Қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру, қазақстандық ғалымдардың халықаралық ғылыми кеңістікке шығуы, шетелдік басылымдарда мақала жариялау және латын әліпбиіне көшу мәселелері – бүгінгі қазақ тілінің болашағына қатысты маңызды тақырыптар. Осы және өзге де өзекті мәселелер төңірегінде белгілі америкалық түрколог, тарихшы Назарбаев Университеті Қазақ тілі және түркітану департаментінің профессоры әрі меңгерушісі, Еуразия зерттеулері докторантура бағдарламасының директоры Юлай Шамильоглумен сұхбаттасқан едік.
Қазақ тілі ғылым тіліне айналуы керек
– Қазақ «жеті жұрттың тілін білгенің, жеті белден асқаның» дейді. Он шақты тіл біледі екенсіз. Бәрін түгел қалай үйрендіңіз?
– Менің ұлтым – татар. Әкем Башқұртстаннан, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде тұтқынға түсіп, Германия арқылы 1951 жылы Америкаға барған. Шешем Манчжурияда өсті. Мен Нью-Йоркте тудым, өстім, оқыдым. Тілім татарша шықты. Әкем де, шешем де татарша, орысша, ағылшынша біледі. Шешем аздап қытайша, жапонша да сөйлейтін. Мүмкін менің көп тіл білуіме соның әсері болған шығар. Қазір ағылшын, француз, араб, түркі тілдес халықтардың тілдерін білемін, бұл менің ғылымда салыстыра зерттеуіме кең жол ашты. Дегенмен, өз басым мұны қатты тырысумен, беріле үйренумен ғана қатысты деп есептемеймін, ол биологиялық, генетикалық текке байланысты болуы ықтимал.
– Ғылым мен білім саласында қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Мемлекет басшысы да жолдауында «Қазақ тілі білім мен ғылымның, мәдениеттің тіліне айналды» деп нықтап айтқан еді. Сіздердің университет бұл жағында қандай құлшыныстар жасап жатыр?
– Мен 2017 жылы Назарбаев Университетініне департамент меңгерушісі болып тағайындалғаннан кейін «Қазақ тілін ғылым аясында қалай дамытамыз?» деген мәселені басты орынға қойдым. Осы мақсатта көпбағытты арнайы бағдарлама әзірледік. Ең алдымен, студенттердің тілдік деңгейін саралау тәсілін өзгерттік. Бұрынғыдай барлық студентті біркелкі негізгі топтарға сала бермейміз. Сондай-ақ, орыс бөлімін бітірген студенттердің білім деңгейін анықтау үшін Moodle жүйесі арқылы компьютерлік тест тапсыру тетігін қостық. Бірнеше жылдық тәжірибеден кейін жүйені толықтай жаңартып, негізгі пән ретінде «Академиялық қазақ тілі 1» және «Академиялық қазақ тілі 2» курстарын енгіздік. Себебі біздің түпкі мақсатымыз – жай ғана тұрмыстық, отбасылық-практикалық тілді оқыту емес, білім алушыларды ғылымға жетелейтін академиялық тілді меңгерту.
Академиялық тіл болмаса, оның негізінде ғылым тілін қалыптастыру мүмкін емес. Өмірде қарапайым көше тілі болады, одан жоғары – әдеби тіл мен академиялық тіл тұрады. Мысалы, газеттерде немесе көркем әдебиетте жақсы шығарма жазылып, бай тіл қолданылуы мүмкін. Бірақ ғылыми ортаға келгенде, нақтылық пен тереңдікті талап ететін академиялық тілдің орны ерекше. Академиялық жазылым дегеніміз – тек грамматиканы немесе сөздерді дұрыс қолдану емес, ол – өзіңнің ойыңды ғылыми тұрғыдан анық, тұжырымды жеткізе білу, пікір алмасу, эссе жазуда өзіңнің аргументіңді бере білу, гипотеза ұсына білу.
Қазақ тілін тек қана тұрмыстық тіл деңгейінде ұстамай, оны ғылымның тіліне айналдыруымыз керек. Механика, астрофизика, робототехника, инженерия немесе медицина саласы болсын – бәрінде де қазақ тілі ғылым тілі ретінде жұмыс істеуі тиіс. Бұл – өте өзекті мәселе. Ол – тек қазақ тілінің мәселесі емес, біздің жүйеміздің мәселесі. Біз 2026 жылдың 17 сәуірінде 8-ші рет дәстүрлі Жас ғалымдар конференциясын өткіздік. Бұл алқалы жиынды жыл сайын арнайы Ғылым қызметкерлері күніне орайластырып ұйымдастыруды игі дәстүрге айналдырғанбыз. Жиында баяндамашылар өз мамандығы бойынша қазақ тілінде баяндама жасайды.
Ғылым сапасын арттыра ма?
– Қазір докторанттар үшін Scopus-қа мақала шығару басты талаптың бірі. Сізше Scopus-қа мақала шығару қазақ ғылымның дамуына серпін беріп, септігін тигізіп жатыр ма?
– Иә, бұл тек Қазақстанда ғана емес, көп мемлекетте әлдеқашан маңызды мәселеге айналған. Қазір халықаралық стандартқа сай, ғылымды изоляциядан шығару логикасы түсінікті болғанымен, екінші жағынан формализм белең алып кетті. Өйткені халықаралық теориялық база мен әлемдік тенденцияны меңгермей, локальды мақаланы ағылшын тіліне аударта салу ғылымның деңгейін емес, керісінше провинциализмді көрсетеді. Сондықтан әлдекімдерге ағылшынша мақала жаздырғанша, алдымен ағылшын, француз, неміс тілдеріндегі (немесе Түркия сияқты туысқан елдердің халықаралық аудармалары арқылы) ғылыми еңбектерді көбірек оқып, методологияны меңгеруге мән беру қажет, өйткені ғылымды тұйық кеңістіктен шығару – бір түнде бұйрықпен орындала салатын іс емес, ол – зерттеушінің ішкі дайындығы мен жүйенің дұрыс бағыт беруінен тұратын екіжақты процесс. Сондықтан, халықаралық алаңға шығу үшін шетелдік тілді де білу керек.
Министрліктің талабын да түсінуге болады, яғни олар да осы елдегі ғылыми жұмыстарды халықаралық талаптарға сәйкес жүргізгісі келеді, бірақ қазақ әдебиеті бойынша шетелдегі журналға мақала шығарса, ол Қазақстандағы ғылымға қызмет ете ме? Меніңше, бір жағынан етеді, екінші жағынан қызмет етпейді. Неге? Егер ол өз тақырыбы бойынша ағылшын тілінде мақала жазып немесе алғышын тіліне аударып жариялаған күннің өзінде халықаралық әдебиеттен, халықаралық теориядан пайдаланбаса, ол тек Қазақстанның ғана дүниесін шетелге таныстыру ғана болып шығуы мүмкін.
Мен биыл жылдың басында бір мақала оқыдым. Онда 27 наурыздан бастап Қытай Ғылым академиясының Ұлттық ғылыми кітапханасы Қытайдағы зерттеулерді бағалау жүйесін 22 жыл бойы жалғастырып келген журналдар рейтингінің тізімін бұдан былай жаңартпайтынын, жарияламайтынын мәлімдеді. Себебі, Қытай ғалымдары Scopus жүйесінде ең жоғары 25% немесе 10%-дық рейтингке кіретін журналдарда жарияланған мақалалардың мемлекет пен отандық ғылымның нақты мәселелерін шешуге әрдайым айтарлықтай үлес қоса бермейтінін түсінді.
Екінші тұрғыдан, беделді халықаралық журналдарда мақала жариялаудың өзіндік құны да жоғары. Кейбір басылымдар мақала жариялағаны үшін, енді бірі әр бетіне ақы алады. Бұл төлемдер де қомақты қаражатты талап етеді. Қытайдың ғылыми жобаларға бөлетін қаржысының белгілі бір бөлігі осындай жарияланым шығындарына жұмсалады. Оның үстіне, бұл қаражаттың едәуір бөлігі еуропалық, америкалық және басқа да шетелдік баспалар мен ғылыми қоғамдарға кетіп, елге қайта оралмайды. Қытай ғалымдары осы мәселені де назарға алған. Бұдан бөлек тағы екі маңызды мәселені де аңғарды. Біріншіден, шетелдік журналдарда жарияланған мақалалардың Қытайдағы оқырманға пайдасы шектеулі. Өйткені олардың басым бөлігі ағылшын тілінде жарық көреді, ал Қытайдағы оқырмандардың бәрі бірдей ағылшын тіліндегі ғылыми еңбектерді еркін оқи алмайды. Екіншіден, халықаралық ең жоғары рейтингті журналдарда жарияланған мақалалардың өзі ғылымның тереңдеуіне әрдайым жол аша бермейді. Себебі, мұндай басылымдардағы ғылыми талқылаулардың кейбірі мәселеге терең бойламай, көбіне әр шөптің басын бір шалып, бетін қалқып ғана өтетін жағдайы да жоқ емес. Демек, Қытай тәжірибесі бізге көп нәрсені үйретеді. Егер мемлекет академиялық бағалау жүйесін тек «қанша жарияланым бар, қай индексте жарық көрді, қанша дәйексөз алынды?» деген сұрақтарға негіздесе, түптің түбінде көп мақала өндіретін, бірақ өзекті мәселелерін терең пайымдауға қиналатын академиялық орта қалыптасуы мүмкін.
– Scopus та сауданың жолы болып бара жатқан жоқ па?
– Дұрыс айтасыз, қазір Scopus жүйесінің өзі де белгілі бір деңгейде бизнеске айналды. Мысалы, Scopus – Elsevier компаниясына тиесілі жеке коммерциялық өнім. Elsevier-дің өз журналдары мен ірі баспа жүйесі бар. Бұдан бөлек, Taylor & Francis, Springer, Brill, De Gruyter сияқты ірі халықаралық баспалар да ғылыми жарияланымдарды қомақты қаржыға айналдырады. Олар осы нарықтағы табыс үшін бәсекелеседі. Сондықтан біз белгілі бір деңгейде Scopus жүйесінің ғана емес, осы жүйенің айналасында қалыптасқан ірі ғылыми баспа бизнесінің де «құрбаны» болып отырмыз. Мәселен, осы аптада мен редколлегия мүшесі болған журналдардың біріне Қытайдан электронды хат келді. Хатта журнал редакторымен байланысып, мақаланы жеделдетіп жариялау үшін қосымша ақы төлеуге дайын екендері жазылған. Бұл да ғылымның бизнеске айналып бара жатқанының бір көрінісі.
Латынға көшу әріпті ғана ауыстыру болмауы керек
– Қазақстандағы қазақ тілінің қазіргі дамуына қалай баға бересіз?
– Мен Қазақстан азаматы емеспін. Сондықтан бұл мәселеге сырт көз ретінде қараймын. 2016 жылы Назарбаев Университетінде тұрақты жұмыс істей бастаған кезде атриумда көбіне орыс тілін еститін едім. Қазақ тілі өте аз қолданылатын. 2022 жылдың ақпанынан кейін жағдай бірден өзгеріп, көп адам қазақ тіліне көшуге тырыса бастады. Әлі де орыс тілінде сөйлейтіндер бар, бірақ бұрынғы кезеңмен салыстырғанда қазақ тілі айтарлықтай жандана бастады деп ойлаймын. Дегенмен алда әлі ұзақ жол жатыр.
Мен тарихшы болғандықтан, ең алдымен балаларға көңіл бөлу керек деп ойлаймын. Біз ересек адамдарды, тіпті сіз бен мен сияқты жастағыларды өзгертеміз деп көп үміттенбеуіміз керек. Негізгі назарды жас балаларға аударған жөн.
Қазақстандағы мектептер мен медиа кеңістігі әлі толықтай қазақ тілінде емес. Оның үстіне шетелдік медиа өнімдері де елге еркін еніп жатыр. Меніңше, бұл саясатқа ғана емес, адамдардың менталитеті мен көзқарасына да ықпал етеді. Сондықтан Қазақстан өзінің ұлттық медиасына ие болып, ақпараттық кеңістігін өзі қалыптастыруы керек. Сонымен қатар, Қазақстанда қазақ тілін білмей-ақ қиналмай өмір сүре беруге болатын жағдай болмауы керек деп ойлаймын. Егер адам қазақ тілін білмей-ақ барлық жерде еркін өмір сүре алса, кейбір адамдар үшін қазақ тілін үйренудің қажеттілігі де қалмайды. Америка Құрама Штаттарында ресми тіл жоқ. Бірақ ағылшын тілін білмесеңіз, өмір сүру өте қиын. Германияға барсаңыз, неміс тілін үйренуге тура келеді. Түркияда да түрік тілін білмей өмір сүру оңай емес. Қазақстанда да осы мәселені қарастыру керек деп ойлаймын.
– Қазақстанда латын графикасына көшу мәселесі тәуелсіздік алғаннан бері айтылып келеді. Сіз қалай қарайсыз, латын графикасына көшу қажет пе?
– Бұл туралы менің пікірім күрделі. Әрине, Қазақстанның латын графикасына көшуін қолдаймын. Ортақ түркі әліпбиі бар, ол қабылданды. Оның өз кемшіліктері мен проблемалары бар. Сонымен қатар кейбір мемлекеттер оның басқа нұсқаларын қолданады.
Қазақстандағы негізгі мәселе – латын графикасына көшудің өзі емес, емле мәселесі. Қазақ тілінің дыбыстық жүйесін, сөздердің жазылу принциптерін қайта қарау керек. Мысалы, «уақыт», «тау», «бару», «келу» сияқты сөздердегі «у» дыбысын латын графикасында қалай таңбалаймыз? «u» арқылы ма, әлде «v» немесе «w» арқылы ма? Бұл жай ғана әріпті ауыстыру мәселесі емес. Әлімхан Жүнісбек сияқты ғалымдардың қазақ тілінің дыбыстық жүйесі мен емлесін қайта қарау қажеттігі туралы айтқан пікірлері бар. Мен бұл көзқараспен толық келісемін. Ал кейбір ғалымдар кириллицадағы қазіргі емлені сол күйінде латын графикасына көшіргісі келеді. Меніңше, бұл қажет емес әрі дұрыс емес. Тілді жаңа графикаға көшіргенде оның ішкі табиғатын ескеру керек. Егер дұрыс реформа жасалмаса, кириллицада қала берген әлдеқайда жақсы. Жаман латын графикасына көшудің қажеті жоқ.
Жақында 1926 жылғы Баку конференциясының жүз жылдығына байланысты қазақ тілінде жазылған бір кітапшаны тауып алыдым. Ондағы қазақ тілінің емлесі қазіргі қолданыстағы емледен мүлде өзгеше. Мен қазіргі емлені белгілі бір дәрежеде отаршылдық кезеңнің, нақтырақ айтқанда, сталиндік кезеңнің тіл саясаты қалыптастырған емле деп бағалаймын. Ол қазақ тілінің табиғи жүйесін бұзды. Сондықтан бұл емлені латын графикасына сол күйінде көшірудің қажеті жоқ.
Алаш зиялыларының бір ұстанымы бар еді: «Бір дыбысқа – бір таңба» немесе «Бір таңбаға – бір дыбыс». Ал қазіргі кирилл жазуымызда бір таңба бірнеше түрлі дыбысты бере алады. Бұл да үлкен мәселе. Ағылшын тілінің емлесі өте күрделі. Бірақ оның ар жағында бес жүз, тіпті мың жылдық жазу дәстүрі жатыр. Бұл – бөлек мәселе. Ал түрік тілінің, неміс тілінің емлесі әлдеқайда жүйелі: сөздің жазылуына қарап, оның қалай айтылатынын шамамен түсінуге болады. Қазақ тілінде де осындай жүйелілікке ұмтылуымыз керек.
– Қазір қазақ тілінде өзге тілдерден енген атаулар да көп. Оларды ығыстырып, мүмкіндігінше төл сөздерімізге қайта оралуымыз керек пе?
– Алаш зиялыларының терминологиясында таза қазақша атауларды қалыптастыруға ұмтылыс болды. Меніңше, күнделікті жиі қолданылатын кейбір сөздерге қазақша балама жасауға болады. Бірақ ғылым тілінде халықаралық терминдердің бәрінен бас тарту дұрыс емес. Бұл қазақ тілінің халықаралық ғылымға интеграциялануына кедергі келтіруі мүмкін. Мысалы, түрік тілі «компьютер» сөзінің орнына bilgisayar, венгр тілі számítógép деген өз атауларын қалыптастырған. Сондықтан, әр тілдің өз терминдерін жасауына болады. Қазақ тілінде де көптеген терминдерді тілдің ішкі мүмкіндігі арқылы қалыптастыруға мүмкіндік бар.
Алайда бұл өте күрделі мәселе. Өйткені жаңа терминдерді кім жасайды, оны кім қабылдайды, ғалымдар мен қоғам оны қалай қолданады деген сұрақтар туындайды. Егер әр терминді жаңадан ойлап таба берсек, қазақ тілінің ғылым тілі ретінде қалыптасуына керісінше кедергі болуы мүмкін. Сондықтан ең бастысы – стандарт қажет. Мысалы, Алаш арыстары шет тілдерден кірген сөздердің емлесіне қатысты белгілі бір стандарттар болған. Қазір де қазақ тіліне шетелдік сөздерді қабылдау және қолдану тәртібіне қатысты нақты стандарттар жасалуы керек деп ойлаймын.
Сұхбаттасқан
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ