап бой түзейміз? Кімнің сөзін өмірлік ұстаным етеміз? Кімді «осы адамнан үйренуім керек» деп айта аламыз? Сауал көп, тұшымды жауабы жоқ. Жақында Бәйтеректің маңына шоғырланған жастарды көріп, «Кімді тұлға санауға болады?» деп сауал жолдағанмын, иығын қиқаң еткізгендерді кезіктірдім. Ұлынан да, қызынан да сұрасаң күмілжиді. Ешкімнің атын атап бере алмады. Мен жолдаған сұрақ ауада қалқып қалды. Бұған кімді кінәлайсың? Тағы да сұрақ туады...
– Мен үшін үлкен тұлға ол жетістікке жеткен, қоғамға әсер ете алатын аты белгілі адам болуы керек. Алайда уақыт келіп адамның жасы ұлғайған сайын көзқарасы да өзгереді. Сондықтан алдымен бүгінгі тұлға – тек лауазымы мен атағы ғана емес, өзінің ұстанымымен, жасаған ісімен және жауапкершілігімен ерекшеленетін адам. Өзіне ғана емес, айналасындағыларға әсер ете алатын адам болуы керек. Өз құндылықтарына адал болып қалатын адам деп есептеймін. Қиындықтан қашпайтын адам өзі үшін емес, қоғамға да оң әсер ете алатындай қызмет атқарады. Бастысы, өз ұстанымы бар, артына із қалдыра алатын адам деп ойлаймын, – дейді Астана қаласы, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, саясаттанушы Найла Мұхтарова.
– Қазір танымал болу мен тұлға болудың арасы тым жақындап кеткендей. Әлеуметтік желідегі көп қаралым, қымбат дүние, жұрт назарындағы жылтыраған өмір кейде адамды «үлгі» ретінде қабылдауға жеткілікті болып қалды. Бірақ танымалдық – тұлғалықтың өлшемі емес. Көпке көріну мен көпке жол көрсету – екі бөлек нәрсе. Тұлға халықтың көңілін аулау үшін емес, халықтың санасын ояту үшін керек, – деді бір жолыққанымда көрші қарт Игілік Елемесов.
Ең қорқыныштысы, біз тұлға іздеуді де қойып бара жатқан жоқпыз ба? Жастарға бағыт беретін, қоғамға сын айтатын, қажет жерде көпшілікке қарсы тұрып, шындықты айта алатын азаматтар қанша? Өз пайдасын емес, елдің мәселесін бірінші орынға қоятын адамдар ше? Біз осындай адамдарды көргенде қадірлейміз бе, әлде олардың сөзін қабылдау үшін алдымен атақ пен мәртебесіне қараймыз ба? Бұл да – ең үлкен сауалдардың бірі.
Мүмкін, біз ұлт ретінде ірі тұлғаларымыздың деңгейіне жете алмай тұрып-ақ, өзімізді жеттік деп қабылдап қойған шығармыз. Әлде биікке ұмтылудың орнына барға қанағат етуді үйреніп кеттік пе? Тұлға болу үшін алдымен өзіңе емес, қоғамға жауапты болу керегін ұмыта бастадық па, кім білсін?!
Дегенмен «тұлға қалмады» деп түңілу де дұрыс емес. Тұлға дайын күйінде пайда болмайды. Оны заман қалыптастырады, ал халық мойындайды. Бәлкім, бүгінгі біздің міндетіміз – біреуді дайын тұлға ретінде іздеу емес, өз ортамыздан сондай азаматтардың қалыптасуына жағдай жасалу керек шығар.
Өз ісіне адал мұғалім, ғылымға берілген ғалым, ел үшін еңбек еткен дәрігер, шындықты айтатын журналист, әділеттен айнымайтын заңгер – бұлардың әрқайсысы өз орнында тұлға бола алады.
– Қазақ ежелден «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деп сенген. Адамды тікелей тәрбиелейтін ұстаз болады. Ал кейде белгілі бір тұлғаны өзіңе ұстаз көріп, оның ісі мен сөзіне сүйініп, Абайша айтқанда, «Болмаса да ұқсап» баққысы келетін пенде көп. Соның бірі – мына менмін. Ақын атанып, қолға қалам ұстағанда, көзбен көрмеген, жүзбе-жүз танымаған Абай, Шәкәрім, Мағжанның жырларын жаттап, олардың тұлғасын ойымызда елестетіп өстік. Кейін көз көріп, сөзін естіген Ақселеу Сейдімбек, Фариза Оңғарсынова, Несіпбек Айтұлы сияқты қазақтың қарағайдай тұлғаларын үлгі еттік. Адамның жасы ұлғайған сайын өзіне кімнің ұстаз, кімнің үлгі екенін қайта таразылайтын сияқты. Мен үшін бүгінгі таңда мемлекетшілдік, сабырлылық, білім мен парасатты қатар ұстау – үйренер үлкен мектеп деп есептеймін, – дейді Жазушылар одағының мүшесі, ақын Қабиден Қуанышбай.
– Жасыратыны жоқ, қоғамда тұлға жоқ деген сезімнің бары рас. Алайда біз осы күнге дейін әл-Фараби, Абай сияқты тұлғаларды тұлға санап келдік. Және сол өткен замандағы кейіпкерлерге соларға қарап соларды үлгі тұттық. Себебі біз олардың кемшіліктерін білгеніміз жоқ. Олар жайлы кітапта не жазылды, сол бойынша тұлға тұтып келдік. Ал қазіргі біздің қоғамда өзімізбен қатар өмір сүріп жатқан адамдарды пенде екенін біліп, олардың қателік-кемшілігін көріп жүрген соң тұлға ретінде қабылдай алмай қалып жатырмыз. Оған бір себеп, әлеуметтік желінің өмірімізге қатты араласып кетуі деп ойлаймын. Өйткені қазақтың бір сөзі бар «Ұлының үйіне барма, үнін есті» деген. Біз ешкімнің үйіне бармасақ та барлығының жағдайын біліп отырмыз. Кіммен қарым-қатынас жасайтынын, қай жақтан келіп-кетіп жатқандығын. Міне, бұл әлеуметтік желінің жақсы мен жаман тұсы да – осы. Сондықтан біз көбісін тұлға ретінде сыйлай алмай жатқан шығармыз, – дейді журналист Элеонора Жаңабергенқызы.
Алдағы уақытта заманның қалай боларын уақыттың өзі көрсетер.