Қалалық мәслихаттың әрбір депутаты, ең алдымен, халық өкілі. Қарапайым тұрғындар мен билік арасындағы байланысты нығайта отырып, олар күнделікті өмірде туындаған проблемаларды дер кезінде шешуге белсенді түрде атсалысады.
Менің округімдегі сайлаушылардың саны 50 мыңнан асады. Жұмыс барысында олармен жиі кездесемін. Үнемі байланыста болумен бірге жергілікті жұртшылықтың мәселелерін шешуді ілгерілетуге тырысамын. Осыдан үш жыл бұрын тұрғындар Астанада балалар санының артуымен бірге кейбір мектептерде жүктеменің шамадан тыс екенін айтқан болатын. Содан бері біздің округте екі жаңа мектеп және үш мектептің жанынан қосымша құрылыс салынды. Атап айтсақ, №53, №72 және №91 мектептердегі жүктемелер азайтылды.
Кейбір білім беру мекемелерінде оқушылар саны шамадан тыс көп. Жыл сайын елордаға 100 мыңға жуық адам келеді, ал туу көрсеткіші жылына 25-30 мың баланы құрайды. Сонымен қатар, биыл бірінші сыныпқа 35 мыңға жуық бала барды. Мектепке жапсарлас құрылыс салу жұмыс істеп тұрған білім ошақтарындағы жүктемені азайтуға көмектескенімен, бұл жаңа оқу орындарына деген қажеттілікті толық жоймайды.
Кейде бізге депутаттың құзіретіне кірмейтін әртүрлі өтініштер мен сұрақтар қойылады. Бірақ халық қалаулысы болғаннан кейін оларға кеңес беру, бағыттау – міндетіміз. Тұрғындар көбіне жұмысқа орналасу, мүгедектігі бойынша жәрдемақы, жеке тұрғын үйінің болмауы немесе күнкөріс қаражатының жетіспеушілігі бойынша жүгінеді. Сондай-ақ жолдарды жөндеу, су басқан көшелердің мәселесін шешу, жосықсыз құрылыс салушыларды жауапкершілікке тарту, аулаларды абаттандыру секілді мәселелер де көп. Бұл бағытта біраз шаруалар шешілді. Оның ішінде биыл Алматы ауданының әкімдігімен бірлесіп қаладағы Қ.Сәтбаев көшесі мен Б.Момышұлы даңғылының қиылысындағы тұрғын үйдің алаңы абаттандырылды. Бұл тұрғындардың, депутаттық корпус пен әкімдіктің бірлескен жұмысының нәтижесі болды. Көп ұзамай осы жерде ағаштар мен жасыл аймақтар пайда болды. Жақын арада мұнда шамдар орнатылады. Соңғы үш жыл ішінде округтегі 51 аула жөнделді. Тұрғындарды бірінші кезекте аулаішілік аумақ мәселелері толғандырады. Мәселен, осы жылы Қордай көшесінде жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оңтүстік-шығыс шағын ауданының тұрғындары үшін бұл көптен бері шешімін күткен мәселенің бірі болатын.
Кездесулерде сондай-ақ су мен кәріз тақырыбы жиі қозғалады. Осы үш жыл ішінде жеке қабылдауыма 1363 адам келіп, сайлаушылармен 120-дан астам жиналыс, 65-тен астам азаматтарды жеке қабылдау, тағы 15-і қоғамдық қабылдау бөлмесінде өткізілді. Жазбаша өтініштерге 101 жауап жіберілді. Мәселелердің көпшілігі осындай бетпе-бет жүздесулер кезінде шешіледі, қалғандары бақылауға алынады.
Кейде көршілес екі үй тұрғындарының арасындағы қарапайым тұрмыстық мәселелерді де шешуге тура келеді. Атап айтсақ, Теміржол тұрғын алабында «Қазбек» қосалқы станциясының проблемасы бар, ол қаланың осы бөлігін электр қуатымен қамтамасыз етуі тиіс. Сондай-ақ Нұра ауданында емханалық көмектің қолжетімділігі мәселесі өткір тұр. Үркер тұрғын алабында бір емхана жұмыс істейді, ал жеке медициналық ұйымдар тұрғындары жыл санап өсіп келе жатқан халықтың қажеттілігін толығымен жаба алмайды.
Бұдан өзге жол және қоғамдық көлік, қауіпсіздік, әлеуметтік жобалар бойынша оң шешімін тапқан жұмыстар баршылық. Мұның бәрі – округтің белсенді тұрғындарымен және аудан әкімдігімен тығыз ынтымақтастықта атқарып жатқан жұмыстың бір бөлігі.
Қаланың шеткі аймақтарына әлі де жолдар мен жарық керек. Тұрғын алаптарда медициналық және спорт нысандары жоқтың қасы. Қоғамдық көлік қатынасынан да түйткілдер бар. Ішкіорамдық аумақтарды абаттандыру, көгалдандыру, санитарлық тазалау сияқты мәселелер де біртіндеп шешілуде. Мәслихаттың құрылыс, көлік, ТКШ, экология және бюджеттік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы ретінде қалада қоғамдық көлікті жаңартуға да көңіл бөлініп келе жатқанын атап өтер едім. Мәселен, өткен жылы тек № 1 автобус паркіне 600-ге жуық жаңа автобус сатып алынды. Субсидияларды қаржыландыру жүйесі өзгертілді, бұл жеке тасымалдаушыларға жылжымалы құрамды жаңартуды сенімдірек жоспарлауға мүмкіндік берді.
Ерекше назар аударуды қажет ететін тағы бір бағыт – жолдардың сапасы. Қалада балалардың дамуы үшін оқушылар сарайлары мен дене шынықтыру кешендері сияқты кеңістіктер белсенді дамып келеді. Бұл ретте округ тұрғындарының талабы да сан түрлі. Бір адамдар су мен кәрізді күтсе, ал екіншілері көшелерде бейнебақылау камералар мен жасыл желектің көбірек болғанын қалайды. Біреуге жаңа автобус бағыты, екіншісіне мектеп немесе емхана қажет. Мәслихаттың тұрақты комиссияларының отырыстарына, партия іске асыратын жобаларға және округте өткізілетін іс-шараларға белсене қатысу арқылы біз соның бәрін билікке жеткізіп қана қоймай, тез арада шешілуіне ықпал етеміз. Тұрғындар тілегі ескерусіз қалмайды. Мен округтің әрбір белсенді тұрғынымен жеке таныспын, өйткені сайлау науқандары кезінде біз олармен бағдарламаны дайындау үшін кездесулер өткіздік әрі міндеттерді бірге ақылдасып шештік. Депутат өз халқына неғұрлым жақын болса, тұрғындардың мәселелеріне тереңірек үңілсе, атқарылған жұмыстың әсері соғұрлым жоғары болады деп санаймын.
Владислав СЕРГЕЕВ,
Астана қаласы мәслихатының депутаты