Көрнекті қоғам қайраткері, ақын, жазушы, лингвист ғалым, Қазақстанның Еңбек Ері, дипломат Олжас Омарұлы Сүлейменов 90 жасқа толды. Оның есімі қазақ әдебиетімен ғана емес, ұлттық рухани жаңғырумен, бейбітшілік идеялармен және түркі дүниесінің мәдени тұтастығымен қатар аталады.
Aқынның 90-жылдығына орай елімізде әртүрлі форматта іс-шаралар белгіленген. Оның көп томдық шығармалар жинағы қайта басылып, арнайы фотоальбомдар жарық көруде. Республика көлемінде ғылыми конференция мен жиындар өтуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Олжас Омарұлы Сүлейменовті мерейтойымен құттықтап, шығармашылығы мен азаматтық ұстамын жоғары бағалады.
«Жақсының жақсы ісін айту – заңдылық. Ел үшін туған ерді ұлықтау мәңгілік» деген қағиданы ескеріп, Есіл ауданы Ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ғалымдарының қатысуымен «дөңгелек үстел» жиыны өтті.
ЕҰУ профессоры, физика-математика ғылымдарының докторы, ҚР жоғары мектебі Ғылым академиясының академигі, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, Қазбек Бақтыбеков Олжас Сүлейменовтің азаматтық ерлігінің биік көрінісі – «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы туралы тұшымды естелік айтты.
1949 жылдан бастап қазақ жерінде, оның ішінде, Семей аумағында 500-ге таяу ядролық қару сынағын өткізген кеңестік империяның өктемдік саясатына енді төзуге болмайтынын ашық айтып, алаңға шыққан халық толқуын қолдаған
Олжас өз елінің күрескері екенін көрсетті. Соның нәтижесінде атом жарылысының үні өшті. Әрине, ол оңайлықпен келген жоқ. Қаншама айтыс-тартыс. Мәскеудегі шенділердің қысымы, саяси тұрғыдағы айыптаулар болса да, халықтың қарқынды шеруін тоқтата алмады.
Олжастың орда бұзар отыздың ішіндегі жасында «Игорь жасағы» туралы жазған еңбегі Кеңестің Одақта ғана емес, төрткүл дүниені дүр сілкіндірді. Ол ашық күні түскен найзағайдан кем болмады. Олжастан кейін «Игорь жасағы» туралы жазуға да, айтуға да мүлдем тыйым салынды. Содан бері күні бүгінге дейін ол жөнінде ешбір адам жазбаған. Ол туралы әңгіме бөлек.
Біздің айтпағымыз, қазақтың арда ұлы, заңғар тұлға Олжас Омарұлының дүние жүзін таң қалдырған еңбегі мен күрескер табандылығы, ішкі діңгегінің мықтылығы. Оның жарқын дәлелі – «Аз и Я» кітабының шығуы. Осы шығармасы үшін Олжастың басы кете жаздағаны шындық. Дер кезінде Димаш Ахметұлы Қонаев араша түспегенде жағдай басқаша болуы мүмкін еді.
Ұлыны ұлы тани білуінің арқасында Олжас қаһарман болып қалды. «Аз и Я» кітабының шығу тарихи, онымен күрес те ерекше болды. 15 миллион тиражбен шыққан кітап өртеліп, бүкіл дүкен сөрелерінен, кітапханаларынан алынып тасталса да, оған деген халықтың ынтасы тоқталмады. Ол жайында Л.Н.Гумилёв атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебі, журналистика және медиаөнер кафедрасының қауымдастырылған профессоры Гүлжауһар Жамбылқызы әсерлі әңгімелеп берді. Ол «Адамға табын, жер, енді» деген поэмасын Олжастың өзі оқыған сәтінің куәсі болғанын, жалындаған, арындаған жас ақынның саңқылдаған қуатты дауысымен ерекше шабытпен оқыған бейнесін күні бүгінге дейін ұмытпайтынын тебірене айтты.
Ақынның құрметіне өткізілген Есіл ауданындағы жиынға қатысып, тамаша естеліктер айтқан Еуразия Ұлттық университеті ғалымдарына, қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Сейтжанұлы Есілов жүрекжарды ризашылығын білдірді.
Олжас Сүлейменовтің әлемде бейбітшілік сақтау жолындағы ерен еңбегіне орай халықаралық Нобель сыйлығына ұсынылғанына ардагерлер қуаныштымыз әрі қолдау білдіреміз.
Қарлығаш ҚҰСПАН,
Қалалық Ардагерлер кеңесі медиатобының
және ҚР Журналистер одағының мүшесі