Жасөспірімдердің жұмысқа ерте араласқаны жөн бе?

Жасөспірімдердің жұмысқа ерте араласқаны жөн бе?

Біздің қоғамда «Еңбек адамы» ұғымы жаңа мазмұнға ие болып, оның жас ерекшелік шекарасы едәуір жылжыды. Егер бұрын алғашқы еңбек жолы әдетте диплом алғаннан кейін басталса, бүгінгі цифрлық дәуір мен нарық талабы 14-17 жас аралығындағы жасөспірімдердің мектеп қабырғасында жүріп-ақ табыс табуына жол ашты. Бұл заманауи трендтің пайда болуына, ең алдымен, цифрлық мүмкіндіктердің кеңеюі әсер етті. Қазіргі SMM (Social Media Marketing), мобилография, фриланс сияқты салалар арнайы дипломды емес, тек қолыңдағы смартфоныңмен кәсіби түрде бейнематериал түсіріп, оны өңдей алуды талап етеді. Оған қоса, әлеуметтік медиадағы «self-made» трендтері мен жастардың ата-анасына салмақ салмай, өз қажеттіліктерін өтегісі келетін қаржылай тәуелсіздікке ұмтылысы бұл үрдісті жеделдете түсті.

Cоңғы уа­қытта жастар ара­сында «18 жа­сымда ата-­анама су жаңа көлік сыйладым», «20 жасымда алғашқы пәтерімді алдым» деген сияқты бейнежазбалар әлеуметтік желілер арқылы кеңінен тарауда. Бұл үрдістер еңбекке ерте жастан араласып, қомақты қаржы табуға итермелейді.

Жастардың жиі таңдайтын саласы – фриланс. Фриланс – гибридті немесе еркін жұмыс кестесімен қолыңда смартфон болса, кез келген жерден жұмыс істеуге мүмкіндік беретін сала. Көбіне IT саласына, әлеуметтік желілердегі онлайн және оффлайн дүкендердің парақшаларын дамытуға байланысты. Бұл құбылыстың ішкі сырын түсіну үшін шынайы өмірде ерте жұмыс бастаған 16 жасар мобилограф Диастан шағын сұхбат алған едік:

«Мен 15 жасымда түсірілген бейнематериалды монтаждауды өз бетімше үйреніп, басында туыстарымның және достарымның парақшаларына тегін салып жүрдім. Ал қазір шағын дүкендерден тапсырыс алып, айына орташа есеппен 150-200 мың теңге табыс табамын. Маған ең маңыздысы – ыңғайлы уақытта жұмыс істеу және ата-анамнан қаржылай тәуелсіз болу. Басында сабақ пен жұмысты қатар алып жүру қиын болып, ұйқым қанбады. Бірақ кейін тайм-менеджментті үйрендім; мен үшін грантқа түсу де маңызды болғандықтан, жұмысты тек кешкісін немесе демалыс күндері 2-3 сағатқа ғана жоспарлаймын».

Диастың анасы, 42 жастағы Айнұр да бұл жағдайға байланысты өз алаңы мен қуанышын жасырмады:

«Шыны керек, басында ұлымның сабағы нашарлап кетеді деп уайымдадым. Балалық шағы алаңсыз өткенін ойладым. Бірақ қазір Диастың жауапкершілігі артып, ақшаның қадірін түсінгенін көріп қуанамын. Ол тапқан табысын оңды-солды шашпайды. Болашақ оқуына жинап жүр. Ал мен тек оның денсаулығы мен сабағына зиян келмеуін қадағалап отырамын» дейді ол.

Әрине, барлық жасөспірім жаппай SMM сияқты салаларды таңдамайды. Өз икеміне қарай даяшы, курьер, бариста, сатушы сияқты жұмыстарға орналасуы мүмкін. Яғни ауысымға шығуына, күніне қанша сағат жұмыс істегеніне байланысты табыс табады. Келесі кейіпкеріміз – 17 жасар Айдана. Ол қаладағы кофеханалардың бірінде бір ай бариста қызметін атқарып, келіскен мерзімде тиісті еңбек­ақысын ала алмаған.

«Мектептегі сабағым түске дейін, сол себепті сабақтан кейін барып істеуге болатын жұмыс іздедім. Телефоным ескілеу болғаннан кейін мобилографияны қарастырмадым. Үйге жақын әрі барып істеп келетін жұмыс қажет болды. Тредстен бір кофеханаға ба­риста іздеп жатқанын оқыдым, тәжірибесі болмаса, өзіміз үйретеміз деп жазыпты. Қыз болғаннан кейін әр нәрсеге қызығасың, жақындарыңды қуантқың келеді. Бірақ ата-­анама салмақ салғым келмеді. Жұмысқа шақырған нөмір бойынша жазып, хабарластым. Келесі күні шақырды, арамыз­да келісімшарт болмады. Дегенмен басында ол жердегілер жылы қарсы алды, ізет көрсетті. Солай 14:00-ден 22:00-ге дейін 8 сағаттық ауысымға жұмысқа шықтым. Үйге жақын болғаннан кейін әкем рұқсатын берді. 1 айға 150000 теңге төленуі керек еді. Бірақ 1 айдан кейін маған 50000 теңге ғана төленді. Қалғанын алдағы апта жібереміз дегеніне екі ай уақыт өтті. Ата-анаммен кофеханаға барғанымызда, ол жерде тек даяшы болды, жұмысқа алған кісіге хабарласып едік, телефон тұтқасын көтермеді» деп әңгімеледі Айдана өз басынан кешкен жағдайды.

Мұндай оқиғалар қай салада болсын жиі кездеседі. Алайда кәмелет жасына толмағандар сәтсіздікке көбірек ұшырайды. Бұл мысалдан көріп отыр­ғанымыздай, ерте еңбекке араласудың артықшылығы да, кемшілігі де бар. Мысалы, оң тұстары:

– жасөспірімдердің қаржы сауаты артады, тұтынушылармен сөйлесу мен уақытты басқару (soft skills) деңгейі жақсарады;

– өздерін әртүрлі салада бай­қап көру мүмкіндігі артады;

– қаржылай тәуелсіз болу ата-ананың да өмірін жеңілдетеді.

Дегенмен бұл үрдістің өзіндік тәуекелдері де жоқ емес. Мектеп бағдарламасы мен жұмысты қатар алып жүру жас­өспірімнің жүйке жүйесіне салмақ түсіріп, эмоционалдық сарқылуға (выгорание) әкелуі мүмкін. Сондай-ақ тез келген алғашқы ақшаның буымен бала мектептегі білімді екінші орынға ысырып тастауы ықтимал. Тіпті еңбек заңнамасын білмегендіктен, жасөспірімдердің заңсыз ұзақ жұмыс уақытына жегіліп, еңбек қанаушылығына немесе алаяқтардың құрбаны болу қаупі бар. Дәл осы себептен Қазақ­стан Республикасының Еңбек кодексінде жасөспірімдердің еңбек етуі қатаң шектелген: 14-16 жастағыларға ата-анасының жазбаша келісімімен сабақтан тыс уақытта аптасына 24 сағаттан, ал 16-18 жастағыларға аптасына 36 сағаттан аспайтын жеңіл жұмыстарға ғана рұқсат етіледі. Сондай-ақ оларды түнгі немесе зиянды, ауыр жұмыстарға тартуға заңмен тыйым салынған.

Ойымызды түйіндесек, заманауи «Еңбек адамы» тренді ерте жастан табысты болуға, еңбекке араласуға үйрететінін түсіндік. Алайда ғаламтордағы мысалдарды көрген бала ақшаның артынан ерте қууды бастаса, кері әсерін тигізуі мүмкін. Себебі әлем бойынша тұрақты табысқа жету – орташа есеппен 36-42 жас. Ал миллионерлердің орташа жасы – 50-ден жоғары. Ең бастысы, бұл процесс баланың оқуына, денсаулығына және балалық шағына зиян келтірмеуі тиіс. Сондықтан ата-аналар мен қоғамның міндеті – баланың бұл ұмтылысын тұншықтырмай, оған дұрыс бағыт-бағдар беріп, құқықтық әрі психологиялық тұрғыдан қолдау көрсету арқылы саналы, жауапты және бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыру.

Ақерке ЗӘРУБАЙ,

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебінің

3-курс студенті