Астанада Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры жаңа 36-шы маусымын ашты. Театр маусымы М.Әуезовтің «Қарагөз» қойылымымен басталды.
«Қарагөз» трагедиясы – қазақ драматургиясының алтын қорындағы шоқтығы биік шығармалардың бірі. Спектакльде Сырым мен Қарагөздің тағдыры арқылы махаббат пен дәстүр, жеке адамның таңдауы мен қоғамдық көзқарас арасындағы қайшылықтар көрсетіледі. Қоюшы ресжиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлсина Миргалиева. Қоюшы суретші – Қанат Мақсұтов. Композитор – Олжас Дәлелхан. Хореограф – Салтанат Сұңғат. Киім суретшісі – Мадина Қосмағанбетова. Қарагөз рөлін актриса, ҚР «Дарын» Мемлекеттік Жастар сыйлығының лауреаты Ақмарал Танабаева, Сырымды Әнуар Бектас, Нарша рөлін Бәзіл Сұлтанғазы сомдайды. Сонымен қатар, спектакльде «Құрмет» орденінің иегерлері Майра Омар, Ержан Нұрымбет, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Қуандық Қыстықбай, актриса Айнұр Жетпісбаева және тағы басқа актерлер өнер көрсетті. Жаңа маусымда театр көрерменге классикалық шығармалармен қатар, заманауи драматургия туындыларын және түрлі жанрдағы спектакльдерді ұсынады.
Қараша айында театрдың 35 жылдық мерейтойы аталып өтеді. Мерейтой аясында театрдың шығармашылық жолын саралап, өнер ұжымының бүгінгі тынысын танытатын бірқатар іс-шара ұйымдастырылады. Театрдың жаңа 36-шы маусымы ұлттық классика мен заманауи драматургияны тоғыстыра отырып, көрерменге сан алуан жанрдағы жаңа қойылымдар мен шығармашылық жобаларды ұсынып, театр өнерінің жаңа белесін қалыптастыруға бағытталады.