Дипломның қауқары қандай?

Дипломның қауқары қандай?

Білім жолы – бір белеспен аяқталатын сапар емес. 11 жыл мектеп қабырғасында білім алған түлек 4 жыл жоғары оқу орнында өзі таңдаған мамандығын оқиды. Одан кейін тағы 2 жыл магистратура, қажет болса, докторантура... Осылайша білім жолының тізімі жалғаса береді. Яғни мектептен университетке, университеттен магистратураға, одан кейін тағы бір дипломға ұмтыламыз. Дегенмен, дәл осы арада қағаздағы біліктілік көбейген сайын, адамның өмірге, жұмысқа, өз кәсібіне араласатын уақыты қысқарып бара жатқан жоқ па деген заңды сұрақ туындайды.

Қазір қоғамда «көп оқу керек пе, әлде сапалы оқу керек пе?» деген түйіннің маңызы артып келеді. Бұрын білімділіктің өлшемі қанша уақыт оқығанымен, неше дип­лом алғанымен бағаланса, бүгінгі күнде бұл түсінік өзгеріп, алған білімің кәдеге жарау, жарамау мәселесіне ауыса бастады. Яғни, оқыған уақытының ұзақтығы емес, одан алған білімінің нақты пайдасы, алған білімді тәжірибеде қолдана алуы және еңбек нарығына қаншалықты дайын деген көзқарас алға шықты. Әсіресе, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі т.т. деген сияқты мамандықты 4 жыл оқытудың қажеті қаншалық деген мәселе соңғы кездері жұрт арасында жиі айтылып жүрген.

Жақында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат ­Нұрбек Үкіметтегі брифинг барысында жоғары оқу орындарындағы оқу мерзімін қысқарту жоспары туралы айтып, «Кейбір мамандықтар үшін төрт жыл оқу – ұзақ. Өйткені бұл аралықта білім беру мазмұны айтарлықтай өзгеріп үлгереді. Сондықтан біз Үкіметке жоғары оқу орындарында қолданбалы бакалавриат форматында қысқартылған оқу бағдарламасын енгізу жөнінде ұсыныс бердік» деп мәлімдеді.

Сондай-ақ ол жоба сынақ ретінде қолға алынғанына да тоқталды. «Біз 2022 жылдан бастап мемлекеттік білім беру стандарттарын өзгерттік. Қазір жоғары оқу орындары оқу мазмұнының 92 пайызын өздері анықтап, өзгерте алады, оның ішінде оқу ұзақтығы да бар. Astana IT University-де үш жылдық бакалавриат бойынша қанатқақты жоба болды. Біз екі жарым және үш жылдық бакалавриатқа рұқсат береміз. Университеттер оқу мерзімімен тәжірибе жасап, эксперимент жүргізе бастады» деді министр.

Әрине, бұл – қуана құптайтын бастама. Десе де, бұл жерде назар аударатын ең маңызды нәрсе – оқу жылын жай ғана қысқарту емес. Шәкірттерге беретін білімнің мазмұны да соған сай өзгеруі керек. Яғни, төрт жылға жоспарланған бағдарламаны үш жылға қысқартып, қысып тастау емес, студентке шынымен қажет дүниені іріктеп, оны тиімді жолмен меңгертудің жаңа тәсілін табу маңызды. Өйткені бүгінгі студент үшін университетті бір жыл ертерек аяқтау – бір жыл ертерек тәжірибе жинау, мамандық бойынша жұмыс істеу, өз саласында қалыптасу деген сөз. Ал еңбек нарығы ешкімді күтіп тұрмайды. Екінші тұрғыдан, бір жылға қысқарған оқу студентке тек уақыт жағынан емес, қаржылай да жеңілдік әкелуі мүмкін. Яғни бір жыл азайса, соған сәйкес оқу ақысы, жатақхана, жол ақысы секілді шығындары да азаяды. Ал ең маңыздысы – жас маман еңбек нарығына бір жыл ертерек шығып, тәжірибе жинай бастайды.

Мұнда тағы бір маңызды мәселе бар. Қазақстандағы бакалавриат бағдарламаларының көпшілігі төрт жылға есептеліп, кемінде 240 академиялық кредитті қамтиды. Қарапайым есеппен бұл жылына 60 кредиттен келеді. Ал сол білімді үш жылға сыйдыру үшін оқу жүктемесі де қайта қаралуы керек. Мұнда тағы бір сұрақ туындайды: төрт жылға жоспарланған оқу бағдарламасы үш жылға қалай сыяды? Егер білім көлемі сақталса, студентке түсетін оқу жүктемесі артуы мүмкін. Сондықтан қысқарту тек оқу жылын алып тастаумен шектелмеуі керек. Қай пәнді біріктіруге, қай тақырыпты ықшамдауға және қай бөлігін тәжірибемен алмастыруға болатыны нақты қарастырылуы қажет. Әйтпесе, үш жылдық оқу студент үшін уақыт үнемдеу емес, керісінше, асығыс білім алуға айналуы мүмкін. Сондықтан үш жылдық бакалавриатқа көшу «төртінші курсты алып тастау» дегенмен ғана шектелмеуі тиіс. Оқу бағдарламасындағы қайталанатын пәндерді ықшамдау, мазмұны бір-біріне жақын курстарды біріктіру, ал босайтын уақытты тәжірибеге бағыттау секілді өзгерістер қажет болады.

Осы тұрғыдан алғанда, ­Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Тамыз конференциясында көтерген мәселесі де ойлануға жетелейді. Мемлекет басшысы жаңа формация мамандарын даярлауды орта білімнен бөліп қарауға болмайтынын айта келіп, 18 жасқа толған жасөспірімдердің мектеп партасында отыруының қаншалықты орынды екенін сұрады. Ол балалардың физиологиялық тұрғыдан ертерек жетілетінін ескеріп, бұл мәселені жан-жақты қарастыруды Оқу-ағарту министрлігіне ұсынды. Мұндағы мәселе – баланы мектептен ертерек шығару немесе білім алу мерзімін механикалық түрде қысқарту емес. Негізгі мәселе – білім беру уақытының тиімділігінде. Егер оқушы 17-18 жасқа келгенде мектеп бағдарламасын меңгеріп қана қоймай, белгілі бір кәсіптік бағытқа бейімделіп, өз қабілетін танып, еңбек нарығына қажетті дағдыларды игерсе, онда білім беру жүйесі өз міндетін орындады деуге болады. Ал егер 11 жыл бойы мектепте отырған жасөспірімнің алған білімі нақты өмірге, мамандық таңдау­ға немесе еңбекке араласуға идеялық тұрғыдан жеткілікті мүмкіндік бермесе, ол оқудың қандай пайдасы болғаны мәселе төңірегінде қайта ойлануға тура келеді. Президенттің сауалының астарында да осы мәселе жатыр. Қазіргі заманда білім беру жүйесі баланы тек келесі сыныпқа немесе келесі емтиханға дайындаумен шектелмеуі керек. Ол баланы өмірге, мамандыққа, еңбекке және үздіксіз білім алуға дайындауы қажет. Демек, бүгінгі қоғам үшін «көп оқу» ұғымынан «нәтижелі оқу» ұғымына қарай бет бұру маңызды. Оқу жылының саны емес, сол жылдардың ішінде қалыптасқан білім, дағды, ойлау қабілеті мен кәсіби бағдар – қоғамдық ортада басты өлшем болуы тиіс.

«Білім жолы – сынағы мен қиындығы көп жол. Осы жолда табысқа жетіп, бейнеттің зейнетін көру үшін, ең алдымен, табанды еңбек ету қажет» деп Мемлекет басшысы айтқандай, білім алудың ең дұрыс жолы табанды еңбек, талапты ізденісте. Қазір не оқимын, не үйренем, қандай мамандықты меңгерем десең де мүмкіндік бар. Тіпті, қолыңдағы телефон арқылы мұхиттың арғы жағынан білім аулға да болады. Ендеше, түлектердің де алған білім аясы мектеп немесе жоғары оқу орындарында оқытылған сабақтар көлемінде қалып қоймауы тиіс. Диплом – білім алудың соңы емес, керісінше, өздігінен ізденудің басталғанын білдіретін кезең. Бүгінгі жас маман жаңа ақпаратты өз бетінше іздеп табуға, оны саралап, пайдалысын таңдап, тәжірибеде қолдануға қабілетті болуы керек. Сондықтан қазіргі білім берудің басты нәтижесі – оқушының қанша ақпаратты жаттап алғаны емес, одан әрі өздігінен білім ала алатын деңгейге жетуі. Себебі мектеп пен университет барлық білімді түгел беріп үлгермейді. Ал өмір бойы білімін толықтырып отыруға дағдыланған адам ғана заман талабына ілесе алады. Осы тұрғыдан алғанда, жұмыс берушілердің жас мамандардың біліктілігін емес, алдымен дипломын сұрайтын әдетін де өзгертетін уақыт алыс емес. Өйт­кені еңбек нарығында қағаздағы біліктіліктен гөрі нақты істі атқара алатын, жаңа нәрсені тез меңгеретін, алған білімін тәжірибеде қолдана білетін маманның бағасы артып келеді.

Қымбат САБИТҚЫЗЫ