Экологиялық акция өткізілді

Экологиялық акция өткізілді
фото: Оңалхан Өнерхан

Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония ұжымы елордада ауқымды экологиялық акция өткізді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Астана қаласында өтіп жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы мен Бүкіләлемдік тазалық күнiн (World Cleanup Day) қолдау мақсатында Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы ауқымды экологиялық акция өткізді.

Табиғатқа жанашырлық пен еңбекқорлықты ұштастырған экологиялық шараға 400-ге жуық адам қатысты. Атап айтқанда,  Астана қаласы Мәдениет басқармасының басшысы мен қызметкерлері, филармонияның әкімшілік ұжымы, сондай-ақ елге танымал әртістер мен өнер ұжымдары белсене атсалысты.

Шара барысында филармонияға іргелес аумақтар, саябақтар мен гүлзарлар күп-құқып қоқыстан тазартылып, абаттандыру мен санитарлық тазалау жұмыстары жүргізілді. Сахнада әуезді әнімен көрермен көңілін баураған өнер иелері бұл жолы қолдарына сыпырғы мен қап алып, қала тазалығына өзіндік үлестерін қосты.

«Мәдениет ошағы тек рухани азық сыйлап қана қоймай, қоршаған ортаны аялауда да үлгі болуы тиіс. Бүгінгі сенбілік - өнерпаздар мен басшылықтың, барша қызметкерлердің басын біріктірген нағыз еңбек мерекесіне айналды. 400-ге жуық әріптесіміздің жұмыла кірісуі – туған қаламызға деген сүйіспеншіліктің жарқын көрінісі», – деп атап өтті Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының әртісі Тұрар Төлеутай.

Елорданың экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған мұндай шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.