Сәкеннің патефоны

Сәкеннің патефоны

Музыка – уақыт пен кеңістікті жалғап, өткеннің үнін бүгінге жеткізетін тылсым өнер. Кейде бір әуен тұтас дәуірдің тынысын сездіріп, тарихтың алыста қалған сәттерін санада қайта жаңғыртады. Осындай сырлы сәттерді сезіндіретін музейдегі бұл патефон – музыкалық құрал емес, бір дәуірдің үнін бойына сақтаған, Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылық жолынан сыр шертетін құнды жәдігер.

Бұл – қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғасы, ақын, жазушы, педагог, қоғам және мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллиннің жеке пайдаланған патефоны. Жасанды былғары мен металдан жасалған өндірістік өнім 1930 жылы Ленинград қаласындағы патефон зауытында шығарылған.

1934 жылы Сәкен Сейфуллин Мәс­кеуде өткен Бүкілодақтық Жазушылар одағының съезіне қатысып, жиында сөз сөйлеген. Осы сапары барысында патефон Кеңес Одағы Үкіметінің Сәкен Сейфуллинге берген сыйы ретінде табысталған.

Сол кезеңнен бері талай жыл өтсе де, Сәкеннің өмірімен сабақтасқан бұл құнды жәдігер өз мәнін жоғалтқан жоқ. Бүгінде Астана қаласындағы Сәкен Сейфуллин музейінің төрінен орын алған патефон – өткен дәуірдің тынысын бүгінге жеткізетін тарихи мұра.

Мемориалдық заттар Мемлекеттік Орталық мұражайы қорынан Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің арнайы бұйрық хаты негізінде 2011 жылы Сәкен музейіне берілген.

Ұлтымыздың өшпес алауы, сөнбес шырағындай болған Сәкен Сәдуақас­ұлының ғұмырнамасы – халқымыздың тарихымен сабақтасқан тағылымды шежіре. Оның өмірі мен шығармашылығын зерделеу, мол мұрасын насихаттап, келешек ұрпаққа аманат ету – баршамыздың ортақ парызымыз.

Азамат СЕРІКҰЛЫ,

Сәкен Сейфуллин
музейінің әдіскері