Астана – кез келген адамның арман болған қаласы. Бұған ешкімнің дауы жоқ. Елордаға кім келсе де өз арманын арқалап келеді. Сондай жандардың бірі – қарағандылық Саят Шүкіров. Ол – бүгінгі таңда Астана қаласының тұрғыны. Жасы елуден асқан Саят жеке кәсіппен айналысады.
– Мен отбасыммен Астанада тұрып жатырмын. Қарағанды қаласының Қарқаралы деген жерінен көшіп келдім. Қазіргі таңда көпқабатты үйлердің, үлкен компаниялардың сыртқы бетін, яғни әйнек жууымен шұғылданамын. «Екі қолға бір күрек» дегендей, өз жұмысымды жаныммен сүйіп жасаймын. Бұл кәсіпті қолға алғалы үш жылдай уақыт болды. Бір жақсысы, Астанада қандай жұмыс жасаймын деп ниеттенсең, жасауға болады. Тек ерінбей еңбек ету керек. Өз басым жұртқа алақан жаймай, қолымнан келгенін жасап жүрмін. Осы орайда айтқым келгені маңдайын терлеткен адамға ырыс-құт өзі-ақ келіп тұрақтайды, – деді Саят Шүкіров.
Қаладағы көрнекті жерлердің әйнегін жуып, нәпақасын тауып жүрген Саяттай жігіттерді көргенде риза боласың. Себебі жұмыс жасауға құлқы жоқ жігіттерге үлгі боларлық.
– Біздің жұмыс жасағанымызды көргендер таңданыс білдіреді. Қызығушылығы оянып, бірге жұмыс жасауға ниет етеді. Алайда ұзақ тұрақтай алмайды. Жігіттердің жалқаулығы басым болғандықтан, бір-екі аптадан аспай жатып, жұмыс істеуден бас тартады. Оларға не дейсің? Сырт көзге оңай көрінгенімен, жауапкершілігі бар жұмыс қой. Содан да қашқақтайтын шығар, – дейді Саят Рахымберліұлы.
Қалай десек те, еңбек ете білгеннің ырысы мол. Маңдайы терге малшынып, таң атқаннан кештің батқанынша қызмет істеген Саят секілді жігіттер елорданың айнадай жарқырауына өз үлесін қосып келеді. Риза боласың, шүкір етерің де осы...