Туған жер туралы сөйлеген сурет

Туған жер туралы сөйлеген сурет

Елорда төрінде «Creative Aimaq» республикалық жобасы аясында Жамбыл облысының «Асқақ рухты Әулиеата» атты көрме-жәрмеңкесі өтті. Мәдени шарада өңірдің өнері мен қолөнері, ұлттық құндылықтары мен тарихи-мәдени мұрасы кеңінен таныстырылды. Жәрмеңке аясында Жамбыл облыстық «AR-AI» жастар газетінің фототілшісі Алтынбек Қартабайдың Жамбыл жерінің табиғаты мен тарихи орындарын бейнелейтін фототуындылары көпшілік назарына ұсынылды.

Фотосуреттер арқылы ол туған өлкенің көпшілік күнделікті көре бермейтін қырларын көрсетуге тырысқан. Бір қарағанда табиғаттың немесе тарихи мекеннің көрінісі болып көрінетін кадрлардың ар жағына үңіле кетсеңіз, онда фотографтың ұзақ ізденісі, сәтті күтуі және сол мекенге деген өзіндік көзқарасы жатқанын байқайсыз. Алтынбек Қартабайдың пайымынша, жақсы кадр ең алдымен адамға бір көргеннен әсер етуі керек.

«Мен үшін жақсы кадрдің ішінде өмір, эмоция және тарих жатуы тиіс. Кейде адамға қарапайым көріністің өзі ерекше әсер қалдырады. Фотографтың міндеті – көпшілік байқамайтын сол сәтті көріп, оны кадр арқылы жеткізу», – дейді ол.

Сондықтан фотограф үшін камераның мүмкіндігі мен адамның шығармашылық түйсігі қатар жүреді. Қазіргі техника бұрын-соңды болмаған мүмкіндіктер ұсынғанымен, оның пікірінше, қымбат камераның өзі фотографтың көзі мен сезімін алмастыра алмайды. Техникалық құрал – ойды жеткізудің жолы ғана. Фототілші түсірілім барысында бір ғана әдіске сүйенбейді. Кей жағдайда алдын ала жоспар құрып, қандай нәтиже шығатынын ойластырып барады. Кейде ең әсерлі суреттер жоспарсыз дүниеге келеді. Әсіресе, табиғат фотографиясында сәтті кадрды дәл уақытында ұстап қалу маңызды. Таңғы жарықты күту, ауа райының өзгерісін бақылау, жарық пен көлеңкенің үйлесімін аңдау – сырт көзге қарапайым көрінгенімен, фотографтан үлкен шыдамдылықты талап етеді. Кейде бір көріністі түсіру үшін белгілі бір жерге бірнеше рет баруға тура келетіні де шындық.

«Кейбір түсірілімге бір оймен барып, мүлде басқа нәтижемен қайтатын кездер болады. Мысалы, белгілі бір жарықты немесе ауа райын күтіп барасың. Бірақ сол сәтте күтпеген бұлт, жарық немесе көлеңке пайда болып, кадрды бастапқы ойыңнан да қызықты етіп жібереді. Табиғатты толық жоспарлау мүмкін емес. Меніңше, фотографияның ең қызықты тұсы да осында», – дейді Алтынбек Қартабай.

Фотографияның құдіреті – бір сәтті ғана тоқтатуда емес, сол сәт арқылы тұтас бір мекеннің, дәуірдің немесе адамның көңіл күйін жеткізе білуінде. Ал жақсы кадрдың ғұмыры оның түсірілген уақытынан әлдеқайда ұзақ болуы мүмкін десек, біздің Алтынбек Қартабай дәл сол болжамды өз фотолары арқылы шындыққа айналдырып келе жатқан өнер иесі деуімізге әбден болады.