Жақында ғана өткен құрылтай сайлауы кезінде Мемлекет басшысы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифингте қазіргі қоғамдағы қалыптасқан амандасу мәдениетіне назар аударды.
«Жастардың, егде адамдардың жүріс-тұрысына қарап, байырғы дәстүрлі құндылықтарымызға оралу қажет деген шешімге келдім» деп ұлттық құндылықтың ұлттық болмысты сақтаудың темірқазығы екенін айрықша атаған Президент сәлемдесу мәселесін тек амандасу әдебіне қатысты емес, жалпыұлттық мәдениет пен қоғамдық тәртіптің ажырамас бөлігі ретінде қарастыру керек екенін жеткізді. Оның пікірінше, күнделікті жүріс-тұрысымыздан бастап, айналамыздың тазалығына дейінгі қарапайым мәдениет ұлттық болмысымыздың көркем көрінісі болуы тиіс. Президент ер адамдардың бір-бірімен құшақтасып, сүйісіп амандасуын, сондай-ақ ерлер мен әйелдердің сәлемдесу кезінде бір-бірінің бетінен сүюін қазақтың дәстүрлі әдетіне жат деп атап өтті.
Әр ұлттың, әр халықтың өзіне тән амандасу тәртібі, сәлемдесу әдебі бар десек, «Сәлем – сөздің анасы» деп білген қазақ халқы да амандасуға ерекше мән беріп, оны үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетудің, сыйластық пен татулықтың бастауы, адами қасиеттің басты белгісі деп білген.
Қазақ халқының амандасу дәстүрі адамның жасына, мәртебесіне, туыстық жақындығына және қоғамдық ортадағы орнына қарай қалыптасқан. Кездескен адамның хал-жағдайын сұрап, амандығын білу – ізеттіліктің белгісі саналған. Әсіресе, жасы кіші адамның үлкенге бірінші болып сәлем беруі міндет әрі тәрбиенің көрінісі болған. Демек, көрген жерден бас салып құшақтамай-ақ, «Армысыз?», «Ассалаумағалейкүм», «Амансыз ба?», «Мал-жаныңыз аман ба?» деген дәстүрлі сәлемдесу сөздерінің әрқайсысының астарында үлкенді сыйлау, ел-жұрттың тыныштығын тілеу секілді терең мағына жатыр.
Әйелдері сәлем салып немесе «Есенсіз бе?», «Сәлем бердік» деп сызылып аса ізеттілік танытып амандасса, «Өркенің өссін», «Бақытты бол, айналайын» деген сияқты алқау сөзден бастап есендік сұрасқан қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан бұл сәлемдесу салты Кеңес Одағының «дәуірлеген» кезінде сабындай бұзылды. Көрген жерден ер демей, әйел демей ернінен кенеше жабысып сүйісіп амандасу тұтас Одақта үлкен үрдіске айналды. Кеңес Одағының сол кездегі басшысы Леонид Брежневтің «социалистік бауырластық сүйісінен» (1979 жылы Германия Демократиялық Республикасының 30 жылдығына арналған салтанатты іс-шарада Брежнев пен Эрих Хонеккер өте жақын тату екенін дәлелдеу үшін аузынан сүйіп амандасқанын француз фотографы Режис Боссю түсірсе, 1990 жылы суретші Дмитрий Врубель осы фотосуретті негізге алып, Берлин қабырғасына «Құдайым, осы ажал құштырған махаббаттан аман қалуыма көмектес» атты әйгілі граффитін салды) бастау алған бұл жағымсыз әдет кейін қарапайым халық арасына да арам шөптей қаулады да кетті. Атасымен құшақтасып амандаспақ түгілі, бетіне түзу қарамаған қазақтың ибалы келіндері сол кезден бастап атасына бетінен сүйгізіп (үлкен ақсақалдардың батасын беріп маңдайынан иіскеудің жөні бөлек) амандасатын, той-томалақта белінен ұстатып бұрала биге басатын бейбастыққа дейін барды. Кеңес Одағы күйреп, егемен ел болғанымызға 40 жылға таяса да социалистік тәрбиемен сүйекке сіңген осы бір жағымсыз амандасу тәртібі әлі күнге дейін қоғамымызда кездесіп қалады. Әсіресе, ер адамдардың бір-бірін құшақтап, бетінен сүйіп амандасуы қалыпты құбылысқа айналып бара жатқаны байқалады. Мұндай әдеттің сырттан енгенін ескерсек, оның ұлттық салт-дәстүрмен қаншалықты үйлесетінін қайта таразылайтын уақыт жеткен сияқты.
Оның үстіне, бұл дәстүр Түркия, Қытай сияқты «социалистік сүйісті» үйренбеген елдерде жоқ. Ер адамдар Ассалаумағалайкум деп қолын кеудесіне қойып сәлем берсе, әйелдерге амансыз ба деп сәлемдесу жеткілікті. Ер мен әйелдің қол алысып амандасуының өзі бертінде белең алды. 1998 жылы Қазақстаннан туысқандарымыз Қытайға сапарлай барғанда ағаларымыздың келіндердің бетінен сүйіп амандасқанын көріп, кәрі әжелеріміз ұяттан беті қызарып теріс айналғанын мен де өз көзіммен көріп едім. «Қарағам, қырық жыл қырғын болса да ата салтыңды ұмытпа, деген атаң қазақтың баласымыз. Бұл жақта келіндердің бетінен сүйіп амандасу деген тұрпайы әдет жоқ» деп апаларым қатаң ескерту жасап еді.
Заман өзгеруіне, қоғамның дамуына ілесе, адамдардың қарым-қатынас формасы да жаңарады. Өзге халықтардың мәдениетімен араласу, жаһандану жағдайында түрлі әдеттердің қатар өмір сүруі – заңды құбылыс. Алайда жаңаруды ұлттық ерекшеліктен ажыратып қарауға болмайды. Өзге мәдениеттен келген әрбір әдетті ойланбастан қабылдау ұлттық болмысты біртіндеп көмескілендіріп, біреудің жасығы ұлтыңның асылына айналып шыға келуі әбден мүмкін. Сондықтан Президенттің амандасу мәдениетіне қатысты пікірі – бір ғана сәлемдесу тәсілін сынау емес, қоғамдағы күнделікті мәдениетке назар аударуға шақырған ой деп қабылдаған жөн. Ұлттық құндылық үлкен ұрандардан ғана тұрмайды. Ол үлкенге қалай сәлем бергеніміз, кісіге қалай құрмет көрсеткеніміз, қоғамдық ортада өзімізді қалай ұстағанымыз сияқты кішкентай әдеттерден басталады.
Президенттің назары қоғамдағы үлкен өзгерістердің кейде дәл осындай қарапайым дүниелерден басталатынын көрсетеді. Өйткені бізде Президенттің сөзіне, пәрменіне ерекше мән берілетіні жасырын емес. Мемлекет басшысы айтпайынша, талай мәселе қоғам талқысына түспей, тиісті деңгейде қолға алынбай қалады. Президент бір мәселені көтерсе ғана мемлекеттік мекемелер қозғалып, жауаптылар есеп беріп, ақпарат құралдары жаппай жаза бастайды. Тіпті күнделікті өмірдегі қарапайым әдеттерді өзгертудің өзі жоғарыдан белгі берілмесе, оңай жүзеге аса қоймайтынына етіміз де үйреніп кетті.
2020 жылы бүкіл әлемді індет жайлап, жұрт бір-біріне жақындасудан қорыққан кезде құшақтасып, бетінен сүйіп амандасу дұрыс па, қол алысып амандасу міндетті ме деген мәселе де көтерілгені жұрттың есінде болар. Демек, қазақтың амандасу әдебінде мәдениеттілікпен қатар, үлкен тазалық жатыр. Бұл да ескеретін түйін. Мәселен, той-томалақта қолын жуып дастарқан басына жайғасқан кісілерге соңынан келгендер жағалай қол беріп амандасып алады да, «қолымды жуып» келейін деп дастарқан басынан қайта тұрып жатады. Бір қарағанда, бұл – қарапайым ғана әдет сияқты. Алайда оның астарында тазалықты сақтау, астан бұрын қол жуу, өзгенің қолына тиген қолмен дастарқанға қайта отырарда сақтық таныту секілді қарапайым гигиеналық мәдениет жатыр. Бәлкім, Президенттің осы мәселеге назар аударуының бір мәні де осында шығар. Дәстүрді сақтай отырып, оның мазмұнын заман талабына сай қайта пайымдау – ескіні жоққа шығару емес, керісінше, жақсы әдеттің өміршеңдігін қамтамасыз ету. Адамға деген құрмет кейде қол беруден, құшақтасудан емес, жылы жүзбен бас изегеннен де аңғарылады.